МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНАН 15 ЖАС ЕКІНШІ МЕККЕ АТАНҒАН ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНА ЭКСКУРСИЯМЕН БАРЫП, ҚАЛАНЫҢ КИЕЛІ, КӨРІКТІ ЖЕРЛЕРІН АРАЛАУДА. ШАРАНЫ МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ ТАПСЫРЫСЫМЕН «ЖАС ӨРЕН» ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ» ҚБ ҰЙЫМДАСТЫРУДА.
САПАРҒА АУДАННЫҢ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРЫМЕН БІРГЕ NEET САНАТЫНДАҒЫ ЖАСТАР ТАРТЫЛДЫ. ОЛАР ҮШІН «ЖАС ӨРЕН» ЖАСТАР ОРТАЛЫҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ КИЕЛІ ЖӘНЕ КӨРНЕКІ ЖЕРЛЕРГЕ ЭКСПЕДИЦИЯ-ТУР ҰЙЫМДАСТЫРДЫ. ЭКСПЕДИЦИЯ БАРЫСЫНДА ЖАСТАР ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ МАВЗОЛЕЙІНДЕ, ҮКАШ АТА, АРЫСТАНБАБ КЕСЕНЕЛЕРІНДЕ, ОТЫРАР, САУРАН ҚАЛАШЫҚТАРЫНДА БОЛДЫ. СОНДАЙ-АҚ, ЖАСТАР ҮШІН ТҮРКІСТАНДА САЛЫНҒАН ЖАҢА МӘДЕНИ ҚҰРЫЛЫС — КЕРУЕН САРАЙ ТУРИСТІК ОРТАЛЫҒЫНДА МӘДЕНИ ДЕМАЛЫС ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.
ОТЫРАР ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ
Мұғалжарлық жастар Қазақстанның орта ғасырлардағы әйгілі қалаларының бірі Отырар тарихи кешенінде болды. Тарихта «Отырар апаты» деген атпен белгілі ежелгі қаланың тарихын жастар аса қызығушылықпен тыңдап, оның үйіндіге айналған орнынан табылған тарихи нысандарды өз көздерімен көрді.
Отырар – ертеден шығыс әлеміне танымал болған қала. Кейбір деректерге қарағанда осыдан екі жарым мың жыл бұрын оның орнында алғашқы қоныстар болған. Отырар Қазақ хандығы заманында мәдениеті мен экономикасы жақсы дамыған орталықтардың бірі атанған. Ол Иран мен Орта Азиядан Сібірге, Монғолияға және Қытайға қатынайтын сауда жолындағы маңызды қала болды. Отырарға жан-жақтан көпестер келіп-кетіп жатты. Мұнда медреселер, базарлар, ұстаханалар, тіпті қонақүйлер мен мешіттер, монша, сауда дүкендері жұмыс істеген. 1218 жылы Шыңғысхан басқарған Монғолдың қалың қолы Қазақстанның Жетісу өңіріне жорыққа шығады. Отырар сол кездегі ең мықты қалалардың бірі саналды. Оның билеушісі Қайырхан есімді әскербасы еді. Отырар қаласын басып алуға Монғолдар 1219 жылы 200 мыңға жуық әскерін аттандырады. Отырарлықтар өз қаласын қасық қандары қалғанша қорғап, беріспеді. Қатты қарсылыққа ұшыраймыз деп ойламаған Шыңғысхан ашуланып, қаланың бекініс орнын жермен-жексен етіңдер деген бұйрық береді. Қала тұрғындары бес ай бойы жауға берілмей шайқасады. Қалада азық-түліктің қоры да таусылады. Аштыққа шыдамай, «соғыс жеңіліспен аяқталады» деген оймен Қаража атты сатқын өзі басқаратын Отырар әскерінің 10 мың адамнан тұратын бір бөлігін бастап моңғолдар жағына өтіп кетеді. Ол қаланың дарбазасын жауға ашып береді. Соның опасыздығынан қаланы 1220 жылы ақпанда монғолдар басып алды. Аңыздарға қарағанда, кейін монғолдар Қайырханның тамағына қорғасын құйып өлтіреді. Ал сатқын Қаража да ажал құшады. «Өз елін сатқан адам өзгені де сатады» деген ұстанымда болған Шыңғысхан оны да өлтіруге бұйрық береді. Отырардың орны әлі де зерттелуде. Бүгінгі күнге дейін бұлт жерден бірнеше нысандар табылған. Оның ішінде Отырар қаласының қоған қақпасы, Бердібек сарайы, монша, ұстахана, бірнеше тұрғын үйлердің орындары анықталып, ол жер астынан қазылып, кейбір нысандар қайта қалпына келтірілген. Топ археологтардың жұмысымен де танысты. Тарихи жерде зерттеу нысандарын жүргізіп жатқан археологтар қала орнынан тағы екі нысанның табылғанын және оның әлі зерттелу үстінде екенін айтты.
АРЫСТАН БАБ КЕСЕНЕСІНЕ БАРДЫ
Арыстан баб – ұлы ойшыл Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы. Арыстан баб кесенесінің құрылысына байланысты ел ішінде мынадай аңыз бар. Әуелгіде Әмір Темір Қожа Ахмет Яссауиге арнап кесене тұрғызады. Алайда, кесененің қабырғалары қаланып болған түні алып жасыл өгіз көтерілген дуалдарды мүйізімен соғып, құлатады. Ғимарат қабырғалары қайта тұрғызылып, күмбездері қалана бастағанда бұл оқиға тағы да қайталанады. Бұл жайт Әмір Темірді көп ойландырады. Түсінде бір шал келіп аян береді. Ол Қожа Ахметтің ең алғашқы ұстазы, Арыстан баб моласының үстіне мазар көтеруге әмір ететінін жеткізеді. Сөйтіп Арыстан бабқа Қожа Ахмет Яссауиден бұрын кесене көтеріледі. Түркістанға келушілер ең бірінші Арыстан бабқа барып, содан кейін ғана Қожа Ахмет Яссауиге барады екен. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты бөлмелерден тұрады.
Арыстан баб — XII ғасырда өмір сүрген діни көріпкел. Аңыз бойынша Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) елшісі болған. Бір күні Мұхаммед пайғамбар өзінің шәкірттерімен құрма жеп отырған еді. Бір құрма қайта-қайта ыдыстан құлай беріп, пайғамбар ішкі дауысты естіді: «Бұл құрма Сізден кейін 400 жыл алдағы уақытта туылатын мұсылман бала Ахметке арналған». Сонда пайғамбар шәкірттері ішінен бұл құрманы кім иесіне жеткізетінін сұрайды. Ешкім сұранған жоқ. Пайғамбар сұрақты қайта қойғаннан кейін, Арыстан баб былай деді: «Егер Сіз Алла Тағаладан 400 жыл сұрап берсеңіз мен бұл құрманы иесіне жеткіземін». Халық аңыздарынан және жазба деректеріне қарағанда («Рисолаи Сарем-Исфижоб» және Куприлозада кітабы) Арыстан баб Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы болып құрманы жеткізеді.