Биыл аудан аумағындағы елді мекендерді көгілдір отынмен қамту жұмыстары қар-қынды жүргізілуде. Соның бірі — Қ.Жұбанов ауылдық округінің орталығы Қаракөл ауылына табиғи газдың тартылуы.
Қаракөл ауылындағы 115 үйде 608 тұрғын тұрады. Ауылда орта мектеп, бөбекжай-бақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, өрт сөндіру бекеті секілді әлеуметтік нысандар бар. Ауыл әкімі Руслан Бисенбин ауыл кіреберісіне газ қысымын төмендетуге және газ тарату тораптарында оны берілген деңгейде ұстап тұруға арналған технологиялық құрылғысы (газ реттегіш пункті) қондырылғанын мәлімдеді. Бүгінде ауыл тұрғындары үй-жайларының құжаттарын дайындап, газ кіргізу үшін қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
— Жұрын ауылы мен Қаракөл ауылының арасы 32 шақырымды құрайды. Бүгінде екі аралыққа газ тарту жұмыстары толығымен аяқталды. Газ құбырын тарту жұмыстарын «Кагам» ЖШС-і жүргізді. Құрылыс жұмыстарына 1 млрд 200 млн теңге бөлінді. Ал Қаракөл ауылының ауылішілік газ тарту жұмыстарына бюджеттен 34 млрд 4 млн теңге қарастырылған. Қаракөл ауылының ауылішілік газ тарту жұмыстарын екінші мердігер «Ақтөбенефтегазстрой» ЖШС-і жүргізіп жатыр. Қазіргі таңда ауыл ішінің 1 шақырым 200 метр жеріне газ құбырлары тартылды. Алдағы уақытта жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады, — деді ауыл әкімі.
Н.КЕСІКҚҰЛ