«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ashyq жобасына 400-ден астам нысан қосылды

7 маусымдағы дерек бойынша Ақтөбе облысының 421 бизнес нысаны мен мекемесі Ashyq жобасына қатысу үшін QR-код алды. Оның ішінде 54 кәсіпорын жобаға ерікті негізде кірді, негізінен, бұлар — коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар.

Өткен аптадан бастап Ashyq қосымшасы бойынша Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион жұмыс істей бастады. Халықаралық әуежай мен теміржол вокзалы қосымша арқылы жұмыс істеуге дайындық жүргізіп жатыр.

Жоба бойынша жұмыс істейтін нысандарға келушілер үшін Ashyq қосымшасын ғана емес, сонымен қатар Аitu, Kaspi.kz платформаларын да пайдалануға болады. Жақын арада тағы да бірнеше қазақстандық банктер өздерінің мобильдік қосымшаларында Ashyq үшін QR-кодты пайдалану мүмкіндігін енгізбек.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Рахат Тәжібаевтың айтуынша, Ashyq қосымшасының жұмысында кездескен техникалық проблемалардың барлығы реттелген, қазір бағдарлама іркіліссіз жұмыс істейді.

 — Бұл бағдарламаның тиімділігі сол — күн сайын республика бойынша осы қосымша арқылы «қызыл» мәртебесі бар кемінде 200-ден астам пайдаланушы анықталады екен. Яғни адамдар қауіпті вирус жұқтырғанын біле тұра, белгілі бір мекемелерге барады. Сондықтан Ashyq — осы қосымшаны пайдалана отырып жұмыс істейтін мекемелерде коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін айтарлықтай төмендететін сүзгінің бір түрі. Біздің аймақта да карантинде отырған науқастардың мейрамхана, кафелерге бару дерегі тіркелген жағдайлар кездесті. Барлық ақпарат автоматты түрде аймақтың санитарлық қызметіне түседі. Әрине, тиісті мекемелер тарапынан мұндай тұлғаларға қатысты керекті шаралар қабылдануда. Бірінші рет ескерту беріледі, ал қайталанған жағдайда  айыппұл салынады. 7 маусымдағы мәліметтерге сүйенсек, аймақ бойынша барлығы «қызыл» мәртебесі бар 16 және  «сары» мәртебесі бар 41 адамның санитарлық талаптарды сақтамағандығы анықталды. Облыста жоба сәуір айынан бастап енгізіле бастады, —  деді Рахат Тәжібаев.

Ashyq жобасын енгізудің негізгі мақсаты —  коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға бару жағдайларын болдырмау, яғни ауру жұқтырудың алдын алу. Мобильді қосымша Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерімен біріктірілген және ПТР-тестілері мен санитарлық-эпидемиологиялық тексерулердің өзекті деректерін пайдаланады.

—  Мекемеге кірер алдында пайдаланушы смартфонмен QR-кодты сканерлейді немесе жеке сәйкестендіру нөмірімен салыстыру үшін жеке куәлігін ұсынады және өзінің мәртебесін көрсетеді. «Қызыл» — ПТР-тестінің оң нәтижесі, «сары» —  науқаспен байланыста болып, карантинде отырған адам екенін көрсетеді, бұл адамдар карнтинде болғандықтан, көпшілік жерге баруына болмайды. «Көк түс» шыққан адамдар ПТР-тест алу міндетті орындардан басқа жерде еркін жүре алады, ал «жасыл түс» шыққан адамдар барлық жерде еркін жүре алады. Екпе алғандардың мәртебесіне байланысты көптеген сұрақтар туындап жатыр. Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина алған азаматтар автоматты түрде қосымшада «жасыл» мәртебе алып, қоғамдық орындарға ешқандай шектеусіз бара алады, — деді Рахат Тәжібаев.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

ЖАҢА ҮЙЛЕР БИІК ЖЕРДЕ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

Машинист көмекшісі әріптесіне өмір сыйлады

admin_mugalzhar

Дәрігерлердің коронавирус жұқтыруы неліктен көбейіп кетті – ДСМ себебін түсіндірді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.