«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТІЛСІЗ ЖАУ ҚАПЫДА ҚАЛДЫРМАСЫН!

ОТ ПЕН СУ — АДАМЗАТ ҮШІН ЕҢ ҚАЖЕТТІ ТІРШІЛІК КӨЗДЕРІ. АЛАЙДА АДАМЗАТ ӨМІРІ ҮШІН МАҢЫЗДЫ БОЛА ТҰРА, АСА ҚАУІПТІ БОЛЫП ТАБЫЛАТЫН «ТІЛСІЗ ЖАУДЫҢ» КЕСІРІНЕН ОҚЫС ОҚИҒАЛАР КӨПТЕП ОРЫН АЛЫП ЖАТАДЫ. БҰЛ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ КӨБІНЕСЕ АДАМНЫҢ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫН ДҰРЫС САҚТАМАҒАНЫНАН ТУЫНДАЙТЫНЫН АЙТАДЫ АУДАНДЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР БӨЛІМІНІҢ МАМАНДАРЫ.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, адамның қауіпсіздігі ең алдымен өзіне байланысты. Әркім өз өміріне, ата-ана балаларына жауапты. Олардың қауіп-қатерден аулақ болуы үшін қауіпсіздік ережелері үнемі қадағаланып, бақылауда болуы қажет. Түрлі төтенше жағдай орын алған кезде көмекке алдымен ұмтылатын құтқарушылар кейде өз бастарын қатерге де тігеді. Жаз келісімен олардың жұмыстары да қиындап, тәулігіне құтқару қызметіне хабарласатын адамдардың саны да күрт көбейіп кетеді. Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері оқыс оқиғалар орын алмау үшін үнемі мекемелер мен оқу орындарына барып, оқушылар мен студенттерге түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Әлеуметтік желілер мен баспасөз құралдары арқылы өрт қауіпсіздігі, суға түсу маусымындағы ережелер туралы жадынамалар жариялап, тұрғындар арасында рейдттік іс-шаралар жүргізеді. Дегенмен жүйелі жұмыстар атқарылса да, қайғылы оқиғалар азаймай отыр.

56 ӨРТ ОҚИҒАСЫ ТІРКЕЛІП, ЕКІ ОТБАСЫ ЗАРДАП ШЕКТІ

Өткен жылы Мұғалжар ауданының аумағында 56 өрт оқиғасы тіркелген. Естеріңізде болса, Мұғалжар және Құмжарған ауылдарында орын алған оқыс оқиғадан екі отбасы зардап шегіп, адам өлімі де болған еді. Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары жеке тұрғын үй секторларында өрттің шығу себептерін атап көрсетті. Көп жағдайда тұрғындардың отты ұқыпсыз пайдалануы, пештерді қолдану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін, электр жабдықтарын монтаждау және пайдалану ережелерін бұзуы, қоқысты өртеуі оқыс оқиғаның орын алуына себеп болып отырған көрінеді. Бұл тізімді кей отбасының ерке балаларының тентектігі де толықтырады екен. — Аудан бойынша жеке тұрғын үйлер мен қора-қопсыларда 23 өрт оқиғасы орын алды. Тілсіз жаудан тұрғын үй өртеніп, екі отбасы зардап шекті. Екі адам өмірімен қоштасты. Егер біздің азаматтарымыз қауіпсіздік ережелерін сақтаса, онда өрттің залалы азайып, қайғылы оқиғалар да болмас еді. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу — орны толмас зардапқа әкеледі. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздікті сақтауға шақырамыз, — деді төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятов. Мамандар газ құрылғыларын пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігін айтып, жиһазды және басқа жанғыш заттарды жылыту пештері мен газ құрылғыларының жанына қоймауды, мұржаларды жақсы күйде ұстауды, ақаулы электр розеткаларын, электр ажыратқыштарын және электр құрылғыларын пайдаланбауды, электр плиталары, үтіктер, электр шәйнектері мен керосинді қондырғыларды отқа төзімді тіректерге орнатуды, пештің құрылымдарындағы жарықшақтар мен кетіктерді сылауды, мұржаларды күйеден тазартуды ұсынады. Өткен жылы ауданда ірі 2 дала өрті тіркелген. Көп жағдайда дала өртінің орын алуына ауа-райының ыстық болып, шөптің құрғап кетуі себеп болатын көрінеді. Сондай-ақ адамдардың темекі тұқылын автокөлік терезесінен лақтырып кетуінен, астық жинау барысында техникаларының ақауынан, яғни қызып кетуі, не болмаса, қозғалтқыш бөлігінің бұзылып, жарқыншақ шашуынан, табиғат аясында демалыс ұйымдастырған адамдардың да өрт қауіпсіздігін дұрыс сақтамауынан болады.

АУДАНДА 4 КОММУНАЛДЫҚ, 1 ЖЕКЕ ЖАҒАЖАЙ БАР

Жаз шыға тұрғындар аптап ыстықтан қорғану үшін өзенкөлдерге шомылуды бастайды. Бір өкініштісі, сақтық шараларын дұрыс сақтамаудың кесірінен сан соқтырар оқиғаларға тап болады. Ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, әлем бойынша жарты млн адам суға кетіп қаза табады екен. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мақсат Рятов судағы қайғылы оқиғалардың негізгі себептері — қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы, яғни жас балалардың жүзе білмеуі, атаананың бақылауынсыз қалуы, рұқсат етілмеген жерде шомылу және ересектердің көбінесе мас күйде болуынан екенін айтады.

— Өткен жылы шомылу маусымында 3 адам суға батып, ажал құшты. Оның екеуі ересек адам, біреуі жасөспірім. Суға кету фактісі бойынша 2017 жылы 2 адам, 2018 жылы 1 адам, 2019 жылы 1 адам тіркелген болатын. Соңғы жылдың көрсеткішіне қарап, оқыс оқиғаның орын алуы өсіп келеді деуге негіз бар. Сол себепті арнайы белгіленген және тайыз жерлерге түсулеріңізді сұраймын. Сонымен қатар өзен бойында орналасқан ауылдық елді мекендердің тұрғындары балаларын өзен бойына жалғыз жібермегені абзал, — деді ол.

Оның айтуынша, аудан аумағында 4 коммуналдық, 1 жеке меншік жағажай бар. Ақкемер ауылдық округі аумағында орналасқан жеке меншік жағажай өз жұмысын бастамас бұрын Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаментіне арнайы ескертуі қажет. Олар арнайы тексеріс өткізіп, жағажайдың тереңдігі мен қауіпсіздігін қарап, рұқсатын береді. Ал Құмжарған ауылдық округіндегі Жем өзені, Еңбек ауылдық округіндегі Темір өзені, Ембі қаласындағы Жем өзені, Ақкемер ауылдық округіндегі Елек өзені коммуналдық жағажай болып табылады. Бүгінгі таңда бұл шомылу аумақтарына ескерту белгілері қойылған.

P.S. АЖАЛ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ. ДЕГЕНМЕН ЖОҒАРЫДА АЙТЫЛҒАН ОҚЫС ОҚИҒАЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ТҮПТЕП КЕЛГЕНДЕ, АДАМДАРДЫҢ ӨЗ ӨМІРЛЕРІНЕ ЖАУАПСЫЗ ҚАРАУЫНЫҢ САЛДАРЫНАН ОРЫН АЛУДА. ЕГЕРДЕ ҚАЙ ЖЕРДЕ БОЛМАСЫН ҚАУІПСІЗДІК ЕРЕЖЕЛЕРІН ЕСКЕРІП, САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫН САҚТАП, ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАНЫҢ АЛДЫН АЛЫП ЖҮРСЕК, ЖАҚЫНДАРЫМЫЗ ЖАНЫМЫЗДА ЖҮРЕРІ СӨЗСІЗ.

Н.ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Bereke Bank автонесиелерді қайта қаржыландыру қызметін іске қосты

admin_mugalzhar

Ақылы жол жобасына 25 млрд теңге бөлінді

admin_mugalzhar

2020 жылдың қараша айына арналған жұлдыз-жорамал

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.