«Қазір адамдар TikTok пен Facebook-ті қарайды. Бірақ олардың 1 беттен артық ақпаратты оқуға шыдамы жетпейді. Олар ақпаратты тек мәтін түрінде емес, визуалдық күйде тұтынады. Бұл — үлкен проблема. Өкінішке қарай, әлде, мүмкін, бақытымызға орай деуіміз керек те шығар, біз де осыған бейімделуіміз керек». Президент Қ.К.Тоқаевтың осы сөздерін естігенде бірден ойыма келгені: бұл ашық айтылмай келген таза шындық қой! Осы бір тұжырымда үлкен гәп бар, ол адам психикасына байланысты. Қазіргі алмағайып заманда адам баласы жүйкесі тозыңқырап, тым әлсізденіп, табиғи қуатынан айрылып барады. Невротиктер көбейді. Ғалымдардың айтуынша, стрессті және мазасыздықты жеңілдетуге релаксация немесе релаксация әдістері өте жақсы көмектеседі. Мәселен, адам жанына музыкалық релаксация қалай әсер етсе, лирикалық мәтіндер де психологиялық тұрғыдан дәл солай әсер ететін тәрізді. Ондай мәтіндер күнделікті күйбең тіршіліктен шаршаған оқырманның бар алаңдауларын ұмыттырып, бір сергітіп-ақ тастайды. Жақында аз ғана тиражбен жарық көрген «Құрақ көрпе» атты соңғы шағын жинағым (аудандық кітапхана алған болар) осындай бағыттағы тәржімалардан тұрады. Қай материалды алсақ та, жеке адамның рухын көтеруге арналған. «Ешкім де» (Яков Кедми), Тая Найденконың «Киті» болсын, Андрей Бильжоның «Жасандылығы» мен «Дағдарысы» болсын, қай-қайсы да оқырман эмоциясына оң әсер етеді. Ал өзіме афоризмдер қатты ұнайды. Кейбірін оқыған сайын қайтадан үңіле түскің келеді. Мысалға, Ольга Рунаның «Хаттарын» алайыншы: «Хаттар. Біз хат жазудан мүлдем қалдық. Хат жазумен айналыспаған соң, үтірлермен тыныстауды, жол арасында аялдауды, көпнүктелердің тыныштығын тыңдауды ұмыттық… Бір-біріміздің жазуымызды біле алмайтынымыз, тани алмайтынымыз қандай өкінішті… Жазудың ырғағын, өлшемін, бастауындағы толық емес тактілерін, синкопалары мен бриджін сезіну ғанибетінен қалыс қалдық… Бар болғаны жарты тонға ғана жоғарылатқандағы модуляция ше? Қандай тамаша! Теңдесі жоқ дыбыс… Ірі, сыптай тізілген, каллиграфиялық дерлік әріптердің кенет абыржып, асығаүсіге, жарамсақтана, ұсақтала түсетінін байқаған да боларсыз… Немесе хаттың бастауындағы алғашқы «Сәлеметсіз бе?» сөзі мен соңғы «Күтемін» деген сөзді бір адам емес, алабөтен екі адамның жазғанындай әсеріңіз есіңізде шығар… «Сәлеметсіз бе?» деп берік, тастай қол жазғандай, ал соңғы «Күтемін» деген сөзді тіпті басқа біреудің жұмсақ, дірілдеген қолы жазған сияқты… Күткен жанның қағаз бетіне жазумен төгілген сезімінің бар ғажайыбы мен тұзы да, міне, осы айырмашылықта жатқан жоқ па?…» Ал мына жолдарға неге сүйсінбеске: «Кейбір өлеңдерді бір оқып қана қоймай, қайта-қайта оқи бергің келеді. Гүлзардағы әсем гүлдердей жұпар исімен олар өздеріне тартады да тұрады, тартады да тұрады. Әрбір сөздің ішінде, кез келген жыр жолдары арасында көп және саналуан терең сыр жасырынып жатқандай…. Сен оны бұрыннан білмесең де, бір көргеннен жақын көрінетін, өзіне еріксіз тартатын адамдар болады. Олардың жан жылуы анаңның аялы алақанындай әсер етеді. Күнге қалаған уақытымызда «Маған сәуле шаш!» деп бұйыра алмайтынымыздай, сен оларды жаныңда ұстап қала алмайсың. Қасымызда болмаса да, кезіккеніміз үшін, олармен табысқанымыз үшін тағдырға ризашылығымызды білдіреміз…
Жырақта болса да, жанынан табылсам дейтін, әлденеге қуантсам дейтін жандар болады. Сенің тілеуің — олардың бақытты болуы. Әлемдегі бар жақсылық соларға бұйырса дейсің. Олар саған қарыздар емес, сенің де олардың алдында ешқандай да берешегің жоқ. Бұл шын жүректен шыққан бір алау, от сезім. Сен оларды жиі еске аласың, ал қайта жүздескен сәтте сол сүйікті жандардың сенімен бір жұмыр Жерде күн кешіп жүргеніне шүкірлік етесің іштей…» (Владимир Шустов) Айтқандайын, осындай таңдаулы аудармаларыммен оқырманымды селт еткізсем, көңіліндегі кірбіңді аластатып, жадырата алсам, маған одан артық бақыт жоқ. Ал әңгіме басында айтылған сөзден кітапқұмарлар арасында үлкен роман, повесть, әңгіме не поэма оқуға қызығатындар жоқ деп түйін түю диалектикалық тұрғыдан алғанда, әрине, біржақты көзқарас болып табылады. Қысқасы, не тартса, соны оқыңыздар, оқыңыздар, көңілдеріңізге тоқыңыздар… Не де болса, дендеріңіз сау болсын және өздеріңізге бекем болыңыздар.
Нағашыбай БАЛМАХАНҰЛЫ, әлем халықтары жазушылары Одағының мүшесі, Ақтөбе қаласы.