«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбеде балаларға арналған Президенттік жаңажылдық шырша өтті

Ақтөбе қаласында облыстың әр түкпірінен келген балаларға арналған «Қош келдің, Жаңа жыл – жаңа белес, жаңа арман!» атты Қазақстан Республикасы Президентінің жаңажылдық шыршасы ұйымдастырылды.

Мерекелік шараға облыс әкімі Ералы Тоғжановпен бірге барлық аудандар мен Ақтөбе қаласынан 9 бен 13 жастың аралығындағы 200 бала қатысты. Қатысушылар арасында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларының балалары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және мүгедек балалар бар.

Өңір басшысы шырша жанына жиналған балаларды ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтап, биылғы жылдың айырықша жыл болғанын атап өтіп, балаларға арналған жобаларды әрқашан қолдайтынын, олардың болашағынан зор үміт күтетінін жеткізді.

«Биылғы жыл қоғамның жас мүшелерін қолдауға арналды. Сіздер лайықты тәрбие алсын, ұлттық тамырынан ажырамасын, заманға бейім болсын, бос уақытын пайдалы өткізсін, қажетті ем-домын еш кедергісіз алсын, арман-қиялының шындыққа айналарына сенсін деген мақсатпен қаншама ауқымды шаралар атқарылып жатыр, болашақта да жалғасын таба бермек. Өңір басшысы ретінде мен, әрдайым балаларға арналған жобаларға қолдау көрсетіп, армандарыңыздың орындалуына жағдай жасап келемін. Менің сіздерге артар үмітім зор және ертеңгі күні облысымыз бен мемлекетіміздің атын шығаратын, елге танытатын азаматтар боласыздар деп сенім білдіремін», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, кеш барысында балаларды әлемге танымал эстрада әншісі, Ақтөбенің мақтанышы Димаш Құдайберген, қазақстандық зілтемірші, әлем чемпионы Илья Ильин, Ақтөбеде жыл сайын өтетін «Бақытты бала» халықаралық ән байқауының биылғы жеңімпазы Давид Чарлин құттықтады.

Жаңажылдық мерекелік бағдарлама шырша жанындағы театрландырылған қойылыммен, концертпен жалғасты. Ер Төстік пен Алдар көсе, Ақшақар балаларға түрлі жұмбақтар жасырып, мультфильм кейіпкерлері би биледі. Әдемі киімдерін киген балалар ескі жыл – Барысты шығарып салып, жаңа жылдың кейіпкері Қоянды қарсы алды. Аяз Атамен бірге ән шырқап, шырша шамдарын жақты. Ал, ең ерекшесі – сыйлықтар болды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов әр балаға жаңажылдық тәттілер мен білімдерін жетілдіруге көмектесетін ертегі кітап сыйлады. Сондай-ақ, әр қатысушы баланың есебіне 100 мың теңге ақшалай сыйлық аударылады.

Айтып өтейік, облыста 0-18 жас аралығында 256 000 бала бар. Биыл өңірде 14 мектептің құрылысы жүргізіліп, шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы және ауылдардағы 56 мектеп жаңғыртылады. Ақтөбеде «Эталонды балабақша» құрылып, 2750 орындық 26 мектепке дейінгі ұйым ашылады.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

АУРУ – АСТАН

admin_mugalzhar

Батыл БЕРЖАНОВА, 8 баланың анасы, «Алтын алқа» иегері: БІР ҚОЙ ЕГІЗ ТУСА, БІР ТҮП ЖУСАН АРТЫҚ ШЫҒАДЫ

admin_mugalzhar

АУЫЗ СУ ҚҰБЫРЛАРЫ ТАЗАРТЫЛАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.