«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АХМЕТ ЖҰБАНОВҚА — 115 ЖЫЛ

Қазақ халқының мақтанышы, жерлесіміз, ұлттық мәдениетіміздің кемеңгері, Қаз ССР-нің ғылым академиясының академигі, өнертану ғылымдарының докторы, профессор, Қаз ССР-нің халық әртісі, композитор Ахмет Қуанұлы Жұбановқа биыл 29 сәуірде 115 жыл толып отыр.

Қазақстандағы музыка және театр өнерін кәсіби тұрғыда дамыту мақсатында 1932 жылы Алматыда музыка-драма техникумы ашылған. Техникумда ұстаздық ететін мамандар жетіспегендіктен 1933 жылдың ақпан айында Қазақстанның халық ағарту комиссариятының сұрауы бойынша Ленинград көркемөнер зерттеу академиясының аспиранты Ахмет Қуанұлы Жұбанов Алматыға жұмысқа шақыртылады. Жас маманға музыка-драма техникумында сабақ беретін кәсіби музыка мамандарының тобын ұйымдастыру тапсырылады. Ленинград консерваториясын жақсы тәмамдаған білімді жас алғашқы жұмысын кәсіби музыка мамандарының тобын ұйымдастырудан және қазақ музыкасын зерттейтін ғылыми кабинет пен қазақтың халық аспаптарын жетілдіретін эксперименталдық шеберханасын ашудан бастап, ұлттық аспаптарының кеудесін кеңейтіп, үнін арттыруға күш салады. 11 адамнан алғашқы халық аспаптар ансамблін құрып, кейін үлкен оркестрге айналдырып, «Қазақ ұлттық оркестрін» қалыптастырады және оркестрдің тұңғыш дирижері өзі болады. Құрманғазы, Дәулеткерей, Сейтектің, Тәттімбеттің күйлерін, халық әндерін және орыс композиторларының шығармаларын оркестрге арнап өңдеп, оны өнерпаздарға үйретеді. 1936 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне оркестр үлкен дайындықпен қатысып, одақ көлемінде танылады. Бұл — Ахмет Жұбановтың қазақ халқының рухани өнерін биікке асқақтатқан еңбегінің бірі ғана болатын.

Композитор қанша ғасырлар бойы ауыздан-ауызға ғана тарап, қағаз бетіне түсірілмей келген құнды дүниелерін, ақырғы күніне дейін зерделеп, ұшқыр қаламымен қағазға түсіре білді. Халық арасынан шыққан күйшілер мен жез таңдай әншілердің өмірі мен шығармашылығына арнап жазған «Қазақ халық композиторы Құрманғазы», «Қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосы», «Замана бұлбұлдары», «Құрманғазы», «Ән-күй сапары», «Ғасырлар

пернесі», «Өскен өнер» еңбектері бүгінгі ұрпақтың құнды дүниелері болса, ал композитор ретінде әр жанрдағы шоқтығы биік әндері, романстары, «Тәжік билері», «Қазақ марштары», вокалдық, аспаптық шығармалары, сюиталары, спектакль мен «Амангелді» кинофильміне жазған музыкасы, композитор Латиф Хамидимен 1944 жылы бірлесіп жазған «Абай» және 1947 жылы Ұлы Отан соғысының батырына арналған «Төлеген Тоқтаров» опералары өз кезінде кәсіби кемеліне жеткен тұңғыш қазақ операсы атанып, жоғары бағасын алған.

«Ахмет Жұбанов — құдіретті күй атасы Құрманғазының күйлеріне мәңгі өмір сыйлаған адам» деп зерттеушілер айтқандай, күйшінің жүріп өткен жерін түгел аралап, оны көрген кісілермен кездесіп, күйлерінің сырын ашып, нотаға түсіре білді. 1964 жылы тамыз айында Мәскеуде адамзат қоғамының және түрлі халықтардың мәдениетінің өркениетінің даму ерекшеліктері мен оны зерттеу мақсатында VII Халықаралық антропология және этнографиялық ғылыми конгресс өткізілген. Ғылыми ынтымақтық сабақтастығына байланысты өткізілген шараға антропология мен этнографиялық фольклоршылардан басқа 60 елден келген мың жарымға жуық делегаттар қатысқан. Олар — философтар, әдебиеттанушы, тарихшы, археологтар, экономистер, биологтар, дәрігерлер, заңгерлер, лингвистер, өнертанушылар мен әдебиет сыншылары. Осы конгресске Қазақстаннан академик Ахмет Жұбанов қатысып, «Домбыра — қазақтың ұлттық музыкалық аспабы» атты баяндама оқыған. Академик домбыра аспабының әуендік байлығы мен оны орындаушылығын айта келіп, домбыра арқылы халықтың «Ақсақ құлан» күйін ойнап, тарихи сырын тыңдаушыларға жеткізіп, қазақ халқының домбыра аспабының құдіреттілігі мен күйдің қастерлі дүние екенін паш еткен жан.

Академик өмірінің соңына дейін құдіретті күйшіге арнап Мұхтар Әуезовтың либреттасы бойынша опера жазған, өкінішке орай, оны аяқтай алмай, аманат ретінде аяқтауға қызы Ғазизаға тапсырған еді. Қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы кәсіби композитор Ғазиза Ахметқызы Жұбанова 1971 жылы операны аяқтап, радио-опера ретінде халыққа ұсынып, кейін операны толықтырып, 1987 жылы 24-ші қаңтарда Алматыдағы Абай опера балет театрында алғашқы премьерасын өткізді. Өнер қайраткері Ермек Серкебаев өз сөзінде: «Біздің опера сахнасында Құрманғазының бейнесі жетіспейтін еді, Абай болды, Біржан болды, енді Құрманғазы бар …, бұл ұлттық мәдениеттің үш ұлы бейнелері опера сахнасында бейнеленгеніне мақтанамыз» деп айтып, жоғары бағасын берген.

Өнегелі тұлғаның еңбегінің тағы бір жемісі — ол ұлт кадрларын дайындау жұмысы еді. Ұзақ жылдар бойы Алматы Мемлекеттік консерваториясындағы қазақ халық аспаптарының кафедрасын басқарып, дирижерлік өнерге Нұрғиса Тілендиев, Шамғон Қажығалиев, Рүстембек Омаров, Фуат Мансуров сынды шәкірттерін қанаттандырды.

Мәдениеттің қадірменді кемеңгерінің туған күніне орай музейде түрлі шаралар жоспарланды. Соған сай композитордың өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс сабақтарын, экскурсия, көрме және мектепаралық ән-күй байқауын, облыс және өзге аудан музейлерімен тікелей сұхбат жұмыстары онлайн форматта жүргізілуде.

 

Ұлболсын МҰХАМБЕТОВА,

Ағайынды Жұбановтар

музейінің директоры, Ембі қаласы

Ұқсас ақпараттар

Қандыағашта 3 маршрут шығады

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар Наурыз мерекесінде қанша күн демалады

admin_mugalzhar

АУДАНДА АХУАЛ ТҰРАҚТЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.