Стендтік модельдеу — көп адам біле бермейтін техникалық шығармашылық. Тіпті біздің өңірде әлі қолға алынбаған қолөнер деуге болады. Ерекше өнерді өзіне серік еткен қандыағаштық Асылан Балғазин белгілі бір заттардың масштабын кішірейтіп, айнытпай көшірмесін жасаудың хас шебері.
Бұл өнер түрі белгілі бір заттың немесе бейненің көрінісін көшірме арқылы дәл көрсетуімен ерекшеленіп қана қоймай, үлкен шеберлік пен ұсталықты, аса шыдамдылық пен төзімділікті талап етеді. Қолға ұстауға келмейтін кішкене бөлшектерді белгілі бір қалыпқа келтіріп, бірбіріне қабыстырып, үйлестіру тек шын шебердің қолынан келетіні сөзсіз. Осындай қиын да, қызықты істі сүйікті ісіне айналдырған Асылан оқушы кезінен сурет салуға құмар болып өседі. Ер жете келе архитектор болуды армандайды. Алайда өмір ағыны оны шығармашылық ауылынан алыстатып, шимайы көп сандардың мекені есепшілік қызметке алып келген. Бүгінде ол мұнай мекемелерінің бірінде вахталық әдіспен есепші болып жұмыс жасайды.
— Осыдан бірнеше жыл бұрын бір «Собери свой парусник» деген журналды көзім шалды. Алып оқып, қатты қызықтым. Журналда кемені құрастыру жолдары көрсетілген сызбалар бар болатын. Ол кезде журналдың бір нөмірінің бағасы 1000 теңге тұрады. Кемені толықтай құрастырып шығу үшін аталған журналдың 100 нөмірін алу керек болатын. Басылым аптасына бір мәрте шығады. Алайда менде ондай ақша болмағаннан кейін, ғаламторға жүгініп, сызбаларды іздей бастадым. Өзім іздеген сызбаларды тауып, кемелерді модельдеу, яғни судомоделизм өнерін қолға алдым, — дейді Аслан Кәдіржанұлы.
Судомоделизм бойынша белгілі бір кеменің моделі ең кішкентай бөлшектерде жасалады. Сонымен қатар ол түпнұсқаның толық көшірмесі болып табылады. Модель жасау кезінде ең кішкентай бөлшектерді де ескеріп, олардың бояу реңкіне дейін сәйкес келуі керектігін айтқан шебер: «Модельдердің әрқайсысының бірнеше ерекше параметрлері болады. Ең маңыздыларының бірі — масштаб. Ол әдетте осы кеменің өлшемдерінің оның кішірейтілген көшірмесімен арақатынасы ретінде көрсетіледі. Басқаша айтқанда, масштаб — бұл модельдің өлшемі. Мектеп бітіргенімізге 20 жыл болғанда, «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында ауыл орталығына саябақ тұрғызған болатынбыз. Сол саябақтың шамамен 1:40 нұсқадағы масштабы болатындай макет дайындадым. Бұл өлшем саябақтың 40 есе кішкентай түрі деген сөз. Оны сый ретінде ауыл әкімдігіне табыстадым», — дейді.
Стендтік модельдеуде әдетте арнайы пластик, шайыр, картон, металл, ағаш секілді қымбат сұрыпты материалдар қолданылады. Ал біздің кейіпкеріміз Асылан қолда бар материалдарды қолданып, мәселен, кеме дайындау үшін жемістерден босаған жәшіктердің ағаштарын пайдаға асырады. Асыланның жасаған дүниелерін көріп, үлкен кемені қолыңа ұстап тұрғандай, бейне бір кеме құрылысы алақаныңда тұрғандай сезімде боласың. Сонымен қатар, қағаз, картон, гипс секілді материалдарды кәдеге жаратып, түрлі заттардың көріністерін дайындайды. Асылан Балғазин судомоделизм өнерін қолға алған сәтте басты құралының кеңсе пышағы болғанын айтады. Кейін арнайы аралардың бар екенін біледі. Сөйтіп қажетті қол құралдарын сатып алған. Бұл туындыларды дайындауға оңтайланған электрлі құралдар да бар көрінеді. Алайда бағасы тым қымбат. Шебер көпқабатты үйде тұрғаннан кейін де жасаған туындылары мен қажетті құрал-саймандарын қоятын жердің де жоқ екенін айтады.
— Судомоделизм өнері қазақта көп дамымаған. Өзінің атауы да, қосалқы бөлшектерінің аталуы да ерекше. Мысалы руслени, вант-путенсы, выбленки, юферсы, т.б. деп аталады. Вахталық әдіспен жұмыс жасағанның бір пайдасы демалыс уақытымның көп бөлігін сүйікті ісіме жұмсаймын. Ғаламторды шарлап, сызбаға қарап, ағаш жонып, бір-біріне желімдеп отырғанда, сағаттың сырғып өткенін де байқамай қаламын. Бұл дүниелерді жасауға бірнеше айлар кетеді. Ал «Мулетто» атты кемені құрастыруға жылдан астам уақыт кетті, — дейді шебер. Түрлі модельдерді жасаудан жан тынышығын табатын қолөнершінің өмірлік ұстанымы — «үйрен де жирен». Ол қандай да бір әдемі қолдан жасалған туынды көрсе, бірден үйреніп, меңгеріп алуды ойлап тұрады. Ол бүгінде осы туындыларды жасап шығару арқылы балаларын да қолөнерге, еңбекқорлыққа баулып жүр. Ұлы Руслан екеуі мектептегі жобаға арнап, диораманы жасаған. Ал карантин уақытында қызы Альмира екеуі уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында гипстен құйып сынған көпірдің сұлбасын дайындаған. Қолдан жасалған таңдай қақтырар дүниелерді көргенде бұл істің арғы жағында қаншама еңбек пен тердің, табандылық пен шыдамдылықтың, шығармашылыққа негізделген қиял мен ізденістің табын сезінуге болады.
— Үлгіні құрастыру барысында өз-өзіммен жеке қалып, ойланып отырып жасағанды жақсы көремін. Қиял мен логикаға ерік беріп, ақыр соңында, өзімнің ойымдағы жалпы бейнені егжейтегжейлі ойластырып, жүзеге асырамын. Жасаған дүниелерімінің нәтижесін көріп, шабыттанамын. Түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ дайын, құрастырылған және боялған кішкене модель жасап шығу үшін көп ойлануға, еңбектенуге тура келеді. Құрастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін де, лакпен бояу және модельді сенімдірек және шынайы етіп шығару үшін де түрлі бейнелерді салуға шеберлік пен икемділік қажет, — дейді ол. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шебері бүгінде үш бала тәрбиелеп отырған үлгілі отбасының отағасы. Ол туындыларын сатып, пайда табуды көздемейді. Тек қолөнермен айналысуды жаны сүйеді. Ерекше өнерді сүйікті ісіне айналдырған бүгінгі біздің кейіпкеріміздің арнайы білімі жоқ. Дегенмен оның қолынан шыққан туындыларын көрсеңіз, кәсіби шеберлерден асып түспесе, кем түспейтініне көзіңіз жетеді.
— Мен үшін модельдеу — нәпақа табудың жолы емес, бұл — шығармашылық. Әрбір істеп жатқан жұмысыңды сабырлылықпен, ықыласпен істесең, әр заттың өзі сұлу болып шыға келеді. Жасаған дүниең межесіне жеткен кезде қуанасың, рахаттанып, әсер аласың, — дейді модельдеу өнерінің шебері.
Модельдеу өнерінің шығу тарихы
Модельдеу тарихы Ежелгі Египет дәуірінен бастау алады. Кеме модельдеуді модельдеудің бірінші түрі деп айтуға болады. Ең ежелгі болып табылатын бұл өнердің туындылары дәуірімізге дейінгі 10 ғасырға жатады. Модельдеуді дамытудың келесі сатысы «құрылыс» деп аталатын модельдер болды. Осындай модельдердің көмегімен нақты кемелер салынды: модельдегі бөлік оның қазіргі мөлшеріне дейін ұлғайтылды және кеменің қажетті бөлігін алмастыра отырып өндірілді. Осылайша, бүкіл кеме құрастырылды. Бұл жерде бірінші рет масштаб термині қолданылған. Алайда — техникалық прогресс бір орында тұрған жоқ, жаңа машиналар жасалды. 18 ғасырдың аяғында бу машинасының алғашқы моделі — паровоз пайда болды. Осы сәттен бастап теміржолды модельдеу басталады. 19 ғасырда алғашқы құрастырмалы автомобиль модельдері пайда болды, көп ұзамай — авиация. Үлкен қызығушылыққа авиациялық модельдеу ие болды, өйткені мұндай модельдер мен олардың прототиптерінің өзі сол жылдары экзотикалық болып саналды. Бірінші ұлттық реплика моделін ағылшын Джеймс Стивенс ойлап тапты. Ол осы модельді 1/72 масштабта шығарған Skybird негізін қалаушы болды. Бұл өлшем көптеген дайындық өндірушілері үшін эталон болып саналады.
P.S. «Қарағаштың қадірін ұсталық еткен білер» — дейді дана халқымыз. Ағашты жаңқалап, фанерлерді түрлі пішінде туралап, оны кәдеге асырып, әдеміде, әсерлі желкенді кемел ерге айналдыру екінің бірінің қолынан ғана емес, ойына да келе бермейтіні анық. Ал бұл өнерді үйрене білген Асылан шебер алдағы уақытта судомоделизм өнерін дамыту үшін арнайы орталық ашуды ойға алып жүргенінде айтады. Ол енді уақыт еншісінде…
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ.