Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Koz Alemi» орталығының жұмысымен танысты.
Жоба «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында субсидияланды.
Облыс басшысы клиниканы аралап, материалдық-техникалық базасы ең жоғары әлемдік стандарттарға сай екендігіне көз жеткізді. Мұнда балалар мен ересектерге офтальмологиялық қызметтер толықтай көрсетіледі.
Облыста көз аурулары бойынша диспансерлік есепте 6700-ден астам ақтөбелік, оның ішінде 1,5 мың бала мен жасөспірім тұр. Сондықтан осы бейіндегі клиникаларға қажеттілік те, сұраныс та жоғары.
«Президент тапсырмасы бойынша өңірде халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейту бойынша шаралар қабылдануда. Біздің міндетіміз – ақтөбеліктерге сапалы медициналық көмек көрсету. Олар жоғары білікті көмек іздеп, ешқайда сабылмауы тиіс. Орталық дәрігерлері бүкіл Батыс өңірінің тұрғындарына офтальмологиялық қызмет көрсетуге дайын», – деп атап өтті облыс әкімі.
Орталық жылына 5000-нан астам көз операциясын жасауға қауқарлы.
Ералы Тоғжановқа мамандар, соның ішінде Уфа көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының (РФ) тәжірибелі дәрігерлерін тарта отырып, қазірдің өзінде 50 операция жасалғанын, оның ішінде жасанды линзалардың үздік үлгілерін имплантациялаумен катарактаны жою бойынша глаукомамен ауыратын науқастарды бақылау және емдеу жүргізілгенін жеткізді.
Болашақ офтальмологтар мен офтальмохирургтарды клиникалық даярлауды жетілдіру мақсатында орталықта М. Оспанов атындағы БҚМУ резиденттері тегін оқытылады. Сондай-ақ әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы науқастардың көзіне операциялық емдеуді тегін жүргізу жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыс басшысы «Доктор Дисикуш» деп аталатын стоматологиялық клиниканың жұмысымен танысты. Медициналық мекеме 2015 жылдан бастап жұмыс істейді. Балалар мен ересектерге стоматологиялық қызметтердің барлық түрлерін, соның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында да қызмет көрсетеді.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.