«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК — ЕРТЕҢГІ ҮЛКЕН КҮДІК

ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ МӘЛІМЕТІ БОЙЫНША, ӘЛЕМДЕ ЖЫЛ САЙЫН 16 МИЛЛИОН КӘМЕЛЕТКЕ ЖЕТПЕГЕН ҚЫЗ ЖҮКТІ БОЛАДЫ ЕКЕН. АЛ СОНЫҢ 3 МИЛЛИОНЫ ЖАСАНДЫ ТҮСІК ЖАСАТАТЫН КӨРІНЕДІ. БҮГІНДЕ БҰЛ ТІЗІМДІ ҚАРАКӨЗ ҚЫЗДАРЫМЫЗ ДА ТОЛЫҚТЫРЫП ОТЫР. «ОЙНАП ЖҮРІП ОТ БАСТЫ…» ДЕЙДІ ҚАЗАҚ БҰНДАЙ ЖАҒДАЙДА. БҰРЫН СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ЕРТЕ ЖҮКТІЛІК ТАҚЫРЫБЫ БҮГІНДЕ ЕЛІМІЗДЕ ЕЛЕУЛІ МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛЫП ОТЫР.

Жыл жаңа басталса да, ауданда кәмелеттік жасқа толмаған 2 қыздың жүкті болу оқиғасы тіркеліп үлгерген. Бұл — ресми дерек. «Ұят» деген пердені жауып қойып, жасырып-жапсырып, жүктілікті үзу үшін жеке клиникалардың есігін қағып, жасанды түсік жасататындар саны белгісіз… Жаңа туған шаранасын аяусыз әр жерге тастап кетіп жатқан «көкек» аналар да азаймай тұр. Айтуға ауыз бармайтын бұндай трагедиялардың бастауы отбасында дұрыс берілмеген тәрбиеден бе, әлде қоғамның әсері, ортаның қолтаңбасы ма?.. Бүгінгі күннің «тәрбие құралына» айналған батыстық тәрбие де баламыздың санасын улап, қызымыздың қылығын қашырғандай… Ал ақылдың діңгегі саналатын кейбір ақ жаулықты әжелеріміз көгілдір жәшікке телміріп, саны көп, сапасы жоқ бағдарламаларға сағаттап үңіліп, бала тәрбиесінде басты рөл атқаратын аналарымыздың дені әлеуметтік желіге тәуелді болып, «қызын қырық үйден тыйған» қазақы тәрбиені ұмыт қалдырғандай… Жасөспірімдер арасындағы ерте жүктілік бойынша осы жылы тіркелген екі деректің біреуі Қандыағаш қаласында болса, екіншісі Ембі қаласында. Бүгінде кәмелеттік жасқа толмаған екі бойжеткен де тұрмыс құрып, некеге отырған. Аудандық аурухананың дәрігер-терапевті Светлана Инисова дәрігерлер мен психологтардың қатысуымен аудан аумағындағы мектептерді аралап, жасөспірім қыздардың арасында түрлі тақырыпта тәрбиелік сағаттардың жиі ұйымдастырылып тұратынын айтады.

— Біз семинар-тренигтер өткізіп, қыздармен ашық түрде сөйлесеміз. Медицинада ерте жүктіліктің қауіпті екенін айтамыз. Біреу біреуге ақыл айтып, жөн сілтейтін заман келмеске кетті ғой. Дегенмен оларға кеңес беру біздің міндетіміз. Жастықтың дәмін татпай жатып, зәрін тартатын қыздарымыз көбейіп барады. Аруларымыз жеңіл ойлауының кесірінен сан соғып жатыр. Бұл жерде айтарым, ең бастысы, аналардың қыздарға беретін тәрбиесі жеткіліксіз болып отыр. Қыздар аналарымен ашық әңгіме айта алмайды, — дейді дәрігер Светлана Инисова.

Ембі аудандық ауруханасының мамандары жасөспірімдер арасында жүктілік және түсіктің алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аймақтық дәрігерлермен бірлесе отырып, Ембі аумағындағы мектеп оқушылары арасында семинар сабақтарын өткізіп отырады. Бұл туралы Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев айтты.

— Қыз бала 16 жаста физиологиялық тұрғыда жетілуі мүмкін. Бірақ ол бұл жаста санасезімі тұрғысынан алып қарағанда әлі бала. Сондықтан қыздарымыз бұл жаста жүкті болып, ана атанып, шаңырақ көтеруге емес, білім алуға, сана-сезімін, ойын жетілдіруге тырысқаны абзал. Бүгінде 15- 16 жастағы қыздар арасында жүктілік тіркелуде. Ерте жүктілік олар үшін өте қауіпті. Бұл тұрғыдан түрлі кездесулер өтіп жатса да, ешқандай нәтиже болмай тұр. Сондықтан отбасында қыздарға берілетін тәрбиенің орны ерекше екенін айтқым келеді. Тіпті 18 жасқа толмаған қыздардың арасындағы босанушылықты жас босанушылар категориясына қосуға болады. Олардың қандай жағдайда дүниеге сәби әкеліп жатқаны айтпаса да түсінікті. Босанушы жасөспірімдер психологиялық тұрғыдан үлкен зардап шегеді. Олар әлі бала. Дені сау ұрпақты дүниеге әкелуге қаншама күтім мен дайындық қажет. Ал түсік жасату инфекциялық асқынуға, жатыр мойнының асқынуына, бедеулікке, етеккір циклының бұзылуына, күрделі гормональды бұзылуға алып келеді, — дейді аудандық аурухананың гинекологдәрігері Дина Сағынов. Ауданда тіркелген жүкті бір қыздың жасы небәрі 16-да. Бүгінде екі жақты келісім бойынша жоралғылар жасалып, некеге тұрған. «Қазақстанда некелесу жасы 18 жастан емес пе?» деп ойлап отырған боларсыз. Заң бойынша біздің елде некелесу жасы — 18 жас. Бірақ қыздың аяғы ауырлап, немесе тағы да сол сияқты маңызды себеп болса, некелесу жасы 2 жасқа төмендетiледi екен. Яғни 16 жаста некелесуге рұқсат беріледі. Ал еліміздің статистикасы еліміздегі ерте некелесудің үштен бірі сәтсіз болатынын көрсетеді. Бүгінде бес қыз тәрбиелеп, қыздарын құтты орындарына қондырған Қандыағаш қаласының тұрғыны Шара апай қыз тәрбиесіндегі кеткенкішкенеқателікүлкенөкінішке алып келетінін айтады.

— Отбасын құрғаннан кейін үй тауқыметінің барлық ауыртпалығы жас тұрмысқа шыққан қыздың мойнына артылады. Оның үстіне бала көтерген болса. Оң-солын әлі ажыратпаған қыз үшін ерте тұрмыс құру білім алудан қол үзу деген сөз. Жас күйеуі де балалықтан толық арылмағандықтан әкелік парызын атқаруға дайын емес. Мұндай отбасылардың ғұмыры ұзаққа бара бермейді. Ал ажырасқан жағдайда білім алмаған, оның үстіне баласы бар жастардың қоғамнан өз орнын табуы қиынға соқпақ, — деді ол. Кәмелет жасқа жетпеген қыздардыңжүктілігі тек денсаулығына зиянын тигізіп қоймай, психологиялық түрлі дерттерге шалдықтырады дейді мамандар.

— Ерте жүктілік қыздардың психологиясына кері әсер етеді. Өздерінің балалығымен қоштаса алмай, ендігі ересек өмірге үйренісе алмай, бей-жай күйде жүреді. Ерте жастағы жүктілік депрессия, неврастения, созылмалы шизофренияжәнеашықтүрлішизофренияға шалдықтырып жатады. Ерте босанған қыздар босанудан кейінгі күйзеліске ұшырап, толғақ кезіндегі қиындықтарды көтере алмайды. Екінші мәрте ана болудықаламайтындары да кездеседі. Себебі олардың психологиясы әлі балалықтан шықпаған, — дейді аудандық ауруханының психологі ПеризатАйтпағанбет.

P.S. Бүгінгі бойжеткен қыз — ертеңгі болашақ ана. Бір отбасының ғана емес, бүтін бір ұлттың ұлт болып қалыптасуына әсер ететін маңызды тұлға. Демек бүгінгі қыз-келіншектердің, яғни біздің қолымызда бүкіл бір ұлттың тағдыры мен болашағы тұр деген сөз. Ибалы да инабатты, тәртіпті де тәрбиелі қыз өсіру арқылы ұлтымыздың болашақ ұрпағын тәрбиелеп отырғанымызды естен шығармайық. Анасы мен қызы, жеңгесі мен қайын сіңлісі арасындағы ара қатынасты дамытып, үйдегі «қонақ қыздың» айтарына құлақ түріп, жүзіне зер салсақ, «от басқандардың» қатарын азайтармыз, бәлкім…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Дәрігер асқазан ауруларының алдын алатын 7 өнімді атады

admin_mugalzhar

ЕЛІМІЗДЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН ИНФЛЯЦИЯ 15%-КЕ ЖЕТУІ МҮМКІН

admin_mugalzhar

МАҚСАТ — ТҮЛЕКТЕРДІ ҚЫЗМЕТКЕ ТАРТУ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.