«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БІР ҮЙДІҢ ТОҒЫЗ ҚЫЗЫ

Сезім, Аружан, Махаббат, Әмина, Дильназ, Еркеназ, Аяла, Аруна және Ұлдана — бір үйдің қыздары. Қандыағаштық Абтиевтер отбасы қыздарын гүлдей аялап, балапандай мәпелеп, көздің қарашығындай қорғап келеді. Бүгінгі қыз-келіншектердің мерекесіне арналған нөмірге кейіпкер іздеген біз тоғыз қызы бар осы отбасын арнайы іздеп бардық.

Үйге кіргенім сол еді, жылы шыраймен қарсы алған отанасы қонақжайлығын көрсетіп, төрге шақырды. Төр бөлмеде 5-6 қыз бір-бірінің шаштарын өріп отыр екен. Мені көре сала бірден амандасып, бөлмелеріне тып-тыныш тарқай кетті. Әр отбасының өз тарихы, өмірі, оқиғасы болады. Бұл шаңырақтың да өз айтары бар. Басынан бастасақ… Тағдырдың жазуы сол болар, қандыағаштық Талғат Абтиевтің алғашқы некелі жары 30 жасында өмірден өтіп, 5 қызымен, оның ішінде жаңа өмірге келген егіз қыздарымен жалғыз қалады. Содан арада жыл өткеннен кейін вахталық жұмыста жүріп, бір қыздың анасы Мақпал есімді келіншекпен танысады. Өзіне жар, қыздарына ана іздеген жалғызбасты әке 2018 жылы Мақпалмен отбасын құрады.

Мен өзім Алматы облысы, Алакөл ауданының қызымын. Оқудан кейін туған жерімде еңбек жолымды бастап, тәрбиеші болып жұмыс жасадым. Алайда алатын жалақым мардымсыз болғандықтан «Теңізшевройл» компаниясына жұмысқа орналастым. Сол жерде қазіргі екі қайын апамда қызметте еді, сол кісілер арқылы жолдасыммен таныстым. 2018 жылы отау құрдық. Содан бері үш перзентіміз өмірге келіп, бүгінгі таңда тоғыз қыздың ата-анасы болып отырған жайымыз бар, олардың арасында екі егіз қызымыз да бар, — деді Мақпал Абтиева.

Қыз баланың тәрбиесінде ананың орны ерекше екені ақиқат. Қыз баланың бойына ар-ұят, ибалық, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсетуді, мейірімділік қасиеттерін сіңіретін де анасы. Сол міндеттерді Мақпал мүлтіксіз орындап келеді. Бүгінде қыздарының алды 16, кішісі бір жастан асты.

Қыздарым ақылды, айтқанымды тыңдайды. Үнемі сырларымен бөлісіп отырды, мен аналық ақылымды айтудан шаршамаймын Барлығыңа бірдей қарап, ешкімге ренжітуге жол бермеймін, олар да біздерге ешқандай жаман ат келтірген емес, — дейді ол.

Бүгінде көпбалалы келіншек қыздарын тәрбиелеп, отағасының тапқанын үйлестіріп, балаларын ешкімнен кем қылмай, отбасының түтінін түзеу шығарып отыр. Кішкентайы бір жасқа толғаннан кейін жұмысқа қосылу ойы болғанымен, кейін жолдасы екеуінің шешімімен ол ойдан бас тартыпты. Оның да өз себебі бар.

Осыдан екі жыл бұрын үйіміз түгелдей өртеніп кетті. Содан кейін балаларымызды мүлде жалғыз тастамаймыз. Өзіңіз көріп отырғандай, қыздарым кішкентай, қайда барсақ та ертіп жүретін болдық. Бізге балаларымыздың амандығы маңызды — дейді көпбалалы ана.

«Қызы бар үйдің — қызығы бар» дейді қазақ. Ол үйдің ауасы да, тәрбиесі де, тірлігі де басқаша болатындай… Мейірім мен жылылыққа толы шаңырақ бізге осыны тағы бір дәлелдегендей болды…

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ӨШПЕНДІЛІК СОҢЫ — ӨКІНІШ

admin_mugalzhar

БӨГЕТТЕРІН БЕКІТКЕН АУЫЛДАСТАР

admin_mugalzhar

ТАХИР АТАНЫҢ БАТАСЫ – ОБЛЫСТА БІРІНШІ!

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.