«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Алик ШПЕКБАЕВ: Ақтөбеде цифрландыру бағытында атқарылған жұмыстарды республикаға үлгі ретінде тарату керек

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен  облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған топ Ақтөбе қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Халық үні» жобасы аясында ұйымдастырылған тұрғындармен ашық диалогқа қатысты.

Аталған жобаның жетекшісі және авторы — ҚР Президенті жанындағы ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, адам құқығы жөніндегі сарапшы, «Адал көмек» жобасының жетекшісі, адвокат Айман Омарова. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ақпараттық және қоғамдық даму министрлігі, «Алтын қыран» және «Human Rights Lawyers» қоғамдық қорлары — «Халық үні» жобасының ресми серіктестері. Айман Омарованың айтуынша, бұл жоба халықпен кедергісіз байланыс орнату және азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне сенім артуына ықпал етпек.

— Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасына сай халық пен биліктің арасында  сенімді нығайту мақсатында көптеген шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі — «Халық үні» жобасы. Бұл жоба кең қолдау тауып жатыр. Өңірдегі азаматтық қоғам саяси болмаса елдегі өзге де проблемалар, оның ішінде жемқорлыққа қатысты мәселелерге байланысты өз көзқарастарын тікелей айтады, өте белсенді. Мемлекеттік қызметкерлерге қойып отырған басты талабымыз — халықпен әлеуметтік желілер арқылы және жеке кездесіп, әрдайым байланыста болу. Осындай ашық диалогта басқосуымыз  — бұл бағыттағы жұмыстарымызды жоғары сапаға көтереді деген сенімдемін, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Кездесу барысында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін цифрлық қызметті тұтынудың қолжетімсіздігі мәселе ретінде көтерілді. Сол сияқты тағы бір мүмкіндігі шектеулі жан мүгедектер қолданатын кейбір заттардың сәйкессіздігін сөз етті.

Содан соң қонақтар «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңсесінде болып, «Бизнеске арналған үкімет» жобасымен танысты. Бұл — «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер кешенін және мемлекеттік қолдау шараларын бір жерде ұсыну. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін жергілікті бюджеттен 22,8 млн теңге қарастырылған. Бұдан әрі Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысы мен инвесторлар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы келісімге қол қою рәсімі өткізілді.

Облыстың экономикалық белсенділігін ынталандыру, оның ішінде инвестициялар тартумен айналысатын «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қоржынында бүгінде  жалпы сомасы 124,4 млрд теңге болатын  88 жоба бар.

Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев пен  облыс әкімі Оңдасын Оразалин мұнда  инвесторлар мен кәсіпкерлерге толық консалтингтік қызмет көрсететін фронт-кеңсенің жұмысымен танысты. Аталған корпорация  инвестиция тарту жөніндегі өңірлік оператор ретінде анықталғаны белгілі. Облыс әкімдігінің қолдауымен «Aqtobe HUB» өңірлік даму орталығы да құрылды. «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Имантаев қонақтарды корпорация қызметімен таныстырып, дамудың жаңа моделі жөнінде айтып берді. Мәселен, Ақтөбе өңірінің трансформациясы аясында «Ақтөбе» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы базасында жобалық басқару жүйесі енгізілді. Бұл — жобаларды басқару процесіне қатысушылардың бәріне, яғни жобаға жетекшілік ететін менеджерге, жобаның аяқталуын күтіп отырған клиентке, сонымен бірге жобаның жүзеге асырылуына үлесін қосқан командаға ыңғайлы жүйе. Жобаларды басқару процесінің өзі бірнеше кезеңнен құралған. Ең бастысы —  процестің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етеді әрі жұмыс нәтижесін аз уақыттың ішінде көруге мүмкіндік береді.

Содан соң «Aqtobe HUB» өңірлік даму орталығы» корпоративтік қорының директоры Әнуар Нұртазин басқару жобасына негізделген мемлекеттік жоспарлау жүйесін таныстырды.

Сондай-ақ корпорация алаңында облыстық сандық технологиялар басқармасының басшысы Сергей Беккер сандық шешімдерді енгізу жөніндегі басқарманың қызметі және Ақтөбе облысы аумағында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы айтып берді.

Алик Шпекбаев бастаған жұмыс тобының облысқа жасаған сапары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде зиялы қауым өкілдерімен және Президенттік кадр резервімен кездесу барысында қорытындыланды. Оған дейін   университет ректоры Бауыржан Ердембеков  қонақтарды аталған оқу орнындағы ситуациялық және «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталықтарының, сондай-ақ «Смарт университет» жобасы сияқты жаңа бастамалармен таныстырды.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен кездесу барысында топ мүшелері аймаққа қатысты бірқатар сын-ескертпелер де айтты.

— Бұл — Ақтөбеге үшінші рет келуім. Расын айту керек, облыста қарқынды даму бар.  Ең бастысы — мұнда ынтымақ, бірлік, келісімнің арқасында халықтың тұрмыстық та, табыс жағдайы жылдан-жылға жақсарып жатыр. Облысқа келудегі басты мақсатым — аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды көзбен көру. Есепті мерзім ішінде облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің артқаны байқалады, инфрақұрылымның дамуы жоғары. Әрине, әрбір аймақта кемшіліктер болады. Мұндай проблемалар да айтылуы керек. Жалпы, Ақтөбеде цифрландыру бағытында үлкен шаруалар тындырылған. Бұл жұмыстарды тек аймаққа ғана емес, республикаға үлгі ретінде тарату керек. Ол үшін бұл бағытта атқарылған жұмыстарды 5 минуттық бейнеролик түрінде әзірлеп, өзгелерге көрсеткен дұрыс, — деген А.Шпекбаев қорытынды сөзінде  Хромтау, Қарғалы аудандарында атқарылған жұмыстарға да оң бағасын берді.

Арайлым НҰРБАЕВА, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Нан қалдықтарына контейнер орнатылама?

admin_mugalzhar

ЖАҢАШЫЛ ЖАСТАРДЫҢ КЕШІ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ЕМБІЛІКТЕР ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.