«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АУДАН ШАРУАЛАРЫ БАҚША ӨНІМДЕРІН ЖИНАДЫ

МАМЫРАЖАЙ ЖАЗ БІТІП, ҚОҢЫР КҮЗ КЕЛДІ. БҰЛ КЕЗЕҢ БАУ-БАҚША ӨНІМДЕРІНІҢ ЖИЫНТЕРІН ЖҰМЫСЫ БАСТАЛЫП, ҚАРА ЖЕРДІҢ ТӨСІНЕН НӘПАҚА ТАБАТЫН БАҒБАНДАРДЫҢ ҚЫЗУ ЕҢБЕККЕ КІРІСЕТІН УАҚЫТЫ. МҰҒАЛЖАРЛЫҚ БАҒБАНДАР ДА БИЫЛҒЫ НАУҚАНДЫ АЯҚТАП, ӨСІРГЕН ӨНІМДЕРІН ЖИНАП АЛДЫ.

Бүгінде ауданда 22 шаруа қожалығы көкөніс өнімдерін егумен айналысады. Олар осы жылы 289 гектар жерге сәбіз, қияр, қызанақ, қырыққабат, пияз, картоп өнімдерін екті. Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімі мамандарының мәліметінше, биылғы жылы қара жердің төсін емген шаруалар үшін қолайлы болған. Айталық, жауын-шашын көкөністер мен бақша дақылдарының молынан шығуына септігін тигізген.

— Биыл аудан бойынша 102,6 гектар жерден қияр, 99,2 гектар жерден қызанақ, 44,4 гектар жерден қырыққабат, 28,3 гектар жерден пияз, 16,1 гектар жерден сәбіз жиналды. Жиналған өнімдер жергілікті базарлар мен азық — түлік дүкендерінде және сенбілік жәрмеңкелерге сатылымға шығарылады. Ал өткен жылы 3604,0 тонна көкөніс өнімдері, 402,0 тонна бақша өнімдері жиналған болатын, — деді ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бауыржан Жолмағанбет.

Оның айтуынша, базарларда сатылып жатқан көкөніс бағаларының бағамы бақыланбайды. Себебі, көкөніс егетін шаруаларға мемлекет тарапынан субсидия берілмейді екен. — Күзгі далалық жұмыстарын жүргізу кезінде 18 шаруа қожалығының сұранысына сәйкес, егіс көлемі мен егін түріне қарай жүргізілген талдау нәтижесінде арзандатылған бағамен «АЗС Лидер» ЖШС-мен жасалған келісім-шартқа сәйкес дизель отыны төмендетілген бағамен берілуде, — деді бөлім басшысы.

Биыл бақша дақылдарын өсіруде аудан бойынша Ақкемер, Ащысай, Еңбек ауылдық округтері белсенділік танытқан. Өйткені аталған округтердің табиғаты көкөніс егуге өте қолайлы. Топырағы құнарлы, округ аумағында ағып жатқан өзен бар.

Күзгі жиын-терінді бастап кеткен бағбандар өздері баптап өсірген бау-бақша, көкөніс дақылдарын аудан орталығында саудалауда. Еңбектерінің жемісін өздері көріп қана қоймай, аудан халқын да қамтамасыз етіп жатқан шаруалардың жағдайын білмек ниетте ауыл әкімдерін де әңгімеге тарттық. Ащысай ауылдық округінің маманы Асланбек Самрат округ бойынша жыл сайын егіншілікпен айналысатын «Даража» шаруа қожалығы биыл бірінші рет бақша өнімдерін еккенін айтты.

— Округ бойынша егіншілікпен айналысатын жалпы саны 6 шаруа қожалығы бар. Олар көбіне егін егеді. Биыл көкөніс егуді қолға алған «Даража» шаруа қожалығы 2 гектар жерге қарбыз, қауын өнімдерін отырғызып, жиын-терін уақытында нәтижелі өнім алды. Қожалық иесі алған өнімдерін аудан және облыс орталықтарына апарып, арзандатылған бағада сатты, — деді ол.

Ал Құдайберген Жұбанов атындағы ауылдық округі аумағынан 2 гектар жерге «НұрАгроПром» ЖШС-гі бақша өнімдерін еккен. Бұл туралы ауыл әкімі Руслан Бисенов айтты.

— Биыл алғаш рет ауылымызда көктем мезгілінде қара жерге көкөніс тұқымы себілді. «НұрАгроПром» ЖШСнің иесі отырғызған қарбыз, қауын, қиыр, қызанақ, боялды, тәтті бұрыш секілді баптап өсірген бақшасының өнімі көп болды. Жиналған өнімді аудан, не болмаса облыс орталығына шығарып, сатпадық. Себебі оның барлығы жергілікті тұрғындарға сатылды. Оның бағасы аудан орталығынан келетін көкөніс өнімдерге қарағанда арзан бағаға берілді. Ең бастысы, ауыл тұрғындары риза болды, — деді Руслан Викторұлы.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Алматыда үшінші теміржол вокзалы салынады

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты

admin_mugalzhar

Британияда оқып, ауыл мектебінде білім беретін мұғалім

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.