«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СОҒЫМ СҮЙКІМДІ БОЛСЫН!

БИЫЛ ХАЛЫҚ ҚЫСТЫҚ СОҒЫМНЫҢ ҚАМЫНА ЕРТЕ КІРІСКЕНДЕЙ. БҰРЫН БҰЛ ҮРДІС БОЙЫНША АЛДЫМЕН «КҮЗДІК» КӨШ БАСТАП, АРТЫ СОҒЫМҒА ҰЛАСАТЫН ЕДІ. АЛ ҚАЗІР ҚАРАШАНЫҢ ҚАРЫ ЕРТЕ ТҮСКЕНДІКТЕН БЕ, ӘЛДЕ ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ ҚЫСҚАНЫ МА, ТҰРҒЫНДАРДЫҢ БАСЫМЫ КҮЗДІКТІ ҚОЙЫП, ҚЫСҚЫ СОҒЫМНЫҢ ҚАМЫНА БІРДЕН КІРІСІП КЕТКЕНДЕЙ. ОҒАН МАҚАЛАҒА МАТЕРИАЛ ЖИНАУ БАРЫСЫНДА КУӘ БОЛДЫҚ…

НАУҚАН БАСТАЛДЫ

Жолымыз алдымен мал соятын алаңдарға түсті. Әдеттегідей мал сою алаңында сауда қызып жатыр екен. Табаннан сыз өтетін күздің соңғы айының ызғары расымен «атанды құлататындай-ақ». Дегенмен сауданың буымен тіршілік қызып жатқан алаңдағы көңіл-күй мүлдем басқаша. Ауылымның иісі аңқып, азан-қазан болып, соғым сойып, мәз-мейрам күйі қапшыққа толы етті арқалап кетіп бара жатқан бір адам. Ендігі бір бөлігі суыққа қарамай өз кезегін күтуде. Мал бордақылайтын бұл алаңның бригадирі Нұрсұлтан Өтегеновтің айтуынша, етті халық базардан гөрі осындай алаңдардан алуды әдетке айналдырған екен.

Қазір соғым науқаны басталғалы күніне кем дегенде 4 ірі қара, кейде одан да көп мал сойып, жіліктейміз. Келісі 2000- 2100 теңгеден өтіп кетіп жатыр. Көтерме бағада алып кететін базар сатушылары да тұрақты тұтынушыларымыз. Бұл баға қазіргі таңда өте қолайлы баға. Себебі біз жанжақтан мал тиеп әкелетіндіктен, көлікпен тасу, оған кететін жанармай шығынын қоса берсеңіз болады. Күнбе-күн 50 қапшықтай жем жейтін соғымдық малдардың күйін жақсы ұстап тұру үшін міндетті түрде үзбестен суарып, тамақтандырып отырамыз. Мәселен бір қашардың өзі кемінде 400 мыңды құрап отыр. Жалпы сиырлардың салмағы 250 келіден асып жығылады. Түйе еті де, жылқы еті де бар. Тұрғындар өз қалтасына қарай, әр мал етінен таңдап, араластырып та алып жатады, — дейді ол.

АУЫЛДЫҢ ХАЛҚЫ СОҒЫМ МАЛЫН ЕРТЕДЕН ДАЙЫНДАЙДЫ

Ал «қараша – қауыс, кәріқұртаңды тауыс» дегеннен-ақ, қытымыр қыстың лебі сезілген сәттен алдымен күздіктерін сойып алатын ауыл тұрғындары үшін әлі де күздіктің науқаны жүріп жатыр екен. «Нағыз соғым желтоқсанның орталарында басталады» дейді олар.

Өзім мал дәрігерімін. Біздің ауылда алдымен күздік малды сойып алады. Оның үстіне ауылдық жер өзінің күздік, қыстық малдарын алдын-ала белгілеп, сол малды семіртіп, әбден күйіне келтіреді. Ауылда мал етін сатуға келгенде өтім аз. Себебі жоғарыда айтып өткенімдей көбі мал ұстап, бағумен айналысады. Алайда қалалық жерге қарағанда 500-700 теңгеге арзанға түсері анық, — дейді Жағабұлақ ауылының тұрғыны, Батпақкөл ауылдық округінің ветеринарлық пунктінің меңгерушісі Дулат Ағлепесов.

Оның айтуынша, ауылда әлі де кәделер өз орнымен сақталған. Тіпті қыстық соғым етін бөлісіп жеу, «топатай шағу» дегендер мереке тәрізді тойланып жүр екен.

Жылда қаңтар айынан бастап сиырлардан қан алып, оны лабораторияға тапсырамыз. Егер де бруцеллез ауруы шығатын болса, сырға нөмірі көрсетілген анықтама қағазы келеді. Оларды бірден сау малдан ажыратып аламыз да «Б» деген таңба басып, аудандық ветеринариялық станциясының бекіткен жүк көлігіне тиеп, қалаға тапсырамыз. Сол жақта арнайы санитарлық талаптар сақтала отырып сойылып, келісі 1800 теңгеден сатылып кетеді. Ал малды екпемен егу жұмыстары жоспарға сай жүргізіледі. Екпе жасау алдында мал иелеріне ескерту жасаймыз. Олар соятын соғымын бөлек алып қояды. Вакцина жүргізілген күннен бастап, вакцинаның түрлеріне қарай 15, 21, 25 күн аралығында ет, сүт өнімдерін пайдалануға рұқсат етілмейді, — деді ол.

ЕТ БАҒАСЫ ҰШЫП ТҰР

Ал әлеуметтік желідегі жергілікті парақшаларда баспақтан байталға дейін әр түрлі бағаны жазып, саудалап жатыр. Кішілеу баспақ бағасы 150 мыңнан басталса, байтал 500 мыңнан жоғары бағаны сұрап отыр.

Тұтас соғым мен малдың бір аяғының бағасы әртүрлі. Әдетте 12 жілікті тұтас алуға шамасы келмейтіндер келісіп, өзара бөліп алады. Дегенмен тұтас малдың етін алған тиімді дер едім. Себебі қазақ болғандықтан әр жіліктің өзінің қонаққа тартар реті болады. Осы орайда «қонақ келсе, ет қызарар, ет қызармаса, бет қызарар» дегендей ғой. Ұятқа қалмау үшін мейлінше тұтас алған дұрыс. Соғым науқаны басталғалы ет бағасы өршіп тұр. Қазір жылқы етінің бір келісі 2500 теңгені құрап отыр, — дейді қала тұрғыны Айдарбек Жарылқағанов.

ЕТ ТАҢДАУДЫҢ ДА ӨЗ ҚҰПИЯСЫ БАР

Келесі барған жеріміз еттің саудасы қызатын, демалыс күндері ұйымдастырылатын жәрмеңке болды. Еттің көк қасқасы да сол жерде тізіліп-ақ тұр. Дегенмен алып жатқан адамның қарасы аз. Ет сатуда 25 жылдан астам тәжірибесі бар Бисенғали Қалназаровты сөзге тарттық.

Ет сатып жүргеніме 25 жыл болды. Өзім Шалқардың тумасымын. Малды да сол жақтан әкеліп, сойып, базарға сатуға шығарамын. Жіліктеп те, аяқтап та, келілеп те сатамын, тіпті қарызға беремін. Мына қолдағы қарыз кітабымның қалыңдығын қараңыз. Кітап қалыңдығынан гөрі, қарызға алған тізбектің қалыңдығы көбірек шығар дерсіз. Былай қарап отырсақ, халыққа барынша тиімді жағдай жасап отырмыз. Сонда да халық бағаға наразы. Жәрмеңке сенбі күні басталады да, жексенбі күні түске дейін ғана жұмыс жасайды. Осы аралықта сатып үлгерсең үлгердің, үлгермесең етке обал. Кейбірі тіпті жексенбі күні амалсыз арзанға саудалап тұрады. Сондағысы бос кетпеудің қамы ғой. Оның үстіне келіп тұрғанымыз үшін төлейтін салығымыз тағы бар. Бүгін мәселен жәрмеңкеде ет алып жүрген адам жоқ. Өзім мына тұрған қашар етін 2000 теңгеден тіпті, саудаласса 1900 теңгеден беріп жіберіп жатырмын. Жылқы етін 2300- 2500-нан сатып жатырмын, — дейді ол.

Малдың қыр-сырын жақсы меңгерген сатушы «ет таңдауда еттің түсіне мән беріңіздер» дейді.

Біріншіден, арық пен семіз жылқының етін ажырату үшін жая мен қазы қыртысының қалыңдығына мән беріңіз. Қазысы екі елі, қыртысы екі елі болса, құба-құп. Екіншісі, етті таңдағанда қып-қызыл етті алмаңыз, боз етті таңдаңыз. Қиналған, шаршаған, арық жылқының еті қып-қызыл болады. Еттің арасында қан тұрса, бұрылып та қарамаңыз. Бұл – малдың ауырғанының белгісі. Мал қиналып сойылатын болса, еттің дәмі қашып, қызарып кетеді. Оған дәлел ретінде пойыз қаққан, не болмаса бір жыртқышқа тап болған мал етін мүлдем жемейміз. Себебі ондай малды арам өлді деп жатады. Үшіншіден, түсі сарғыштау ет – ең тәттісі. Шөбі шүйгін өңірде еркіндікте жайылған малдың еті сүйсініп жейтін дәмді болады — дейді сатушы.

СОҒЫМ СОЮ – БЕРЕКЕҢІЗДІ АРТТЫРЫП, НИЕТІҢІЗДІ ЖАҚСАРТАДЫ. ЖАНЫҢЫЗҒА ЖАҚЫН ЖАНДАРДЫҢ ЖИНАЛУЫНА СЕПТІГІН ТИГІЗЕДІ. ЕРТЕДЕН БҮГІНГЕ ЖЕТІП, САЛТҚА АЙНАЛҒАН «СОҒЫМ СОЮ» ҮРДІСІНІҢ МӘНІ МЕН СӘНІНІҢ ДЕ ҚАЗАҚ ҮШІН ЕРЕКШЕ ЕКЕНІ АЙҚЫН.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

 

 

Ұқсас ақпараттар

АҚТӨБЕДЕ ЫМДАУ ТІЛІ ТЕГІН ОҚЫТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

АЛТЫНДЫДА АУҚЫМДЫ ІСТЕР АТҚАРЫЛМАҚ

admin_mugalzhar

ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ МӘН-ЖАЙЫ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.