Батпақкөл округінің орталығы Жағабұлақ ауылының жастары мектеп бітіргендеріне 21 жыл толуына орай, ауылдастарына ерекше сый жасады. Атап айтсақ, олар туған жерлеріндегі қалың тоғайды демалыс орнына айналдырды.
— Адам қанша жырақта жүрсе де туған жерінен, оқыған мектебінен қол үзбеуі тиіс. Біз де мектептен бөлек ауылымыздың көркеюіне өз үлесімізді қосуды жоспарлап жүргенбіз. Бастапқыда, әрине, түрлі нұсқалар болды. Алайда бәрі үшін тиімді әрі қажет деп осы бір істі қолға алдық. Яғни, ауылымызда керемет қалың орман тоғайымыз бар. Ол жерге көбіне отбасы болып немесе жастар бірігіп демалуға , суға шомылып, таза ауада тамақтануға барады. Жағасында таза бұлақ ағып, керемет табиғат аясында сауық құрғысы келетіндер өте көп болғанымен, дұрыс жағдай жасалмаған еді. Қарапайым халық қалың тоғайдың өзіне барып, жаюларын жайып, қазан-ошақтарын құрып, барлығын өздері таситын. Содан біз өзіміз ақылдаса келе сол тоғайдың ішінде отырып демалатын, дастархан жайып жайғасатын, арнайы төбесі жабылған орын дайын дап, тағам пісіруге қазан-ошағын, жер орындықтарын әзірлеп, орнатқан болатынбыз. Қазір тоғай керемет демалыс орнына айналып келеді. Алтыбақаны да, от жағып жылынатын жері де бар. Тек таза ұстап, ұқыпты қарасақ, әлі де жақсы дүниелер болатыны анық, — дейді ауыл мектебінің 21 жыл бұрынғы түлегі Алмас Мұқатов. Айта кету керек, осы түлектер биыл ауыл мешітіне мінбер де жасап берген екен.