«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫНА АЙНАЛҒАН ҰСТАЗ

 

Шаңырағының ғана емес, елдің ықыласына бөленіп жүрген әйел адамдар өңірімізде аз емес. Біз сөз еткелі отырған аудандық мәслихаттың депутаты Гүлзада Жұмабаева – мұқтаж жандарға көмекқолын созуды парызым деп біледі. Бүгінде негізгі қызметімен бірге депутаттық міндетті қоса атқарып жүрген нәзік жан «қызметтік өсуім – еңбектің арқасы» дейді.

Өзінің өмірбаянын, балалық шағын ерекше әсермен еске алған ол, тілдесу барысында сол сәттерге қайта оралғандай күй кешіп отырғанын жеткізді.

— Алдымен көктемнің алғашқы күнімен баршаңызды құттықтағым келеді. Еліме, жұртыма амандық, денсаулық тілеймін. Шыны керек, депутаттық қызметте жүрген соң, халыққа етене жақын болады екенсің. Бұрын біз естімеген, көрмеген сан түрлі мәселелердің аясында жүру тым бөлек. Жалпы өзім білім саласында қызмет етіп келемін. Негізгі мамандығым — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Педагог мамандығын бітірсем де, еңбек жолында түрлі жұмыстарды да атқара жүрдім. Мәселен, хатшы, есеп жүргізуші, экономист сияқты қызметтерден көрініп, қоғамдық шаралардан қалмауға тырыстым. 2012 жылы Мұғалжар аудандық мәслихаты депутаттарын сайлау нәтижесінде V шақырылымында депутаттыққа сайланған Гүлзада Қанаткерейқызы қатарынан 2016 жылғы VI шақырылым мен ағымдағы жылдың VII шақырылымында да депутат болды. 1972 жылы Құмсай өңірінде дүниеге келген ол бала кезінен ұстаз болуды армандапты.

-Кішкентай кезімде мұғалім боламын деп, көшеде ойын қуып жүрген балаларды қасыма жинап алып, «сабақ беретінмін». Кейін осы арман жетегінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша оқу бітірдім. Еңбек жолымды Құмсай ауылындағы «Айгөлек» балабақшасында саз жетекшісі болып бастап, Құмжарған негізгі мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, кейін Жем қаласы №5 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еттім. 2009 жылдан бастап Жем қаласында «Балбөбек» балабақшасы МКҚК-ның меңгерушісі қызметін атқарып, 2012 жылдан бастап депутаттыққа сайландым. Аудандық «Нұр Отан» партиясы фракциясының жетекшісі, аудандық іскер әйелдер клубының, аудандық қоғамдық Кеңестің, Ембі қаласы бойынша аналар Кеңестерінің мүшесі қызметтерін қоса алып жүрдім. Кешегі өткен күндерге қарасам, біраз жол өтіппін. Айтадығой, «көп шаптым, бірақ ұзақ шаптым» деп. Жүйрік шапқан сайын шымырлана түсетініне көзім жетті. Жанымдағылардан жылы сөз естудің өзі маған жеткілікті. Барынша көмек қолын созып, жастарды қолдауға тырысамын. Өзім білім саласында қызмет еткеннен кейін, осы саланың дамуы мен өсуіне шын жанашырмын, — деді депутат Гүлзада Жұмабаева. Халық артқан сенімді арқалаған әйел депутат «жауапкершілік жүгін түсінген әр адам «елім, жерім» деген сөздің қадірін білуі керек» деп санайды. Өзі де осы үміттің үдесінен шығу жолында еңбектеніп жүр.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Ақкүміс СҮЙЕУОВА: БАЛАНЫҢ ӨМІРГЕ КЕЛУ СӘТІ – ЕРЕКШЕ ҚҰБЫЛЫС!

admin_mugalzhar

ЕГЕМЕН ЕЛМЕН ЕСЕЙГЕН ҰСТАЗДАР

admin_mugalzhar

Баянды бастамалар жылы – Берік Уәлимен сұхбат

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.