Арайлым НҰРБАЕВА, облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі:
— Журналистика саласында еңбек етіп жүргеніме биыл жиырма жыл болыпты. Бала күнімде теледидардан әлсін-әлсін жаңалықтар оқитын дикторларға қатты қызығатынмын. Сосын бұрын ауылда әрбір үйдің шарбағында арнайы пошта жәшіктері тұратын. Соған ауылдағы пошташы апай Қалау газет-журналдардың жаңа санын салып кететін. Кейде арасында хат та келіп жатады. Анам мерзімді басылымдарға жыл сайын жазылатын. Әсіресе, сол кездегі «Жалын», «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарымен қоса, «Коммунизм жолы», «Еңбек таңы» сияқты газеттер үйімізге күн құрғатпай келіп тұратын. Сонда әлгі пошта жәшігінен газетжурналдарды үйдегілерден бірінші болып әкелуге асығатынмын. Менің журналистикаға деген қызығушылығым осылай басталды.
Туған жерім — Мұғалжар ауданының Родник, қазір Бұлақты аталатын ауылында орта мектепті аяқтаған жылы, менің бағыма, сол кездегі Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің филология факультеті жанынан журналистика бөлімі ашылып, сонда құжаттарымды тапсырған едім. Бізге өзім кішкентайымнан аты-жөндері газет арқылы таныс журналистер — марқұм Әмір Оралбай, Айдос Шөкіш сияқты ағайларымыз дәріс берді. Кейін облыстық «Ақтөбе» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп, ондағы журналист ағайапайларымыз — Ертай Ашықбаев, Нұрмұхамбет Дияров, Аманғос Орынғалиұлы, Индира Өтеміс және басқаларын жақын тани бастадық. Бүгінде сол кісілермен бірге қызмет етіп жүргеніміз — біз үшін үлкер мәртебе, зор мақтаныш. Олардың журналистика саласындағы бай тәжірибесінен әлі де болса үйренеріміз көп.
Алдыңғы
Келесі