«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Н.ҚОБЛАНОВ: «НАМЫС ДОДА» БАҒДАРЛАМАСЫ — ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТІМ

БҮГІНГІ СПОРТШЫ КЕЙІПКЕРІМІЗДІҢ БІРІ — ӘЛЕМДІК «НАМЫС ДОДА» ТЕЛЕШОУЫНДА ҚАЗАҚСТАН КОМАНДАСЫНЫҢ ҚҰРАМЫНДА ОЙЫН КӨРСЕТІП, БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТҚАН СПОРТ ШЕБЕРІ — НҰРЖАН ҚОБЛАНОВ.

Нұржан Қобланов 1977 жылы Мұғалжардағы Жағабұлақ ауылында дүниеге келген. Жаңажол орта мектебінің 1994 жылғы түлегі. Кейіпкеріміз бала күнінен спортқа жақын болып, түрлі спорттық шараларға қатысып, алдына биік мақсат қоя білген жан. Сол мақсатқа жету жолындағы еңбектің, қажыр-қайраттың арқасында бала күнгі арманының орындалғанына шын қуанышты ол: «Намыс дода» әлемдік шоу бағдарламасы өмірімдегі жұлдызды сәтім болды», — деп еске алады қазір.

— 2004 жылдары Ақтөбе облысы ІІДнің арнайы жасақталған бөлімінде қызмет атқардым. Соның нәтижесінде ҚРІІМ-нің ұйымдастыруымен өткен көпсайыс, қоян-қолтық ұрыс, ауылаудандық чемпионаттарда бірнеше рет чемпион атандым. Әсіресе, белтемірде айналу жаттығуында бірнеше рет топ жарып, чемпион атанған соң, 2007 жылы «Қазақстан» телеарнасы продюссерлерінен ұсыныс түсіп, ҚРІІМ-ке хат жолдап, мені сол Францияда өтетін ойынға қатысу үшін жұмыстан сұрап алды. Содан 2007, 2008 және 2012 жылдары қатарынан «Намыс дода» ойынына шақырту алдым. Бұл мүмкіндік күнде туа бермейді. Керемет көңіл-күй мен әсер сыйлағанын әлі күнге дейін ұмытпаймын. Ел көрдік, жер көрдік, танымал тұлғалармен жақынырақ танысып, көптеген достар, жолдастар таптық. Қолымнан келген күшімді аямай, өнерімді көрсеттім. Қазақстан халқының дәрежесінің үстем болуына өз үлесімді қосып, бірнеше жүлделі орындарды да иелендім, — дейді спортшы. Халықтар достастығы мен ел бірлігін нығайтуды көздеген бағдарламаны спортшының туған-туысы, әріптестері мен жерлестері әр демалыс сайын тағатсыздана күтіп, Нұржан спорт алаңына шыққанда қатты қуанушы еді.

— Қазіргі таңда құқық саласының зейнеткерімін. Дегенмен, зейнетке шықтым деп, спорттан қол үзгенім жоқ. Әлі де болса облыс ішінде ұйымдастырылып жатқан қандай да бір спорттық шара болса, қолымнан келгенше қатысып, атсалысып отырамын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Атырау қаласында 21 шақырымдық жүгіруден жарыс өткен болатын. Соған қатысып, ІІ орынды қанжығаға байлап келдім. Салауатты өмір салтын ұстанған жақсы ғой. Жастарға да осы ісіммен үлгі болсам деймін. Жақсы әдет — жақсы әдепке апарады. Ең әуелі артыңнан келе жатқан ұрпағыңа, бала-шағаңа үлгі болу керексің деп ойлаймын, — деген Нұржан Бақытжанұлы 2017 жылы «Күрең берет» сайысына қатысып, «күрең берет» иегері болды. Ал күрең берет тек дайындығы мықты жауынгерге ғана бұйыратыны белгілі.

Нұржан Бақытжанұлы одан бөлек грекрим және қазақша күрестен, сондай-ақ жеңіл атлетикадан, белтемірде аударылып, көтерілу гимнастикасынан облыстық, республикалық, халықаралық турнирлерге қатысып, бірнеше мәрте жүлделі орындарды бағындырған спорт шебері.

Айдана АЛТЫБАЕВА

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандық оқушылардың жазғы демалысы екі аптаға қысқармақ

admin_mugalzhar

АУДАНДА 1349 АДАМ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛАДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда әуе билеттері қымбаттады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.