«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТҮЛЕКТЕР ТАРТУЫ — «МЕКТЕПКЕ ТАҒЗЫМ»

Мектеп — білім ордасы. Білім ордасынан түлеп ұшқан түлектер сағына келіп қауышуы, талай жылды артқа тастап, ұстаздармен кездесуі көз қуантады. Соның тағы бір көрінісі, биыл біз, Жаңажол орта мектебін бітіргендеріне 30 жыл болған түлектер, білім берген ұстаздарымызды шақырып, кездесу ұйымдастырдық. Әр өңірде құрдастар мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30, сол сияқты белгілі бір жылдары кездесіп жатады. Көпшілігі мейрамханада тойлайды немесе табиғатқа шығып серуендеп, мереке жасайды. Мен өз басым мектеп бітіруге арналған кездесуге міндетті түрде мектепке барып, құрметімізді көрсету керек деп ойлаймын. Бұл 30 жылдық кездесуді ұйымдастыру былтыр қараша айында ойға келді. Құрдасым Нұрымжан Қуандықов екеуміз кездесу туралы кластастарға ұсыныс айттық. Қазір дамыған заман whatsapp желісінде талқылап келіскен соң, мектепке не естелік қалдырамыз деген сұрақ туындайтыны анық еді. Мектеп алдында тұрған стелла көнерген болатын, соны жаңғырту ойға келді. Ол көнерген стелла туралы құрдасым М.Нұрсейтов еске салды. Сонымен мектеп директоры Нұрлан Медеуовқа хабарласып, мән-жайды айтып келістік. Ол ризашылығын білдірді. Дизайнын өзім ойластырдым. Стелланы толығымен үйде өзім жасап, 17 мамырда ауылға апарып орналастырып кеттім. Әрине орнатуға ауылдағы кластастар көмектесті. Сонымен мектеп алдындағы стелла дүниеге келді. Оны «Мектепке тағзым» бұрышы деп атар едім. Адам қанша жыл өмір сүрсе де, қандай іспен айналысса да, өмірдегі ең ұмытылмас сәттер, ол мектепте өткізген уақыты, Адам қандай биікке жетсе де сол биікке жетуде мектепте алған білім мен тәлім тәрбиенің орны зор. Қандай мәртебеге ие болсақ та, ол бір кездегі аяулы ұстаздарымыздың берген білімі мен Жаңажол топырағында ата-анамыздың берген тәрбиесінің арқасында деп білемін. Сондықтан да туған жердің де, білім нәрімен сусындатқан мектебіміздің де қадірі әрқашан биікте болады. Қанша жылдық кездесу болса да, мектепке барып тағзым еткен дұрыс деп ойлаймын. Осы кездесуге атсалысқан барша құрдастарыма алғысымды айтамын. Әсіресе Шарбақова (Абданбаева) Ақкөгершін Абайқызы алыс жолды артқа тастап, елордадан құрдастарын сағынып келгені үшін құрдасыма мың алғыс айтамын, бар жақсылықты тілеймін.
Майсат АХМЕТОВ, Жаңажол орта мектебінің 30 жыл бұрынғы түлегі

Ұқсас ақпараттар

Мұғалжар ауданында 80-ге тарта мүмкіндігі шектеулі жан санарийлерде демалды

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысының әкімі тұрғындарға үндеу жасады

admin_mugalzhar

ОРҚАШТЫҢ ОРМАНЫНДА «ҚЫЗЫЛ КІТАПҚА» ЕНГЕН 32 ӨСІМДІК КЕЗДЕСЕДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.