Бүгін, 22 ақпанда футболдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалындағы тағы екі ойын өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың аталған сатысындағы төрт ойын бұдан бұрын 15-16 ақпан күндері өтті. Енді тағы төрт кездесу 22-23 ақпан күндеріне белгіленген. 22 ақпанда «Вильярреал» (Испания) және «Ювентус» (Италия), «Челси» (Англия) және «Лилль» (Франция) командалары шеберлік байқасады. Алғашқы ойын елорда уақытымен 01.50-де «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетілсе, екіншісін «Qazsport» телеарнасынан тамашалауға болады.
Айта кетсек, 23 ақпанда «Бенфика» (Португалия) мен «Аякс» (Нидерланды), «Атлетико Мадрид» (Испания) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия)командалары кездеседі. Еске салсақ, 15 ақпанда «Пари Сен-Жермен» (Франция) «Реал Мадрид» (Испания) командасын 1:0 есебімен тізе бүктірсе, «Спортинг» (Португалия) өз алаңында «Манчестер Сити» (Англия) клубынан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. 16 ақпанда өз алаңында «Интер» (Италия) «Ливерпуль» (Англия) командасына 0:2 есебімен есе жіберсе, «Ред Булл Зальцбург» (Австрия) және «Бавария» ойынында 1:1 есебі тіркелді.