Тәуелсіздік жылдарына дейін орысшаланған мектеп, ғимарат, көше атаулары көп еді. Алайда қазіргі кезде барлығы дерлік қазақшалануда. Тек бір кедергісі, құжатқа керек дерек көздерінің сақталмауында.
90-жылдары Құмжарған округіне қарасты ҚазССР 30 жылдық ауылының атауы Шеңгелши деп өзгерген еді. Ауыл атауы өзгергенмен, мектеп атауы сол қалпында қалған болатын.
— Жалпы өзім мектеп директоры болып осы мектепке тағайындалғалы 3 жылдан кетті. Осы уақыт аралығында мектеп атауын өзгертуге ұсыныс тастап, біраз жұмыстандық. Екі рет нәтижесіз болып, қағазымыз қайтып келді. Бұған басты себеп — архивте ауыл атауы өзгергені туралы деректердің мүлдем кездеспеуінде еді. Тек жергілікті тұрғындар ғана 90- жылдары өзгергенін айтып жүрді. Сонымен жалпы 2000 жылдан бері қарай осы мәселе көтеріліп, басшылыққа ұсынылып жүрген болатын. Басқа атауы өзгерген мектептердің құжаттарымен сәйкестендіріп, толықтырып, облыстық тілдерді дамыту орталығына тапсырдық. Соның сәті түсіп, биылғы оқу жылын жаңа атаумен бастамақшымыз. ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 24 тамыздағы №600 қаулысына сәйкес, мектеп атауы Шеңгелши орта мектебі болып өзгергеніне шын қуаныштымыз. Еңбегіміз еленді. Осы жолда көмек көрсеткен аудандық білім бөлімінің мамандарына, әсіресе, Сәуле Хамзинаға алғысымызды білдіреміз. Мектеп атауын салтанатты түрде 1 қыркүйек күні ашамыз деген жоспардамыз, — дейді мектеп директоры Шамиль Байтақұлы.
А.АЛТЫБАЕВА