«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Е.ТОҒЖАНОВ: «Ақтөбе жайлы қала болуы керек»

Өңір басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ақтөбе қаласын дамыту мәселелеріне қатысты жиын өтті. Оған «Қазақстанның Q88 урбанистер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Қауымдастық басшысы Ерлан Аукенов қоғамдық кеңістікті абаттандыруға байланысты жүргізілген сараптамасының нәтижесін көрсетіп, қалалық инфрақұрылымды, саябақтарды, шағынбақтар мен спорт алаңдарын дамыту жобаларын таныстырды.

— Q88 урбанистер қауымдастығы қызметінің басым бағыттарының бір— Қазақстан қалаларына урбанизациялаудың озық әдістерін енгізу.Ақтөбеде де басқа қалалардағыдай қоғамдық кеңістіктердің сәулеті мен қоршаған орта ландшафтының үйлесімділігі жоқ екені байқалады, — деді сарапшылар.

Таныстырылым кезінде бірлестік өкілдері қала көшелеріне он арт-нысан, шағын архитектуралық формалар орнатуды, қабырғаларға суреттер салуды ұсынып, алаңдардың, саябақтардың орналасу дизайнын көрсетті. Қоғамдық кеңістікті дамыту жобасы шеңберінде Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты аумағында ашық аспан аясында ұшақтар мұражайын, амфитеатр, балалар алаңын орналастыру ұсынылды. Астана саябағының аумағында жастар саябағы, Тәуелсіздік даңғылында 2,5 шақырымдық желекжол салынып, Бөкенбай батыр даңғылы бойынан халықаралық әуежайға дейін сарматтар дәуірінен Қазақстан хандығына дейінгі тарихымызды бейнелейтін арт-нысандар орналастыру, Ақтөбедегі көпқабатты үйлердің қабырғаларына Димаш Құдайбергенге арнап мурал салу туралы айтылды.

— Димашты еліміздің бренді деуге болады. Ақтөбе — оның туған жері, жанкүйерлері біздің қалаға жиі келіп тұрады. Бұл — біз үшін туризм саласын дамытуда үлкен мүмкіндік. Соны барынша пайдалануымыз керек. Сондықтан облыс орталығы барлық талапқа сай болып, демалу үшін барынша қолайлы болғаны жөн, — деп атап өткен Е.Тоғжанов тиісті басқарма басшыларына осы бағыттағы жұмыстарды бастауды тапсырды.

Сондай-ақ өңір басшысы қоғамдық кеңістіктер мен тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланың ескі бөлігіндегі аулалардың аумағын абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аудару керектігін айтты. Соған байланысты Жанқожа батыр, Некрасов, Кереев көшелеріне рекрациялық аймақтар жасап, теміржол вокзалы аумағы мен сол маңдағы аулаларды абаттандыру жобалары ұсынылды.

Таныстырылымды тыңдап шыққан Ералы Тоғжанов түзетулер енгізіп, жобаның жүзеге асырылатын мерзімін нақтылауды тапсырды.

— Қала халқы күн сайын көбейіп келеді. Сондықтан Ақтөбеде бір мезетте кемінде 15 мың адам жиналатын іс-шараларды өткізуге арналған орын болу керек. Ұсынылып отырған жер — Елек өзенінің жағасы. Осы жұмысқа кірісу керек. Тұрғындар құр сөз бен бос уәдені естімей, нақты жасалған жұмысты көруі керек, — деп сөзін түйіндеді облыс әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Ұқсас ақпараттар

ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ

admin_mugalzhar

Биылдан бастап онлайн петициялар Үкімет деңгейінде қаралады

admin_mugalzhar

ЕМБІДЕ 20 МИЛЛИОНЫНШЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ҚАТАРЫНА КІРГЕН СӘБИДІ ПЕРЗЕНТХАНАДАН ШЫҒАРЫП АЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.