«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАН МЕДИЦИНАСЫНА ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС ҚОСҚАН ЖАН

БҮГІНГІ БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ КСРО ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ ӘСКЕРБЕК ТҰРЫШЕВ — ЕМБІ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ БАС ДӘРІГЕРІ. АУДАН МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ДАМУЫНА СҮБЕЛІ ҮЛЕС ҚОСЫП, АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕ ДӘРІГЕРЛІК АМБУЛАТОРИЯЛАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТТЕРДІҢ АШЫЛУЫНА МҰРЫНДЫҚ БОЛҒАН АРДАГЕР-ДӘРІГЕРМЕН ӘҢГІМЕМІЗ АУДАН МЕДИЦИНАСЫНЫҢ ТАРИХЫ МЕН ДАМУЫ ЖОЛЫ ТУРАСЫНДА ӨРБІДІ.

Ардагер-дәрігер 1938 жылы Алға ауданы Тоқпансай ауылында дүниеге келген. Әкесі Мырзабек Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралмайды. Кішкентайынан жетім қалған Әскербек ата Ақтөбедегі №6 қазақ орта мектебі жанындағы пансион-интернатта тәрбиеленеді. 1957 жылы мектепті бітіріп, сол жылы Ақтөбеде жаңадан ашылған дәрігерлер институтына оқуға түседі. Институтты хирург мамандығы бойынша аяқтаған ол 1963 жылы Жұрын нөмірлік ауруханасында (бұрынғы аудандық аурухана) дәрігер-хирург болып алғаш еңбек жолын бастады.

ЕМБІДІ АУДАНДЫҚ АУРУХАНА АШЫЛДЫ

1966 жылы Жұрын ауданы жабылып, Мұғалжар ауданы құрылады. Ал ауданның орталығы Ембі жұмысшылар поселкі болады. Жаңадан құрылған Мұғалжар ауданының аудандық ауруханасына бас дәрігер болып Әскербек Мырзабекұлы сайланды. Ол ірге тасы енді ғана қаланған аурухананың сол кезеңдердегі қиындықтары мен даму жолындағы естеліктерін сағына еске алады: «Ембідегі фельдшерлік медпункттің орнына дәрігерлік амбулатория ашылды. Басында жұмыс жасау қиын болды. Мен басшылық еткен амбулаторияға Дәрігерлер институтын бітірген 3 дәрігерді жолдамамен жұмысқа қабылдадық. Басында отыратын ғимаратымыз болмай, Мұғалжар экспедициясының бастауыш мектебінің жанынан жер бөлініп, аудандық аурухана үшін жатақхана салынып, хирургия бөлімі ашылды. Бұл біздің алғашқы үлкен қуаныштарымыздың бірі болды. 1968 жылы ауылшаруашылық басқармасы орналасқан ғимаратты біздің ауруханаға берді. Бірақ көлемі кішкентай ғимарат емхана ашуға жарамады. Қасынан қосымша ғимарат үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толық жаңғыртылды. Сөйтіп барлық мамандар отыратын кабинеттер ашылып, аудандық емхана іске қосылды». Емхананың ашылуына өз үлесін қосқан дәрігер Әскербек Мырзабекұлы емхана ішінен 1 бөлмені фельдшерлік жеделжәрдем көрсетуге жасақтап, санитарлық көлік алып, тәулік бойы халыққа қызмет ететін жедел жәрдем жұмысын ұйымдастырды. 1968 жылы аурухана ауласынан облыстық сельстрой бастығының бастамасымен жатақхана салынып, 15 төсектік инфекция бөлімі ашылады. Осы жұмыстармен қоса, орталық жылу қазандығы, кір жуатын ғимарат, 3 көлікке арналған гараж, көкөніс қоймасы іске қосылады. Тағы бір ғимарат тұрғызылып, рентгенкабинет, бухгалтерия, әкімшілік бөлмелер бөлінеді. Осы ғимараттардың бәріне су кіргізіліп, кәріз жүйелері жүргізілген. 1974-1975 жылдары үшінші жатақхана салынып, онда 20 керуеттік балалар бөлімі, сүт асханасы, аудандық орталық аптека, қызылбұрыш бөлмелері ашылды. Осы жасалған жұмыстардың басы-қасында Әскербек Тұрышев болды.

АУРУХАНАЛАР 45 ТӨСЕКТЕН 115 ТӨСЕККЕ ҮЛКЕЙТІЛДІ

Біздің кейіпкеріміз өзі басшылық еткен жылдарда ауылдық жердегі учаскелік ауруханалардың материалдық-техникалық базалары өте нашар болғанын айтады. Қарапайым тұрғын үйлерде орналасқан медицина мекемелері пешпен жылытылып, санитарлық режимді сақтау мен науқас адамдарға жағдай жасау қиынға соққан көрінеді. Оның үстіне дәрігерлер мен орта білімді мамандар да тапшы болған. Мұғалжар ауданы аумағына қарайтын Орқаш, Ембі, Жұрын совхоздарындағы 45 төсектік ауруханаларда дәрігерлер болмаған. Ауруханаларды білікті фельдшерлер басқарған.

— Аудандық аурухананың ұсынысымен денсаулық сақтау саласының жұмыстары бірнеше рет аудандық активте, сессияларда қаралды. Сол кездегі ел басқарып отырған басшылардың қолдауымен совхоз орталықтарында аурухана комплекстері салынды. Орқаш, Ембі, Жұрын совхоздарындағы 15 төсектік ауруханалар 25 төсекке үлкейтілді. Жаңадан Темір совхозында 25 төсектік, КС-13, Қайыңды совхозында типтік жобамен салынған 15 төсектік ауруханалар іске қосылды. Аудан бойынша учаскелік ауруханалар 45 төсектен 115 төсекке үлкейтілді. Жаңажол совхозы, Мұғалжар стансасында дәрігерлік амбулатория ашылды. Барлық ауруханаларда клиникалық лабораториялар ашылып, дәрігерлермен толықтырылды. Ембі әскери гарнизонында аудандық емхананың филиалы ашылып, емхана меңгерушісі болып дәрігер Мария Реснянская тағайындалды. Бұл филиалда терапевт, педиатр, акушер-гинеколог және тіс дәрігерлері халыққа қызмет көрсетті. Ембі қаласында тіс салатын кабинет ашылып, арнайы құралжабдықтар алынып, жоғары білімді стоматолог дәрігер Ермекбай Төлегенов қызмет көрсетті. Аудандық аурухана да 3 жасқа дейінгі балаларға арналған сүт кухнясы ашылып, балаларға арнайы сүт қоспалары дайындалды. 1977 жылы Eмбідегі 100 төсектік темір жол ауруханасымен бірлесіп, аудандық ауруханада 40 төсектік хирургия бөлімшесі, 20 төсектік әйелдер босанатын бөлімше және 15 төсектік инфекция бөлімшелері жасақталды. Ал Теміржол ауруханасында 60 төсектік терапия, 40 төсектік балалар бөлімшелері ашылды. Бұл шешіміміз аудан тұрғындарына жоғарғы дәрежеде жәрдем беруге ұтымды жолдарды ашып берді. Аудандық ауруханада хирургтер саны қосылып, дәрігер-травматолог, анестезиолог мамандармен толықты, — деді зейнеткер-дәрігер. Сол кездерде аудандағы 6 совхоздың 5-де учаскелік аурухана, 1-де дәрігерлік амбулатория болған. Учаскелік ауруханалар терапевт және балалар дәрігерімен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ қосымша тіс емдейтін кабинеттер ашылған. Осы жылдары аудан көлемінде денсаулық саласының негізі толық ұйымдастырылып, қалпына келтірілген.

ҚОЛЫ АЛТЫН ДӘРІГЕРЛЕР

1980 жылы Ембі ауданында жоғары білімді дәрігерлер саны 35-ке, орта білімділер саны 129- ға жеткен. Аудан бойынша 5 қызметкер «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Жұрын нөмірлік ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарған Маржан Умралина Коммунистік партияның Мәскеуде өткен 24-съезінің делегаты болған. Дәрігер-хирург Зинеш Бралов «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер» атағымен марапатталған. Дәрігер-хирург Аманбай Абилов «ҚСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» атанып, Мәскеудегі ВЦСПС-президиумының мүшесі, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты болып сайланған. Әскербек Тұрышев өзі қызмет атқарған жылдары халық саулығы үшін өлшеусіз үлес қосқан дәрігер әріптестерінің еңбегінің зор екенін айтады. Дәрігерлер жетіспейтін ауылдық жерлерде тәжірибесі мол фельдшерлер жұмыс істеп, басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындарына дәрігерлерден де кем көмек көрсетпегенін жеткізді. Халық саулығы үшін тер төккен дәрігерлерге үкімет тарапынан барлық жағдайлар жасалып, жатақханалар мен пәтерлер бөлініп, білімін жетілдіруге оқуларға жіберіліп, категориялар алуларына ерекше көңіл бөлінген.

— Мұғалжар аудандық ауруханасында қызмет істеп, бүкіл аудан халқына жоғарғы дәрежелі дәрігерлік қызмет пен көмек көрсеткен, қарапайым халықтың алғысына бөленген, денсаулық сақтау басқармасының мақтау грамоталарымен марапатталған дәрігерлер көп болды. Ұзақ жыл бұрынғы Мұғалжар ауданының медицина саласында тынымсыз еңбек етіп, үлкен абыройға бөленген Светлана Бекенбаева, Махмұт Алпысбаев, Қаби Кұрманбаев, Владимир Самаров, Зоя Сарқұлова, Гүлжамал Тлегенова-Салықбаева, Гүлсім Берниязова, Абдулхаким Жұбаназаров, Несібелі Тұрышева, Даража Бекниязова, Зейнетолла Алимағанбетов, Бақыт Бралова, Лиза Құрманбаева, Зинеш Бралов, Аманбай Абилов, Айсұлтан Құрманбаев, Рахметолла Нұрбаев, Дармен Жылқыаманов, Аулиехан Игисенов, Надежда Самохина, Светлана Бекенбаева, Фируза Бакиева, Қаншайым Абилова, Сауле Ергалиева, Самиға Сулейменова Қаби Құрманбаев, Гүлзада Жоламанова, Байдрахман Тоғызбаев, Лариса Чернявская-Исаева, Нағымет Дәрімбетов, Галина Слива, Зоя Полтинникова, Надежда Брагина, Минут Төлебаева, Клавдия Бодрая, Ақлима Куандыкова, Любовь Горобец, Анна Кафтанатьева, Қарлығаш Қоразбекова, Збира Сейдуллаева сынды дәрігерардагерлердің еңбектерін атап өтпеске болмас. Қолы алтын дәрігерлердің атқарған қызметтері әлі де елдің жадында деп ойлаймын, — деді Әскербек Мырзабекұлы. Әріптестерінің есімін жіпке тізіп атаған Әскербек ата: «Осы қысқа өмірде бағасы жоқ сыйластыққа не жетсін, 1966-1986 жылдардағы Мұғалжар ауданында халыққа қызмет істеген жолдастарымызбен өмір жолында да бірге келеміз. Жасымыз зейнет жасына жетіп, балаларымыз бен немерелеріміздің қызығын көріп отырмыз. Ішінде өмірден озғандары да бар. Бүгінгі таңда ауданда медицина саласында қызмет атқарып жатқан жас әріптестеріме сәттілік тілеймін», — деп сөзін аяқтады. Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АУДАН ӘКІМІНІҢ КЕЗДЕСУІ АҚСУ АУЫЛЫНДА ЖАЛҒАСТЫ

admin_mugalzhar

120 МҰҒАЛЖАРЛЫҚҚА ГРАНТ БӨЛІНБЕК

admin_mugalzhar

Қазақстанда пойыз билеттері қымбаттайды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.