«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БАУЫРЖАН — ӘЛЕМДІК АРЕНАДАҒЫ ТӨРЕШІ

«МҰҒАЛЖАР МАҚТАНЫШЫНЫҢ» БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІ – КӘСІПҚОЙ БОКСТАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ ТӨРЕШІ БАУЫРЖАН ИСКАКОВ. АЛДЫМЕН БОКСПЕН АЙНАЛЫСЫП, КЕЙІН ЖАТТЫҚТЫРУШЫ БОЛҒАН КЕЙІПКЕРІМІЗ БҮГІНДЕ ШАРШЫ АЛАҢНЫҢ ТӨРІНДЕ ТӨРЕЛІК ЕТІП ЖҮР.

Біздің анықтама:

Бауыржан Искаков — Қандыағаш қаласының тумасы. №2 орта мектебінің 2008 жылғы түлегі. Сол жылы Ақтөбе қаласындағы А. Жұбанов атындағы колледжіне сырттай оқуға түсіп, 2011 жылы аяқтап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алған. Араға 3 жыл салып, 2014 жылы Орал қаласының Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіне сырттай оқуға түсіп, 2017 жылы тәмамдайды. Отбасылы, 3 баласы бар.

Төрешіліктен бұрын боксшы болған Бауыржанды бокс әлеміне 1997 жылы әкесі жетектеп әкелді. Содан 2009 жылға дейін осы спорт түрімен айналысып, бокстан спорт шеберіне үміткер атағын алды. 2009 жылы Қандыағаш қаласындағы Балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасып, 11 жыл бойы шәкірт тәрбиеледі. Ал төрешілік мансабын 2009 жылы әуесқой бокстан бастаған Бауыржан бүгінде арнайы құрылған Қазақстан кәсіпқой бокс комиссиясында ресми төреші ретінде тіркелген. Ел ішіндегі бокстарға төреші ретінде ай сайын шақырту алып, халықаралық деңгейдегі жекпе-жектер өтетін шаршы алаңдарда да рефери қызметін атқарады. Бауыржан бокс жаттықтырушысынан төрешілікке ауысуының себебін өзі айтып берді.

2018 жылы кәсіпқой бокс саласына төрешілікке толық ауыстым. Оған бірден-бір себеп болған досым Жалғас Тукешов болды. Ол ҚР спорт шебері, қазіргі таңда Қазақстанға белгілі кәсіпқой бокстың промоутері. Ол екеуміз бала кезімізден бірге қолбақ түйістірген дос болдық. Кейін мен Қандыағашта, ал ол Алғада жаттықтырушы болды. Талай рет бірге Ақтөбе облысының атынан жарыстарға балаларды апарып жүрдік. Міне, сол досым мені шақырып, «бағыңды сынап көр» деген болатын. Содан бері қарай осы Жалғас екеуміз Қазақстанда және шетелде өтетін жекпе-жектерде бірге жүреміз. Менің төрешілік мансабыма үлкен себепші болған осы досыма да үлкен рахмет айтып, алғыс білдіргім келеді. Тағы бір үлкен алғысымды ең алғашқы жаттықтырушым Аманкелді Үсенбаевқа айтамын. Ол да менің осы дәрежеге жетуіме атсалысқан аз ғана жандардың бірі.

Қазірге дейін Бауыржан бірнеше әлем және шет ел чемпионаттарында 300-ден аса жекпе-жекке төрелік етіп үлгерген. Байрақты бәсекелерде қазылық жасау мәртебесі кез келгенге бұйыра бермейтіні айтпаса да, белгілі. Ол үшін бірнеше сатылы іріктеу жүргізіледі. Оған қандай да бір спорттың түрі мен ережесін егжей-тегжейлі білетін, оның қырсырымен жете таныс адамдар сұрыпталып алынады.

Рефери қызметінің маңыздылығы сол — ол екі боксшының жекпе-жек кезінде өміріне жауапты жан. Яғни спортшының денсаулығына қатты нұқсан келмеуін қадағалап, уақытылы тоқтата білуі керек. Жалпы шаршы алаңға шыққан спортшының жеңіске жетуіне оның өзімен бірге жаттықтырушысының атқаратын рөлі зор. Бұл орайда бапкердің білімі мен білігі де басты басымдыққа ие. Ол үнемі өз-өзін жетілдіріп отырғаны абзал. Себебі ережелер жиі өзгеріп тұрады, — дейді ол.

Бауыржан қазір шет тілін үйреніп, түрлі шетелдік семинар ларға қатысып жүр. Тәжірибе алмасудан да бас тартпайды. Себебі әлемдік деңгейдегі төрешілік қызметі ағылшын тілін жетік меңгеріп, жалпы жан-жақты болуды талап етеді.

Ұйымдастырушылар турнир алдында қандай ерекшеліктер мен өзгерістер барын толыққанды түсіндіреді. Егер бокс ережесіне қандай да бір жаңалық енгізілсе, алдымен бізге жеткізеді. Ал әрбір төреші өз командасын хабардар етеді. Сондай-ақ, төрешілердің біліктілік деңгейін жетілдіретін түрлі семинарларға қатысып тұрамыз. Мұндай курстарды халықаралық федерация да, республикалық ұйым да өткізе алады. Төрешілерге арналған санатты сәтті қорғау үшін барлық сынақты ағылшын тілінде тапсырамыз. Алдымен теория, кейін жарыс кезіндегі біліктілік тексеріледі, — дейді Бауыржан.

Халықаралық дүбірлі додаларда түрлі оқиғалар орын алады. Рингте де түрлі жағдайлар болып қалады, сол кездерде тез әрі дұрыс шешім қабылдайтын бірден-бір адам – рефери.

Өзіңнің жұмысыңды әділ жасап, кәсібилігіңді көрсете білсең, үлкен әлемдік деңгейде төрелік етуге мүмкіндік аласың. Әрине, адам болғасын, әрі өзім де боксшымын, «обал болды-ау» деп қатты таяқ жеп жатқандарды аяп тұратын кездерім болып тұрады. Бірақ қандай жағдайда да төрешілікте адалдық пен әділдік алғашқы орында тұруы қажет. Қауіпті жағдайда боксты уақытылы тоқтата білу керек, қателік жіберуге болмайды. Екі боксшының шаршы алаңдағы өміріне, денсаулығына жауапты болғандықтан, әрдайым қағидаларды оқып жүреміз. Бізді де теледидар арқылы сол жарыстың үстінде бақылап, үстімізден қарап отырады. Сондықтан мүлтіксіз өткізуге тырысамыз. Ал керісінше, «өзім білеміндікке» салынып, қателік жасай беретін болсаң, үлкен жарыстарға шақырту алу былай тұрсын, мансабыңа нүкте қойылуы мүмкін, — дейді төреші өз қызметі туралы.

Бүгінде дүбірлі додаларда, атақты спортшылар арасында жүрген жігіт негізгі жұмысымен бірге кәсіп саласын да игеріп, өз ісін де ашқан.

Оның алға қойған мақсаты, армандары әрине, көп. Қазіргі таңда Қазақстанда кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атағына шаршы алаңда төрелік еткен ең бірінші қазақ атанған Бауыржан Искаков енді үлкен әлемдік жекпе-жектерде, шетелдерде төрелік ете жүріп, елінің атын дүние жүзіне танытып, «Қазақстаннан шыққан әйгілі төреші» атансам деп армандайды. Бүгінде сол үлкен арманына жету үшін тоқтамай жұмыс жасауда.

Бауыржанмен сұхбаттасқаннан кейін, газет басылымға кететін күні кері хабарласып, «Бүкіләлемдік бокс кеңесі» ұйымының Президенті Маурисио Сүлейманнан Алғыс хат алғанын сүйіншілеп хабарлады. Алғыс хатта былай делінген:

«Бұл хат жақсы жауап табады деп үміттенемін. Мен бұл хатты эмоциямен, сағынышпенжазып отырмынжәне бұл біздіңжыл сайынғы конгресімізде әзірленген жаңа іс-қимыл жоспарына мотивация болады деп ойлаймын. Сізге 176 елдің атынан қатысатын барлық WBC мүшелерінің атынан Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында өткен WBC 61-ші конгресіне қатысқаныңыз үшін алғысымды білдіремін. WBC сіздің қатысуыңыз бен еңбегіңізді жоғары бағалайды. Іс-шараны ұйымдастырушылар үлкен күшпен, қуанышпен конгресстің сәтті өтуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Мен сондай-ақ WBC командасын және Сіздің барлық чемпиондармен бірге болғаныңызды мақтан тұтамын. Бұл — конгрессті тарихтағы ең үздіктердің біріне айналдырды. Оның бір бөлігі болғаныңыз үшін рақмет! Біздің сүйікті спортымызда өсуге және жаңа көкжиектерге жол ашуға көмектесетін ұзақ жұмыс сессияларында өткізілетін барлық бокс тақырыптары мен іс-шараларынан басқа, бұл жиын Өзбекстан сияқты басқа мәдениеттердің қаншалықты таңғажайып екенін білуге көмектеседі. Бұл бізге бір жыл бойы ауыр жұмыстан кейін бір-бірімізді көруге және өмір бойы есте қалатын естеліктер жасауға мүмкіндік береді. «Бүкіләлемдік бокс кеңесі» командасының және жеке өз атымнан бізбен бірге және осы отбасының бір бөлігі болғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын!

Маурисио Сүлейман, Бүкіләлемдік бокс кеңесінің президенті.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

9 мыңнан аса жұмыс орны құрылады

admin_mugalzhar

«237 миллиард теңге қажет»: Қанат Бозымбаев су тасқыны бойынша Мемлекет басшысына есеп берді

admin_mugalzhar

«КҮМІС ЖАС»: 64 АДАМ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.