«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

1 мамырдан бастап жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады

«Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 150 млрд теңгеге 8 мың несие беруді көзделген. Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев тұрғын үй құрылысын дамыту және проблемалық жобаларды аяқтау шаралары туралы айтты, деп хабарлады turkystan.kz. сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

Министрдің айтуынша, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың тұрғын үй мәселесін жедел шешу үшін қосымша механизмдер әзірленген. Оларға: дайын тұрғын үйді сатып алу, сатып алынатын тұрғын үйді өз бетінше таңдау мүмкіндігі, жөндеу жұмыстарын жүргізу немесе олардың құнын төлеу, сондай-ақ стандартты емес жобаларды пайдалану мүмкіндігі жатады. Саяжай нысандарының иелері де бұл жалғыз баспанасы болған жағдайда, тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бүгінде әкімдіктер жаңадан игерілетін жер телімдерін іріктеу жұмыстарын жүргізуде. Ақтөбе облысында үйлердің құрылысы басталды. Ақмола, Қарағанды ​​және Қостанай облыстарында зардап шеккен отбасылар жаңа баспананың кілтін алып жатыр. Бұл жұмыс өзге өңірлерде де жалғастырылады.

ҚР ӨҚМ мәліметінше, жалпы соңғы 5 жылда тұрғын үй құрылысына 12 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, 78,5 млн шаршы метрге жуық жаңа тұрғын үй пайдалануға берілген. Барлық қаржыландыру көздерін ескере отырып, 695 мың отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты.

«2030 жылға қарай барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 111 млн шаршы метрді қамтитын тұрғын үй құрылысы жоспарлануда, бұл 1 млн-нан астам отбасыны жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», ­- деді Қанат Шарлапаев.

Оның айтуынша, Үкіметтің 2024 жылы Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру үшін тұрғын үйді пайдалануға берудің жоспарланған көлемі азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды енгізумен 15,5-тен 18 млн шаршы метрге дейін ұлғайтылды.

Осылайша, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында жалпы сомасы 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам пәтер сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар әкімдіктердің мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару арқылы 110 млрд теңге сомасына 10 мың несиелік пәтер салу жоспарлануда.

«6 сәуірде Президент қол қойған кәсіпкерлік мәселелері туралы заң жобасы аясында әкімдіктерге нарықта несиелік тұрғын үй салуға ғана емес, сонымен қатар сатып алуға да құқық берілді, бұл қаражат айналымы арқасында тұрғын үй көлемін жыл сайын ұлғайтуға мүмкіндік береді», — деді министр.

Бұл ретте 7 мыңға жуық несие беруге жылдық 2 және 5%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека беруге 81 млрд теңге бөлінді. 9%-дық мөлшерлемемен «Отау» ипотекалық бағдарламасы бойынша 150 млрд теңгеге 8 мың несие беруді көзделген.

Сонымен қатар 1 мамырдан бастап жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосу жоспарланып отыр, оның аясында 300 млрд теңгеге 12 мың несие беру жоспарлануда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 100 млрд теңгеге 5 мыңға жуық несие беріледі.

«Осылайша, биылғы жылы тұрғын үй құрылысын дамытуға 1 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді, соның нәтижесінде 64 мың азамат тұрғын үй жағдайын жақсарта алады», — деп мәлімдеді министр.

Министр Президенттің Атырауда өткен Ұлттық Құрылтай отырысында айтқан тапсырмалары аясында Үкіметке сатып алу құқығымен ұсынылатын жалға берілетін тұрғын үй көлемін айтарлықтай ұлғайтып, жаңа жеңілдікті бағдарламаны іске қосу керектігін еске салды.

Осы жұмыс аясында әкімдіктер жеке құрылыс салушылардан ең жоғары тұрғын үй алаңы 80 шаршы метрді құрайтын бастапқы тұрғын үйлерді сатып алады. Үкімет мамыр айында тиісті стандарттарды бекітті, ендігі кезекте сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлерді сатуды қаржыландыру жұмыстары басталады. Бұл ретте ҚР Мәжілісінде кезекте тұрғандарға жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беретін заң жобасы қаралуда.

Сонымен қатар «Отбасы Банкі» мамыр айынан бастап әлеуметтік жағынан осал азаматтар үшін жылдық 7%-дық мөлшерлемемен 20%, ал қалған санаттағы азаматтар үшін 9%-дық мөлшерлемемен бастапқы төлемі бар жаңа жеңілдетілген бағдарламаны іске қосады. Бірінші жылы 300 млрд теңге сомасында 12 мың несие, одан кейін жыл сайын 200 млрд теңгеден 8 мың несие беру жоспарлануда.

Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселесіне тоқталған министр еліміздің 8 өңірінде 39 проблемалық объект бар екенін хабарлады. Оларды аяқтау үшін мемлекет қаржыландыруды бөлу және инвесторларды табу бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Осылайша, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша Астанада 9 үлестік құрылыс объектіні аяқтап, 484 отбасыға кілт беру жоспарлануда.

ҚР ӨҚМ талдау нәтижелері бойынша салынып жатқан 581 үлестік құрылыс объектісі анықталды, оның ішінде 421-і үлескерлердің қаражатын заңсыз тартып, рұқсатсыз салынуда.

Проблемалық объектілердің көбеюіне жол бермеу үшін мемлекеттік реттеуді күшейту шаралары әзірленді. Оларға: алдын ала шарттар жасасуға тыйым салу, айыппұл санкцияларын ұлғайту (300-ден 2000 АЕК-ке дейін), үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсатсыз жарнамаға тыйым салу, салынып жатқан тұрғын үйді қолма-қол қаражатсыз сатып алуға тыйым салу. Бұл ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр.

 

 

 

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

ЖҰРЫНДЫҚТАР ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНҒА ҮЛЕС ҚОСУДА

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Шавкат Рахмоновты қабылдады

admin_mugalzhar

Тегін стоматологиялық көмек кімдерге көрсетіледі?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.