БҰЛ ШАҢЫРАҚТЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ СОЛ — ТӨРТ КЕЛІН ДЕ БІР ҮЙДЕ ТҰРАДЫ. ШАҢЫРАҚТЫҢ КЕШЕГІ ҮЛКЕН КЕЛІНІ, БҮГІНДЕ ӘУЛЕТ АНАСЫ БАЛАСЫ МЕН НЕМЕРЕЛЕРІНІҢ КЕЛІНШЕКТЕРІНІҢ ҚОЛЫНАН ШӘЙ ІШІП ОТЫРҒАН ЖАЙЫ БАР. АТА ДӘСТҮРДІ ШАШАУЫН ШЫҒАРМАЙ САҚТАП, СЫЙЫ МЕН СӨЗІ ЖАРАСҚАН БҰЛ ОТБАСЫ ҚАЗАҚЫЛЫҚТЫҢ ҚАЙМАҒЫ БҰЗЫЛМАҒАН БАТПАҚКӨЛ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ ЖАҒАБҰЛАҚ АУЫЛЫНДА ТҰРАДЫ.
Жағасына жағалай бұлақ біткен Жағабұлақ ауылының тұрғындары осы отбасын өте жақсы біледі. Әсіресе, жасы 90-нан асқан Тәрбия әжейдің немереге деген махаббатын жыр қылып айтады ауылдықтар. Үзілісте немересіне тамақ тасып, қыстың ақтүтек боранында сабаққа әкеліп, алып кететін қарт анаға шөпшегінің қолынан су ішу екі рет бұйырған. — Әр күніме Аллаға тәуба деймін. Осындай шаққа жеткен де бар, жетпеген де бар. Ұрпағым аман болсын дегеннен артық арман тілегім жоқ. Жолдасым Ықсан Көшеков деген азамат еді. 1928 жылы дүниеге келген. Әкесінен ерте қалған азаматым 9 жасынан бастап қой бағып, 1947 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алып, алтын жұлдызбен марапатталды. Өзім 1930 жылы Кенқияқ ауылында дүниеге келдім. Кейін 1950-ші жылдары отау құрып, Құлақши деген өрісті жерде мал бағып, еңбекпен айналыстық. 6 бала тәрбиелеп өсірдік. Содан кейін Жағабұлақ ауылына қоныс аударып, балаларымызды мектепке жіберіп, оқытып, шаңырақ көтеремін дегендеріне өз отауын тігіп, ата-аналық борышымызды абыроймен атқара білдік. Жолдасым балаларына үнемі ақыл-кеңесін айтып, ер баланың тәрбиесіне аса көңіл бөлетін. Ұрпағының саналы да салиқалы болуы ол үшін маңызды еді. Кіші баламыз — Еркін отау көтергенде «шаңырақ ұстар кенжеміз» деп өз қолымызда қалдыруды ұйғардық. Ақ босағаға Айнагүл келінім келіп, ұрпағымды кеңге жая білді. Қазір өзі де әже атанып отыр, — деген Тәрбие әже сөз тізгінін келініне берді.
— «Ұлы бардың — ұрпағы бар» деген дана сөз бар ғой қазақта. Қос ұлымнан немере, қос қызғалдағымнан жиен көріп отырған жас әжелер қатарындамын. Осы шаңыраққа келін болып түскеніме 30 жылдан асты. Осы жылдар ішінде тамыры тереңге бойлар ағаш еккенімізге дән ризамыз. Енемнің қолында тұрып, өзім екі келін түсірдім. Бәріміз бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп, қайғысыз қара су ішіп отырғанымызға Аллаға шүкір. Немеренің тәтті қылықтары ауру жеріңді ұмыттырып, өзінің әлеміне алып кететін сыйқыры бар екенін көріп келеміз. Енемнің балаға деген махаббаты ерекше. Оны ауылдастарымыз да мойындайды. Себебі біздің көше, үйіміз ауыл мектебінен тым қашықта орналасқан Қыстың боранында балаларды өзі мектепке тасып одан қалды тамағын арқалап жүретінін ел біледі. Жасы біразға жетсе де ешкімге жүк салғысы келмейтін қайсар жан. Осы кісінің жолын берсе екен деп тілейміз. Ортадағы анамыз бүгінде 6 ұрпағынан 16 немере, 21 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр, — деген Айнагүл апа 39 жасында ене, 40 жасында әже болыпты. «Келіндерім — құтым» деп қарайтын бұл шаңырақтың тәртіп үлгісін көрдік мұнда. Айнагүл апа ишарамен сөздің кезегін өзінің тұңғыш баласының келіншегі Дианаға берді. Әдепті сақтаған келін де енесінің сөзін жалғай түсіп: — Әрине, өзге ортаға, өзге отбасына бірден сіңісе кету оңайға соқпайтыны анық қой. Жалпы келін атаулыға ол отбасының әрбір мүшесімен — қайын ене, қайын ата, қайын сіңлі, қайын інілерімен тіл табысып, бір мәмілеге келу — үлкен сын, қала берді, жауапты жүк. Тұрмыс құрғалы жүргенімде қос ана ұйытқы болып отырған шаңыраққа түсетінімді ойлағанымда, сәл қобалжығаным рас. Алайда, көзбен көріп, ақыл-кеңестерін тыңдағаннан кейін, қобалжуым бекер екенін түсіндім. Бізде дастархан басындағы әдеп те ерекше. Қолымыздан шай ішкен үйдің үлкендері үнемі батасын беріп, тілеуімізді тілеп отырады. Қазіргі таңда 2 баланың анасы, білім ордасындағы ұстазбын. Бос уақытымда тәттілерге тапсырыс қабылдаймын. Менен кейінгі шаңыраққа түскен келінім — Айдана. Отау құрғандарына 1 жылдан асты. Жақында тұңғышты болып, отбасымызды тағы бір қуанышқа бөледі. Келінім де еңбекқор жан, бір-бірімізге демеу болып, үлгермесек біріміздің шаруамызды екіншіміз ала кетіп, үйдің тыныштығы мен татулығы жолында қызмет етіп келеміз,- деді шаңырақтағы кіші келінге күлімсірей қараған Диана. Үлкен әжейдің қылықтарына тамсанып қарайтын келіндер қызықты оқиғаларын айтып бөлісті.
— Тұңғышымды дүниеге әкелгенде, әжеміз өзі керекті заттарымды дүкеннен әкеліп, асты-үстіме түсетін. Мақтанғаным емес, кіші немересі — Ералхан мен мені ерекше жақсы көріп, іздеп отырады. Көзінен таса болсақ, «Ехли, Даком қайда?» деп бәйек қағады. Оған үйдегілер ренжіп, қызғанышпен қарайтыны бар. Үйде 3 шөбересі бар ғой. Қолында өскесін оларды ыстық көреді. Сырттағы немере, шөберелері келсе, үйдегі ойыншықтарды тығып тастайтыны тағы бар. Сондағысы сынып қалады дегені ғой. Үйде мен болмасам, бөлмеме ешкімді кіргізбей, күзетіп отырады. Ас бөлмеде жүрсек, қасымызға келіп, ақылын айтып, айналып-толғанып, «тәтті алып жей ғой, айналайын» деп, қалтамызды тиындарымен толтырып жүреді. Одан қалды, көңілімізді көтергісі кеп, жанымыздағы бір затты алып кетеді де үндемей тығып қояды. Содан кейін сұрасаң, көрмеген адамдай бейне танытып, артынан, «іздеп жүргенің осы ма еді?» деп әкеп тұрып, күліп жіберетіні бар, — деп әр қылығын қызықтап айтып отырған келінінің сөзінен әулеттің үлкеніне деген құрметті көрдік. Тәрбие әже денсаулығының жақсылығын салауатты өмір салтын ұстанумен байланыстырады. Жас кезінде ат үстінде жүрген кейуананың әлі де атқа мінер қауһары бар. Ал сұлу болудың сыры қымбат жақпа майлардың арқасы емес екенін айтады кейуана.
— Менің бәріне айтатыным, ақша жұмсап қымбат бояу, жақпа майларды алудың еш пайдасы жоқ. Күніне 1-2 сағат жаяу жүріп, таза ауа жұтып, балаларға арналған жақпа майды аяқ-қолыңа молынан жағып қою керек. Сонда ол сіңімді болып, сүйектердің шықпауына, тасымауына көп көмектеседі, — дейді. Шынымен-ақ 90-нан ассада әжелерінің «буыным ауырды, балтырым сыздады» дегенін естімейтінін, сол себепті өздерінің ауырып тұрған жері мазалайтынын айтуға ұялатынын жасырмады келіндері. — «Есті келін — енеден» деген бар. Бір үйдің тауқыметін бір келіннің міндетіне аса салу дегенге келіспеймін. Отбасы болғаннан кейін бір-біріне деген демеу, қолдау қатар жүруі керек. Жасым 90-нан асса да ұсақ-түйекті істей салу мен үшін жұмыс емес. Денім сау, қайратым жақсы кезде неге басқаға салмақ салуым керек?! Кейбір енелерге айтарым, келінді келсап қылатын да нағыз келін қылатында — ене. Мен жоғарыдағы сөзімді бекер айтпадым. Ерке, шала қыздан есті келінге айналса — ененің жақсы екенін көрсетеді. Ал керісінше болса, ол сіздің қателігіңіз. Сондықтан балаңныңжарын балаңдай қабыл етсең — бақыт та, береке де сізде болады, — деді сөз соңында Тәрбия әже.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ