«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Мамырдағы мерекелер: облыста 209 шара өтеді

Мамыр — мерекеге толы ай. Биыл 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні, 7 мамыр — Отан қорғаушылар күні және 9 мамыр — Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар облыс бойынша кең көлемде атап өтіледі. Қазіргі таңда жалпы саны 209 әскери-патриоттық, мәдени шараны офлайн форматта өткізу жоспарланып отыр. Алдағы мерекелерге арналған іс-шаралар жоспары туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың қатысуымен өткен брифингте айтылды.
— Облысымызда Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шаралар 22 сәуірде басталып кетті. Қазір облыс орталығында, аудандарда әртүрлі іс-шара өтіп жатыр. 1 мамыр күні ақтөбеліктер мен қала қонақтары үшін орталық 14 алаңда мерекелік, концерттік бағдарламалар өткізіледі.
2 мамырдан бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығы және Жеңістің 77 жылдығына арналған шаралар кешені басталады. Биылғы мерекелік шаралардың ерекшелігі — әскери-патриоттық бағыттағы бағдарламалар 2-9 мамыр аралығында үздіксіз өткізіледі. Яғни әр күнге жеке-жеке атау беріліп, соның шеңберінде акциялар, экскурсиялар, спорттық жарыстар, әскери-патриоттық ойындар, жаттығулар, әскери театрландырылған көріністер, концерттер ұйымдастырылады.
9 мамыр — Жеңіс күнінде өңірде «Мәңгілік полк» шеруі өтпейді. Биыл бұл шерудің форматы өзгерді: Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен аталған шара «Жаужүрек полк» платформасында және әлеуметтік желілердегі аккаунттарда онлайн ұйымдастырылады, — деді Л.Оразбаева.
Оның айтуынша, биыл Ұлы Отан соғысы ардагерлерін материалдық қолдау үшін 2 миллион теңге мөлшерінде біржолғы төлем беріледі.
— Қазіргі таңда облыста Екінші дүниежүзілік соғыстың 8 ардагері бар. Оның алтауы — Ақтөбе қаласында, біреуі — Мұғалжар, біреуі Хромтау ауданында тұрады. Жалпы өңірде Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына теңестірілгендердің саны — 1933 адам. Оларға төленетін біржолғы көмектің мөлшері — 50-100 мың теңге көлемінде, — деді басқарма басшысы.
Айбек Көпеновтің айтуынша, Қазақстан халқының бірлігі күнінде облыс орталығындағы басты шара ҚР Тұңғыш Президенті саябағында өтеді. «Татулығымыз — бір шаңырақ астында!» тақырыбындағы мерекелік бағдарлама аясында көшеттер мен қолөнер жәрмеңкесі, сондай-ақ «Ұлттық биім — елге сыйым» атты республикалық би фестивалі ұйымдастырылады.
— Жоғарыда атап өткеніміздей, «Ақтөбе — алтын бесігім» атты ашық концерттік бағдарлама қаламыздағы 14 алаңда ұйымдастырылады. Олар — Абай ескерткіші алдындағы алаң, қалалық Мәдениет үйінің алаңы, Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ, Нан комбинаты шағын ауданындағы «Ғашықтар» саябағы, Кереев көшесіндегі «Пушка» алаңы, Батыс-2 шағын ауданындағы «Денсаулық» саябағы, Әлия Молдағұлованың монументі алдындағы алаң, Есет батыр шағын ауданындағы алаң, Әуе қалашығы шағын ауданындағы «Авиатор» саябағы, Қобыланды батыр атындағы орталық стадион алаңы, Кеңес Нокин ауылындағы Мәдениет үйі алаңы, Сазды, Қурайлы мәдениет үйі алаңдары және Жаңақоныс тұрғын үй алабындағы алаң.
Атаулы 9 күнге арналған іс-шаралар облыстың барлық аудандарында да ұйымдастырылады. Тұрғындарды осы шараларға атсалысып, үлес қосуға шақырамыз, — деді Алтынай Юнисова.
Брифинг соңында басқарма басшылары БАҚ өкілдері мен тұрғындардың әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдарына жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

«DAMDY-нің» ДӘМДІ ӨНІМДЕРІ

admin_mugalzhar

Ақтөбе әуежайы уақытша жабылады

admin_mugalzhar

Алматыда үшінші теміржол вокзалы салынады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.