«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҮЛКЕН ҮМІТ СЫЙЛАҒАН ҰЖЫМ

Индира ӨТЕМІС, ҚР Ақпарат саласының үздігі:
Мұғалжар ауданы ол кезде Октябрь ауданы, ал аудандық газет «Октябрь туы» аталатын. Аудан орталығы қазіргі Қандыағаш қаласына 1985 жылдың желтоқсанында әкемнің қызмет ауыстыруына байланысты Ойыл ауданынан көшіп келген едік. Бала күнімнен «Қазақстан пионері» газетіне мақала жазып тұратын мен отбасымыз жаңа мекенге әбден орнығып, өзім де жаңа мектеп, жаңа кластастарыммен үйренісіп алғаннан кейін, аудандық газеттің редакциясын іздеуге шыққаным есімде. «Октябрь туы» екі тілде жарық көретін газет әрі сол кезде, негізінен, орыс тіліне басымдық берілетін болғандықтан, оны қолыма алғаш ұстағаннан-ақ, бірден редакторы қай ұлттан екенін қарадым.
Редактордың қазақ болуы мені қатты қуантқан еді. Редактор Бақытжан аға Ниеталин бір қарағанда сұстылау болғанымен, адамға жанашыр, қолынан келген көмегін аямайтын жан секілді сезілді. «Қазақстан пионеріне» шыққан аз-маз дүниемді қолыма алғанмын. Соларды көрсетіп, «болашақта журналист болғым келеді. Сіздермен хабарласып, өздеріңізден тапсырма алып тұрсам бола ма?» — деп, өтінішімді айтып жатырмын. «Иә, бізге соңымыздан еретін жас буын, ізбасарлар керек. Жазып тұр, жазғаныңа қараймыз», — деді. Бұл 86-ның желтоқсанынан кейінгі ұлттық серпіліс жылдары болатын. Айтыс жанданып, Наурыз мерекесі қайта оралып, басқа да ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғыртуға айрықша күш салынып жатқан кез. Қандыағашта қазақ балаларын қазақ мектебіне беру, қазақ балабақшаларын ашу мәселелері көтеріле бастады. Өзімнің класс жетекшім, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, мені осы пәннен оқушылар арасындағы аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларға дайындап, республикалық олимпиаданың екі мәрте жүлдегері атануыма зор еңбек сіңірген Күләш Ақбалина, физика пәнінің мұғалімі Мүслима апайымыз, «Жастық» шағын ауданындағы №2 орыс орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Аймекен апай және басқа да ұстаздар осы ұлттық сананың қайта түлеп, серпілген жылдарындағы көп игі іске үлкен жанашырлықпен атсалысты. Олардың сүйікті шәкірті ретінде мен де аз-маз қолғабысымды тигізіп, өткізген іс-шараларын аудандық газетке жазып беруге асығатынмын. Сондай жазғанымның бір-екеуін көргеннен кейін, Бақытжан аға мені ынталандыра түсуді ойласа керек, «газеттің штаттан тыс тілшісі» деген куәлік жазғызып, қолыма ұстатты. Соншалықты жазып жатпасам да, мен осы куәлігімді тастамай, өзіммен алып жүруші едім. «Штаттан тыс» болғанмен, тілші ретіндегі алғашқы куәлігім болған соң, ерекше қымбат көрінетін…
Мектеп бітіретін жылы бар күшімді, уақытымды оқуға жұмсадым.
Редакцияға бір барғанымда Бақытжан аға: «Оқуға кетеріңде бізге соғып, жолдама алуды ұмытпа. Бізге маман керек, бітіргеннен кейін өзіміз жұмысқа аламыз, мақсатты жолдама жазып береміз», — деді. Ол кезде баламын, біле бермеймін, бірақ осы сөзді үйге айтып келгенімде, әке-шешемнің қатты қуанғаны есімде. Өйткені мақсатты жолдамасы бар адам емтихандардан құламай өтсе болды, ары қарай оқуға бірінші кезекте қабылданады екен. Сондайжеңілдігі бар құжатпенжәне бір ұжымның ақ тілегімен аттану, әрине, өзіме де үлкен үміт, күш сыйлаған еді. Себебі, қазіргідей емес, ол кезде жоғары оқу орнына түсу оңай болмайтын, мектепте жақсы оқыған аға-әпкелеріміздің оқудан «құлап» келгенін көріп, іштей қобалжудан арылмайтынбыз…
Бұрынғы Октябрь, қазіргі Мұғалжар аудандық газетінің редакциясы мен үшін — осындай естеліктермен ыстық ұжым. Бақытжан аға Ниеталинді журналистік өмірдегі алғашқы ұстаздарымның бірі санаймын. Аудандық газеттегі әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз еліміздің өркендеуі, қоғамның игілігі жолында еткен еңбектеріңіз жемісті болсын, журналист ретіне абырой биігінен көріне беріңіздер дегім келеді.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда 14 мың ата-ана баласы өскенде ЖОО-да білім алуы үшін депозитке ақша жинап жатыр

admin_mugalzhar

СҮЛЕЙМЕННІҢ ҚИЯРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ

admin_mugalzhar

«ЖҰБАНОВТАР ӘУЕНДЕРІ — 2024» ӘН БАЙҚАУЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.