«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖАНЫҢДА ЖҮР ЖАҚСЫ АДАМ

ГАЗЕТІМІЗДІҢ БҮГІНГІ САНЫНАН БАСТАП «АЙТАРЫМ БАР…» АТТЫ ЖАҢА АЙДАР СІЗДЕРГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ. ОСЫҒАН ОРАЙ ӨЗІҢІЗДІҢ КӨКЕЙІҢІЗДЕ ЖҮРГЕН ТОЛЫМДЫ ОЙЛАРЫҢЫЗДЫ ҚАҒАЗ БЕТІНЕ ТҮСІРІП, ГАЗЕТ РЕДАКЦИЯСЫНА ЖОЛДАУЛАРЫҢЫЗҒА БОЛАДЫ. АЛ БҮГІН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫНДА ОЙ ТОЛҒАҒАН ГҮЛНАЗ ЕСІМДІ ОҚЫРМАННЫҢ ХАТЫН НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНАМЫЗ.
СІЗДЕРДЕН СҰҢҒЫЛА ОЙ МЕН СҮБЕЛІ СӨЗГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ХАТТАР КҮТЕМІЗ, ОҚЫРМАН!

Жақсылық пен игілікті іс жасау — үлкен адамгершіліктің белгісі. Адамгершілік дегеніміз — қиналған жанға жанашырлық таныту, жылаған адамды жұбату, біреудің ала жібін аттап өтпеу, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, табиғатты аялау, шынайылыққа ұмтылу, әділеттілік таныта білу. Ал бүгінгі біз өмір сүріп жатқан ғасырда адамгершілікті сақтап қалу өте қиын. Себебі, адамды азғыратын ақша бар, алтын бар, атақ пен даңқ бар, желідегі мыңдаған лүпіл бар. Осының барлығы біздің шынайы бет-бейнемізді көрсетіп, адамгершілік танытуымызға кедергі жасайды. Дегенмен басқа адамдарға көмектесіп жүрген абзал жандар да бар болып шықты.
Мен Қандыағаш қаласында тұратын Жамал есімді жалғыз басты қарт әжейді танимын. Оның жасы үлкейген, үй шаруасына да икемі көп келе бермейді. Әжемен әңгіме-дүкен құрып отырып, өзіне қамқорлық көрсетіп жүрген жастардың барын айтты. Олар әлеуметтік желідегі инстаграмда «izgi_gala» деген атаумен парақша ашып, мұқтаж жандарға көмектеседі екен. Әжей қайырымды жастардан құралған топ мүшелерінің үйіне жиі келіп, азық-түлігін әкеліп, үнемі телефон соғып, әжейдің жағдайын сұрап тұратынын айтты.
— Солардың ішінде жаныма жақын, иман жүзді, жүрегі мейірімге толы балам бар. Бірде Рамазан айында оразаның уақытында, үйіме үш жігіт болып келді, қасында имам да бар екен. Ауыз ашар уақытында менімен бірге отырып ауыздарын ашып болып, тозығы жетіп тұрған ас бөлмеме жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаңадан түс қағаз жабыстырып, шашылған жердің барлығын тазалап, жуып, жинап беріп кетті. Мейрам күндері де келіп, көңілімді аулап, сыйлық тарту етіп, қуантып отырады. Балаларыма Алланың нұры жаусын! Осындай тәрбиелі, ақылды, иманды балаларды дүниеге әкеліп, өсіріп жеткізген ата-аналарына мың алғыс айтамын. Балаларыма Раббым Аллам разы болсын! — деп ағынан жарылды.
Халқымыз қайырымды, мейірімді жанды «адамгершілігі мол адам» деп дәріптеген. Ал өзге адамдардың қамын ойлау адамгершіліктің мөлдір айнасы. Қаламызда, жанымызда осындай адамгершілігі мол жастарымыз барда біздің болашағымыз жарқын болатынына сенемін! Қайырымды болайық!
Гүлназ ҚАЗБЕКҚЫЗЫ,
Қандыағаш қаласы

Ұқсас ақпараттар

БАЛАЛЫҚ АРМАНЫ ӨМІРЛІК МАМАНДЫҚҚА АЙНАЛДЫ

admin_mugalzhar

ЖАҢА ӨМІР, ЖАҢА ЖЫЛ, ЖАҢА КҮНМЕН КӨРІСУ

admin_mugalzhar

Биылғы егін бітік шықты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.