«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕҢ ТАТУ КӨРШІЛЕР — ҚАНДЫАҒАШТА

Қазақ әдетте «құдай қосқан көршім» деп, қасындағы қоңсы қонған кісіні ақ тілеуіне, ниеті пен пейіліне қарай қабылдайды. «Көршіңмен тату болды» да айтып кеткен атам қазақ. Осындай көпке үлгі боларлық татулықтарымен, ауызбіршіліктерімен, ізгі істерімен көзге түскен көршілерді іздеген «Мұғалжар» маусым айының басында газеттің инста парақшасында «Ең тату көршілер» атты жаңа жоба ашқан еді. Өкінішке орай, аудан бойынша жарияланған жобаға тек қандыағаштықтар ғана атсалысты. Бұл — аудандағы өзге қалалық және ауылдық округ тұрғындарының салғырттығы ма әлде расымен тату көршілердің жоқтығы ма?.. Десе де жобаға қатысқан Қандыағаш қаласының тұрғындары белсенділік танытты. Жоба ережесі бойынша Мұғалжар ауданының тұрғындары көршілер болып ұйымдаса жасаған жұмыстарын, көпке үлгі боларлықтай игі істерін видеоға түсіріп, редакцияға монтаждалған 1,5-2 минуттан аспайтын бейнероликтерін жіберді. Жоба туралы мәлімет газеттің инста парақшасында жарияланып, маусымның 4-30 аралығында жалғасты. Жоба қорытындысында редакция алқасы көршілердің ауызбіршілігі мен ұйымдастырушылығына, жасалған жұмысқа, видеоның сапасына қарай отырып, ең үздік деп «Жастық» мөлтек ауданы №39 «б» үйдің 2-ші подъезінің тұрғындарын «Мұғалжардың» «Ең тату көршілері» аталымына лайық деп таныды.

Газет нөмірі дайындалып жатқанда редакция ұжымы жоба жеңімпаздарының мекенжайларына барып, құттықтап қайтты. Аулаға кіргеннен тап-таза, подъездері гүлге толы көршілер бір-бірінің қуанышын бөлісіп, қайғыда демеу болуда да ауызбіршіліктері мол екен. Мереке күндерін, мерейтойларды да бірігіп атап өтіп, аулада дастарқан жайып, татулықтарымен көпке үлгі болып жүрген көршілер осындай игі іске мұрындық болар жобаның жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Гүлназ ЖҮРГҮНБАЕВА, №39″Б» үй тұрғыны:

— Осы үйде тұрғаныма 13 жыл болды. Ең басында осы үйде 4-ақ көрші тұрдық. Кейін үйді әкімдік алғаннан соң осы көршілер көшіп келді. Міне, ұзақ уақыттан бері татутәтті, бір отбасының адамдарындай тұрып жатырмыз. Барлық мерекені ауызбіршілікпен атап өтеміз. Осы ауланы да өзіміз қолға алып, тал егіп, гүл өсіріп, күтіп-баптаймыз. Көршілердің татулығы жастарға, балаларға үлгі деп білеміз. Көрші тату болса, ел тұрғындары тату болады деген сөз. Ауызбіршілігіміз ұзағынан болсын! «Мұғалжар» газеті өткізген мақсаты зор жобаға қатысып, «Ең тату көршілер» атанып жатқанымызға қуаныштымыз. Сіздерге де рақмет!

Лиман ТӨЛЕБАЕВА, №39″Б» үй тұрғыны:

-5 жыл кезекке тұрып, осы пәтерді алып, 2009 жылы сәуірде көшіп келдім. Осы подъезде апалармен көрші тұрамын. Өте ұйымшыл жандар жиналған бұл үйде. Кез келген жақсылықта, тойда бір-бірімізге жанашырмыз. Жеңімпаз атанғанымызға қуаныштымыз. Басқаларға да осындай ауызбіршілік көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінуді тілейміз!

А.ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбенің іргесіндегі блокбекет кезекшілеріне түскі ас ұйымдастырылды

admin_mugalzhar

НАУРЫЗБЕК — БЕЙБІТ ЗАМАН БАТЫРЫ

admin_mugalzhar

Мұғалжарлық шаруа қожалығы басшысы Өзбекстанда өткен форумға қатысты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.