Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуарбек Қонжардың қатысуымен баспасөз жиыны өтті.
Жиында халықтың осал топтарын қолдау мақсатымен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде әңгімеленді.
Оның ішінде ең басты өзекті мәселе — жұмыссыздықты азайту.
— Бұл орайда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы ұлттық жобалар оң нәтиже беріп отыр, — деді Әнуарбек Қонжар.
Биылғы алғашқы жартыжылдықта облыста 13,9 мың жаңа жұмыс орыны құрылған. Оның 5,5 мыңы тұрақты жұмыс болса, ал өзгелері — уақытша істейтін (маусымдық, т.б.) жұмыстар.
Облыста «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтушы санатындағы барлығы 53 мың адамды еңбекпен қамту бағытындағы түрлі іс-шараларға тарту жоспарланған. Осы жоспар шеңберінде 1 шілдеге дейін түрлі шаралармен қамтылғандар саны — 24 785 адам. Оның ішінде 15 212 адам бос жұмыс орындарына орналасса, 637 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілді. Сондай-ақ әлеуметтік жұмысқа, жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға бағыттау, қайтарымсыз мемлекеттік грант беру, т.б. шаралар іске асырылды. Қазіргі күні жұмыссыздық деңгейі — 4,8 пайыз, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,4 пайыз болып отыр. Мысалы, республика бойынша жұмыссыздық деңгейі — 4,9 пайыз, ал жастар арасында — 3,9 пайыз екен.
Облыста қазір 22 839 көпбалалы отбасы бар. Бұл отбасыларда 100 мыңға жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Алты ай ішінде оларға 7,1 миллиард теңге жәрдемақы берілген.
Облыста 4,2 мыңнан астам отбасы кедейлік шегінен төмен тұратын аз қамтылған отбасылардың қатарын құрайды. Мұндай отбасылар саны өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында 5,1 мың болған екен. Ал атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасынан 655 адам жұмыспен қамту шараларына тартылып, нәтижесінде 354-і тұрақты жұмысқа орналасыпты.
Жыл басынан бері 286 отбасына тұрғын үй көмегі тағайындалған, оның жалпы сомасы — 4,3 миллион теңге. Тағы 33 отбасына жалпы көлемі 29,3 миллион теңге болатын тұрғын үй сертификаттары берілді. Сондай-ақ жыл басынан бері демеушілер де аз қамтылған отбасыларға 44 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсеткен.
Сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік қолдау бағытында жасалып жатқан жұмыстар туралы да айтылды. Облыста ондай санаттағы адамдар саны — 28, 2 мыңға жуық. Биыл Ақтөбеде мемлекеттік тапсырыс аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталықтары да іске қосылды: 16 жасқа дейінгі балаларға арналған «Мәлика» оңалту орталығы, «Ақтөбе Даму» ҚҚ-ның оңалту орталығы және «Бізбен бірге» ҚҚ-ның әлеуметтік қолдау көрсету орталығы. Алдағы уақытта Қобда ауданының Егіндібұлақ ауылында 55 орындық оңалту орталығын ашу жоспарланған.
А.САРЫБАЙ, «Ақтөбе» газеті.