«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Биыл Ақтөбе облысында 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысын дамыту мәселелері бойынша отырыс өтті.

Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және кешенді коммуналдық инфрақұрылымды дамытуды қамтамасыз ету мақсатында Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту, коммуналдық секторды жаңғырту және дамыту сияқты екі стратегиялық бағыт көзделген.

Тұжырымдамаға сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін облыста халықтың 100%-ы таза ауызсумен қамтамасыз етілуі тиіс. Өңір басшысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тиісті шаралар қабылдауды тапсыра отырып, Мемлекет басшысының 2025 жылға дейінгі осы мақсаттағы тапсырмасын орындау үшін облыста барлық қорлар бар екенін алға тартты.

Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов инженерлік, оның ішінде жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту көлемін ұлғайту үшін қосымша қорларды іздеуді міндеттеді.

Тұрғын үй қорын жаңғырту жұмыстары туралы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров баяндады. Оның айтуынша, биыл 16 көппәтерлі үй жөндеуден өтіп, 94 лифт ауыстырылады.  Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тағы 147 лифтіні ауыстырудың жол картасы бекітілді.

Облыс әкімі құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Белгіленген мерзімде өз міндеттемелерін орындамайтын құрылыс компанияларының тізімін жасаңыздар және оны талдау керек. Құрылыс мерзімін сақтамай, оны бұзғандарға қатысты ең қатаң шаралар қабылдануы тиіс», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Облыс басшысы сондай-ақ «Құрылыс кооперативтерінің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасын» толық орындауды талап етті, соған сәйкес биыл 11 проблемалық үлестік нысан құрылысы аяқталуы тиіс. Бұған дейін хабарланғандай, барлық нысандар бойынша үйлерді пайдалануға беруге дайын инвесторлар анықталды.

«Бұл – қарапайым азаматтар, көпбалалы отбасылардың 2015 жылдан бергі мәселесі. 540 отбасы осы 11 үйге өз ақшаларын салды. 540 отбасы деген кем дегенде 3 мың адам», – деп атап өтті облыс басшысы.

Бұдан өзге, жеке тұрғын үй құрылысына берілген, бірақ 2 жылдан астам уақыт бойы бос тұрған немесе мақсаты бойынша пайдаланылмаған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтару міндеті қойылды.

Айта кетейік, биыл облыста барлық қаржыландыру көздері есебінен 1,2 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Ералы Тоғжанов уәкілетті мемлекеттік органдарға облыс орталығы мен аудандардағы тұрғын үй құрылыстарының сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

А.МӘЛІКҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

ҚОҒАМ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТӘРТІПТІ ҚОЛДАЙДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда мұғалімдер кәсіби мерекесінің датасы өзгерді

admin_mugalzhar

САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.