«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Домбыра туралы қызықты ақпараттар

Шілде айының алғашқы жексенбісі ұлттық домбыра күні мерекесі екендігі баршамызға мәлім. Ұлттың үніне айналған қасиетті һәм киелі аспабымызды Қадыр ақын «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп лайықты бағасын берген. Заманның ағысы сан құбылса да өзінің өзектілігін жоғалтпаған, қай уақытта болмасын ұлтымыздың сенімді серігіне айналған аспабымыз туралы аңыз да көп, ақпар да көп. Ежелгі Алтай аңыздарына сүйенсек, тауларды мекендеген екі ағайынды жігіт өмір сүріп, біреуі сол замандағы жалғыз домбыраның иесі болған екен. Таңды таңға ұрып, ән-күйді нақышына келтірген бозбалаға халық та сүйсінген. Бірақ шаруаға шорқақтығы оның ағасының зығырданын қайнатқан,  ақыры шыдамаған ағасы інісінің аспабын сындырып, жарамсыз қылып тынған. Осыдан кейін домбыра үні бөлшектеніп, Алтайдың әр аймағына тарап кеткен деседі. Осы үнге еліткен адамдар да домбыраны қайта жасап шығарыпты. Ел аузындағы көп аңыздың бірі осындай. Сіздерге домбыра туралы тағы да қызықты ақпараттар легін ұсынбақшымыз.

  1. Домбыра сөзінің шығу тегі әлі толық зерттеліп болған жоқ. Десек те әр түрлі баламаларды көптеп кездестіре аламыз. Мысалға, татар тілінде «думбра»-балалайка, «домбура»-гитара деген мағыналарды береді. Ал қалмақ тілінде «домбр» сөзі домбыра мағынасында қолданылады. Ал моңғол халқы домбыра аспабын «домбура» деп атайды. Түрік бауырларымыз гитараға «тамбура» деген атау берген. Барша түркі халықтарына ортақ аспаптың бірі болғандықтан атаулары да ұқсас келетін домбыра сөзінің нақты мағынасы әлі де зерттеуді, анықтауды қажет етеді.
  2. Домбыра тек түркі халықтарының ғана емес, бүкіл әлемдегі ең ежелгі музыкалық аспаптардың бірі болып саналады. Жорамал бойынша алғашқы домбыралар осыдан 6000 жыл бұрын қолданысқа енген. Қазіргі домбыраларға келсек, еліміздің географиялық және дәстүрлі ән айту мектептерінің ерекшеліктерінн байланысты әр аймағымызда әр түрлі домбыралар қолданылады. Еліміздің солтүстік аймақтарында шертпе күйге арналған домбыралар көптеп кездессе, оңтүстік, батыс аймақтарда төкпе күйдің қарапайым домбыраларын жиі жолықтырасыз.
  3. 2010 жылы аспамыбыз Гиннестің рекордтар кітабын бағындырды. Қытайда өткен жиында 10450 домбырашы «Кеңес» күйін бір уақытта орындап күллі әлемнің назарын өздеріне аудартты.
  4. 2008 жылы Моңғол-Алтай даласының Жарғалант Қаирқан үңгірінен танымал ғалымдар осыдан 1500 жыл бұрын жасалынған домбыраны іздеп тапқан. Зерттеу кезінде, ондағы көне түркі жазуларына көздері түскен. Домбыраның бетінде көне түркі тілінен аударғанда «Жұпар күй әуені сүйсіндірді» деген сөз бейнеленген. 6000 жыл бұрын алғашқы үлгілері жасалған бұл аспап осыдан 15 ғасыр бұрын да жұпар күй шашып, адам жанына жылулық сыйлаған.
  5. Қазіргі кезде домбыраның, домбыра тектес аспаптардың көптеген түрлері кездеседі. Ән-күй домбырасы, үш ішекті домбыра, қуыс мойын домбыра, шертер, кең шанақты домбыра және тағы да басқа түрлерін еліміздің әр аймақтарынан табуыңыз мүмкін. Бұл қатарға Фараби еңбектеріндегі 9 ішекті домбыраны жәні қытай жерінде қолданытатын лютна аспабын қосуыңызға да болады.

Екі шектің бірін тартып, бірін сәл кем бұрау арқылы дала философиясын, елдің көңіл-күйін санасына сіңірген киелі аспабымыз қашан да өз өзектілігі мен маңызын жоғалтпақ емес. Ұрпақтан ұрпаққа, дәуірден дәуірге домбыраны жеткізу біздің де миссиямыз екенін есімізден шығармайық, құрметті оқырман. Төрімізден домбыра түспесін, төңірегімізден тыныштық үзілмесін. Домбыра тек бейбітшілігіміз үшін шертілсін!

 

Қуандық Көргенов

Ұқсас ақпараттар

БАЛАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ — МАҢЫЗДЫ

admin_mugalzhar

ПЬЯНЫЙ ЗА РУЛЕМ — ПРЕСТУПНИК

admin_mugalzhar

СӘКЕН АЛДАШБАЕВ: САЛТ-ДӘСТҮР МЕН ЫРЫМ-ТЫЙЫМНЫҢ АРА-ЖІГІН АЖЫРАТА БІЛУ ҚАЖЕТ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.