«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БҮЙРЕКСІЗ ӨМІР: ДАУАСЫ – ДОНОР

Қандыағаштық Гауһар Ноғаеваның жасы небары он тоғызда. Жастайынан тағдыр тауқыметіне тап болған бойжеткен диализдік құрылғыға таңылып, бүйрексіз күн көріп жүр. Үкілеген үміті де жоқ емес. Бар үміті — трансплантация. Яғни ота арқылы бүйрегін ауыстыру.

Анасы Сәния сап-сау жүрген Гауһар 2016-2017 жылдары өзін әлсіз сезініп, сырқаттанып қалғанын айтады. Оның айтуынша, сол жылдары олар отбасылық түрлі жағдайларға байланысты ызғар тартқан, суық әрі апатты үйді паналаған. Соның салдарынан алдымен өзі содан соң қызы сыр-қаттанған. Сол кезеңдерде Гауһардың табанынан өткен салқын қос бүйрегіне жабысады. Содан бері қаншама жыл өтті… Осы уақытқа дейін барлық ем-дом мен күтім жасалып жүргеніне қарамастан, бір жыл бұрын қос бүйрегі қатарынан істен шығып, қан талдамалары нашар шығып, гемодиализдік құрылғыға таңылған.
Иә, бүйрек адам бойындағы барлық қанды толықтай тазартып тұратын, тіршілік үшін ең маңызды органның бірі. Егер бүйрек істен шықса, улы заттар адам денесіне жайылып, денеде ісіктер пайда болады. Ол ісік барлық органдарды жайлап, адам денесін улайды. Мұның ақыры адам өміріне үлкен қатер төндіретіні айтпаса да белгілі. Бүйрегі істен шыққан науқастардың бүйрегінің қызметін диализдік құрылғы атқарады. Ол адамның қанын тазалап, өзіне қайта құяды. Бұл құрылғыға науқас күнара жатып тұруы керек. Демек дәрігерлер мен аппарат бірлесе отырып, науқастың өмірін небары екі күнге созып береді деген сөз.
Дерттен айығудың бір жолы ғана бар. Ол — бүйрекке трансплантация жасау. Бүгінде Гауһарға бүйрегінің бірін беретін қайырымды жан да табылды. Енді кезеңдерден құрылған түрлі талдамаларды жасатып, Алматы немесе Нұр-Сұлтан қаласына барып, ота жасатуға қомақты қаржы қажет.
— Қызым бас кезінде осындай дертке шалдыққанына қамығып, өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтып, күйзеліске ұшырады. Алайда үміттің барын біліп, еңсесін тіктеп, басын көтерді. Қазір біз Қандыағаш қаласындағы «MEDLIFE» медициналық орталығына барып, күнара гемодиализ жасатып тұрамыз. Ол жерде дәрігерлер барынша көмек көрсетіп, жағдайымызға қарап жатады. Дегенмен «шықпаған жанда үміт бар» демекші, қызыма ота жасалып, денсаулығы қалпына келсе деймін. Бүгінде донор болуға келіскен адамға да айтар алғысым шексіз! Гауһар әлі жап-жас. Көрер қызығы мен бақыты алда. Қызыма бүйрек салу отасы тезірек жасалмаса, өмірі қыл үстінде тұр. Шетелде бүйрек салдыруға болады. Бірақ оған еш мүмкіндігіміз жоқ. Еліміздегі А.Сызғанов атындағы ғылыми хирургиялық орталыққа да хабарласып көрдік. Ол жерде ота жасалатынын білдік. Бірақ барлығы үшін қыруар қаражат керек. Басымызға түскен ауыр жағдайда көмектесулеріңізді сұраймыз. Қасиетті Рамазан айында қайырлы істен үлкен үміт күтеміз. Алланың разылығы үшін көмек берсеңіздер, — деді баласы үшін егілген Сәния.
Ал Гауһарды таңнан-таңға сүйреп келе жатқан біріншіден, қайсар мінезі болса, екінші, өмірге деген құштарлығы! Ол өмірді шексіз сүйеді. Гауһар үйдің үлкені. Артында оған үміт артып, қарайлап өсіп келе жатқан 4 бірдей бауыры бар. Ол болашақта ағылшын пәнінен сабақ беретін мұғалім болғысы келеді. Үлкен үй салып, сол үйдің ауласынан ұзатылып шығатын күн мен аяулы жар, ардақты ана болатын кезді жиі армандайды.
Арманыңа жет, Гауһар!

Гауһар Ноғаеваның денсаулығына алаңдап, көмек көрсеткісі келетіндер үшін төмендегі реквизитті ұсынамыз:
Kaspi Gold: 87711845009,
Н.Сания.
Halyk bank: 4405639718352774

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ БАСТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ҚЫЗЫЛШАНЫҢ ЕМІ — ЕКПЕ

admin_mugalzhar

Қытай Қазақстанмен арадағы шекараны жапты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.