Жаңа оқу жылында аудан аумағында 1342 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды. Олардың 1121-і қазақ сыныбына, 221-і орыс сыныбына барады.
Аудандық білім бөлімі мамандарының берген мәліметі бойынша, бірінші сыныпқа балалардың құжаттарын қабылдау 1 сәуір мен 1 тамыз аралығында жұргізілген. Бірінші сыныпқа баратын 1264 бала құжатын eGov электронды порталы арқылы үйде отырып өткізген. Ал 78 оқушының құжаты қағаз жүзінде тапсырылған.
— Өткен жылы оқыту форматы эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Кейбір оқушылар қашықтан білім алды, бір бөлігі аралас форматта, кезекші сыныптарда оқыды. Ал 2021-2022 оқу жылын аудан бойынша 12 689 оқушы, 1640 мұғалім бастайды. Жаңа оқу жылын дәстүрлі форматта өткіземіз деген ниеттеміз. Алайда барлығы да эпидахуалға байланысты болмақ. Бастысы — балалардың денсаулығы,- деді аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жайнагүл Уаисова.
Аудан аумағындағы оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жаңа оқу жылында аудандық бюджеттен 195 256 000 теңге қаржы бөлінген. Бүгінде Алматы қаласындағы «Атамұра», «Мектеп», «Алматыкітап», «Көкжиек-горизонт», «Келешек-2030», «Арман-ПВ», «Бөбек», «Астанакітап», «Оксфорд», «Экспресс публич», «НИШ», «САТР», «Қазақ энциклопедия» баспаханаларына сұраныс жіберіліп, келісім-шарт жасалған.
— Бюджеттен бөлінген қаржыға 1 сынып оқулықтары мен оқу-әдістемеліктері, 2,3,7,8 сыныпқа информатика оқулығы, 2-11 сыныптарда оқушы санының көбейуіне байланысты қосымша кітаптар сатылып алынады. Жоғарыда аталған баспаханалардан оқулықтарды 27 тамызға дейін «Сарыбаев» ЖК-і тасымалдап, Қандыағаш қаласына жеткізіп береді, — деді аудандық білім бөлімінің кітапхана қоры бойынша әдіскері Жанат Жайбергенова.
Биылғы оқу процесіне кішігірім өзгерістер енгізілген. Министрліктің таратқан мәліметіне сәйкес, 1-ші сыныптың балаларына баға қойылмайды. Мемлекеттік тілде оқитындарға «Әліппе» қайта енгізіледі, ал орыс тілінде білім алатындарға «Букварь» пәні оқытылады. Сонымен қатар, 2-ші жартыжылдықтан бастап оқу пәндеріне «Цифрлық сауаттылық» қосылады. Оқушыларға мектеп формасын кию міндетті емес.
Н.КЕСІКҚҰЛ