Қазақстанда 1 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Полиция қызметкерлері аулалар мен пәтерлерді аралайды, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Қазіргі уақытта бүкіл ел бойынша проблемалық мәселелерді зерделеу, учаскелерде құқықбұзушылықтың алдын алу және ескерту үшін әкімшілік учаске тұрғындарын барынша қамтуға бағытталған «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр», — деді ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Оның айтуынша, операция кезінде учаскелік полиция инспекторлары өздеріне бекітілген әкімшілік учаскелерде халықпен танысу, сондай-ақ түрлі құқықбұзушылық жасаған адамдарды анықтау және ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтарды тексеру үшін аулаларды және пәтерлерді аралап шығады.
«Сондай-ақ, жалдамалы пәтерлер, базарлар және басқа да сауда орындары, тұрмысы нашар отбасылар, қоғамға жат іс-әрекеттер жолын кесу үшін жастар мен кәмелетке толмағандар шоғырланатын орындар, сондай-ақ қару иелері мен шетелдіктер тексеріледі.
Сонымен қатар, полиция саяжай массивтерін, құрылыс нысандарын, оның ішінде тоқтатылған және қараусыз қалған, шатырлы және жертөле үй-жайларын тексереді», — деп қосты ол.