Жағабұлақ ауылында аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық VII Халық ойындары спартакиадасы өтті. Спартакиада ойындарына қалалық және ауылдық округтерден 15 команда қатысты. Спартакиадаға қатысушы командалар спорттың 8 түрінен яғни қазақ күресі, футбол, волейбол, үстел теннисі, қол күресі, гір көтеру, шахмат, тоғызқұмалақтан сынға түсіп, жүлделі орындарға таласты.
Футболдан өткен жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша Ембі қаласы І орын, Құмжарған ауылы ІІ орын, Жем қаласы ІІІ орынды жеңіп алды. Ал волейбол ойыны бойынша жұрындықтар жүлделі І орынға табан тіреді. Қандыағаштықтар ІІ орынды, батпақкөлдіктер ІІІ орынды иеленді. Қара күшті қажет ететін қазақ күресінен өткен жарыста Қандыағаш қаласы І орынды, Ақкемер ауылы ІІ орынды, ал ІІІ орынды Ембі қаласы жеңіп алды.
Есепке деген жүйріктіктерін сынға салатын тоғызқұмалақ ойынында ембіліктер жүлделі І орынға, қандыағаштықтар ІІ орынға, жұрындықтар ІІІ орынға ие болды. Қол күресі бойынша білек күштерін көрсеткен мықтылардың ішінен Ембі қаласының командасы алдыңғы шептен көрініп, І орынды жеңіп алды. ІІ орынды Құмсай ауылының қомандасы, ІІІ орынды Қайыңды ауылының командасы иеленді. Ал гір көтеруден Қандыағаш қаласы бірінші орынға, Ембі қаласы екінші орынға, Батпақкөл ауылдық округі үшінші орынға ие болып, жеңімпаздар тұғырынан көрінді.
Ұшқыр ой мен алғырлықты талап ететін шахмат ойыны бойынша Құмжарған ауылының спортшылары жүлдегер атанды. Екінші орынды Еңбек ауылдық округінің ойыншылары, ІІІ орынды Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтің ойыншылары місе тұтты. Үстел теннисінен қандыағаштық спортшылар І орынды, батпақкөлдік спортшылар ІІ орынды, ембілік спортшылар ІІІ орынды еншіледі. Спорттың 8 түрі бойынша сынға түскен 15 команда ішінен командалық есеп бойынша жоғары ұпай жинаған Қандыағаш қаласының командасы жүлделі І орынды жеңіп алды. Ал ІІ орынға Ембі қаласының спортшылары, ІІІ орынға Батпақкөл ауылдық округінің спортшылары ие болды.