Аудандық балалар кітапханасында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы аясында «Шуақты күндер» сыйлаған шуақты өмір» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында бала тәрбиесіне қатысты және әйел қауымына арналған кітаптар көрмесі ұйымдастырылды.
Үстел басына жиналғандар халқымыздың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Бақытжан Момышұлының жан жары Зейнеп Ахметованың оқырман жүрегіне жол тапқан «Шуақты күндер» атты кітабы туралы ой толғап, онда жазылған ұлттық құндылық, отбасылық тәрбие, салт-дәстүр, қазақ келінінің бейнесі жөнінде пікір алмасты.
Қоғам қайраткері, жазушы Зейнеп Ахметова бұл кітабын Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында қан майданда әйгілі командирлердің бірі болған, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының соғыстан кейінгі жылдарындағы өміріне арналған.
Жиын барысында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Жұмагүл Асабаева кітапта ата мен келіннің, әке мен баланың, ұлт пен ұрпақ арасындағы берік арақатынасты көрсете білген тамаша туынды екенін атап көрсетті. — Бұл кітапты ертеректе оқыдым. Ол кезде басымызға кітап жастанып жатып оқитын кездер еді ғой. Кітапта аты аңызға айналған қазақтың қайсар да батыр ұлы Бауыржан Момышұлының қайталанбас кісілік қасиеттері мен бекзат болмысы өзге қырынан танылып, ұрпақтар сабақтастығы мен тәрбие тұнығы бір арнаға тоғысқан отбасының игі дәстүрлері, тағыда сол сияқты жөн-жоралғыларды суреттеп көрсете білген, — деді ол.
Ал аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Орынгүл Қалбекова шығарманың желісінде қазақ қыздарына тән барлық болмыстың бейнеленгенін, келіннің үйдің ұйытқысы екенін айтып, отбасының берекеқұтын, жылылығын сақтауда оның атқарар рөлі мен төгер тері зор екенін сезіндірген Зейнеп Ахметованың келіндік бейнесі қазақ қыздары үшін өнеге екенін жеткізді.
Балалар кітапханасының кітапханашысы Эльза СматуллаеваЗейнепАхметованың жолдасы Бақытжанға ренжіп, төркінге барғанда Зейнепке әкесінің «Шыққан қыз шиден тысқары, сенің түпкілікті тұрағың, түтінін түтетіп, тілеуін тілейтін үйің – күйеуіңнің үйі. Бір еркектің ыстық-суығына төзе алмасаң, кедір-бұдыр мінезін кешіруге кеңдігің жетпесе, жоғын бар етіп, ашылғанын жаба алмасаң, әйелдік ақ жаулықтан садаға кет» деп айтқан бір ауыз сөздің өзінде үлкен мән жатқанын тілге тиек етіп, соның арқасында атақтан бұрын ақтықты, абыройдан бұрын арды талап ететін келін дәрежесіне жеткенін айтты.
Сонымен бірге жиынға қатысушылар бұл кітапта ешқандай институтпен университет бере алмайтын үлкен тәлім-тәрбие, даналық жатқанын жеткізді. Тіпті дәл осы кітапты әр ұзатылар қыздың жасауына қосып берсе де артық болмайтынын тілге тиек етті.
Н.АБАТ