1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне орай Ембі қаласында «Sumruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының демеушілігімен салынған спорт кешені салтанатты түрде ашылды.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров, «Sumruk-Kazyna Trust» қоры директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров, «Sumruk-Kazyna Trust» қорының корпоративтік қызметінің басшысы Мирас Иргебаев, «Sumruk-Kazyna Trust» қорының менеджері Азамат Жортекин, Ақтөбе облыстық футбол клубының басқарма төрағасы Ерлан Жамантаев, «Ақтөбе» ФК футбол орталығының басшысы Валерий Прихно және Ембі қаласының тұрғындарымен жастары қатысты.
Спорт кешенінің ашылуына орай Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ұйымдастыруымен шағын футболдан «Ақтөбе» футбол клубының аудандардағы филиалдарының қатысуымен турнир өткізілді. Турнирге 8 ауданның командалары қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және медальдармен марапатталды.
«Samruk-Kazyna Trust» қоғамдық қорының «Менің Елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында салынған заманауи спорт кешенінде бокстан жарыстар өткізуге арналған сапалы ринг, күрестен спорттық сайыстар өткізуге кілем, үстел теннисі столдары және көрермендерге арналған орындықтары бар.