«Қазгидромет» синоптиктері 1-3 мамырда мереке күндері Қазақстанда ауа райы қандай болатынын айтты. Синоптиктер мәліметі бойынша, елімізде 38 градусқа дейінгі аптап ыстық күтіледі , — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» мәліметіне сүйенсек, сәуірдің соңғы күндері антициклон әсерінен Қазақстанда ауа температурасы төмендейді. Алайда 2 мамырда күн жылиды. Оңтүстік өңірлерде ауа температурасы 28-36 градусқа дейін, солтүстік өңірлерде 15-23 градусқа дейін көтеріледі.
«Бірақ циклондар әсерінен 1 мамырда еліміздің оңтүстік-шығысы мен шығысында жаңбыр жауады, кей жерлерде найзағай соғып, желдің екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді, бұршақ жаууы мүмкін.
2 мамырдан бастап батыс аймақтарға солтүстік-батыс циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді. Олар солтүстікке жылжып, осы аудандарда жаңбыр жауады», — дейді синоптиктер.