Елімізді әлемге танытудың бірден-бір жолы — спорт. Талай қазақ баласы спортты өзіне серік етіп, әлемдік аренада еліміздің көк туын желбіретіп жүр. Спорттың дамуына мүмкіндігі шектеулі жандар да өз үлестерін қосып келеді. Сондай жандардың бірі, пара жүзуден облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері, ІІ топ мүгедегі — Абай САҒЫНОВ.
Абай Тұрғанбайұлы жас кезінде оқыс оқиғадан бел омыртқасынан зақым алған. Ауыр отаны жасатып, ауруынан айыққандай болды. Алайда уақыт өте келе ауруы сыр беріп, беліне салмақ түсіп, жүру мүмкін болмай қалады. Сөйтіп тағы да бірнеше операцияны өткеріп, 2008 жылы ІІ топ мүгедектігі тағайындал-ған. Бірақ спортқа бала кезінен жақын Абайды мүмкіндігінің шектелгені мойыта алмады. Қандыағаш қаласындағы спорт мектебіне барып, пара пауэрлифтингпен шұғылданып, бапкері Сергей Ведюшкиннен спорттың қыр-сырын үйренді. 2017 жылы спорттағы бағытын өзгертіп, Атырау қаласында өткен судажүзужарысына қатысады. 2019 жылы Ақтөбе қаласындағы пара жүзу құрама командасына қабылданып, мүшесі атанады. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында бапкер Алла Губинадан суға жүзудің түрлі тәсілін үйреніп жүр. Аптасына екімәрте Ақтөбе қаласындағы «Достық» бассейніне барып, суда жүзіп, жаттығады. Кешегіде ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан Республикасының пара жүзуден VI Спартакиадасына қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді. Суға жүзудің 14 түрінен өткен жарыста ол 50 метрге, 100 метрге, шалқалай жүзуден және өзін лақтырып жүзуден сынға түсіп, қарсыластарының арасында басымдық көрсетті.
— Менің мүмкіндігімнің шектелгені өмір сүруге деген құлшынысымды азайтпайды. Керісінше, жетістіктерге жетуге, алға ұмтылуға үлкен үміт сыйлады. Қарсыластарым Токио Олимпиадасына қатысқан Ержан Сәлімгереев, Азия чемпионы Оразбек Адамов секілді спортшылар болды. Осындай үлкен спорттық жарыстарға қатысып, әлемдік деңгейде өнер көрсететін пара спорттың саңлақтарымен кездесіп, олармен жарысудың өзі маған үлкен бақыт. Бүгінгі таңда Қандыағаш қаласындағы ерекше балаларға арналған арнайы мектептің күзетшісі болып жұмыс жасаймын. Мен өміріме ризамын, — деді Абай Тұрғанбайұлы.
Н.КЕСІКҚҰЛ