«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЯУЛЫМ — ҚОЛ КҮРЕСІНЕН АЛҒАШҚЫ ЧЕМПИОН

ОСЫДАН ЕКІ АЙ БҰРЫН ӨЗБЕКСТАННЫҢ АСТАНАСЫ ТАШКЕНТТЕ ҚОЛ КҮРЕСІНЕН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТКЕН ЕДІ. СОЛ ЖАРЫСТА ҚАЗАҚСТАННЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАҒАН МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ОҚУШЫ АЯУЛЫМ ЖҰМАБАЙ 45 КЕЛІ САЛМАҚТА ШЫҒЫП, ҚОРЖЫНҒА АЛТЫН САЛҒАН БОЛАТЫН. ЧЕМПИОН ҚЫЗ ҚАЗАҚТЫҢ КӨК БАЙРАҒЫН ӘЛЕМГЕ ТАНЫТЫП ҚАНА ҚОЙМАЙ, МОЛДОВАНЫҢ АСТАНАСЫ КИШИНЕВТЕ ӨТЕТІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА ҰТЫП АЛДЫ. КҮНІ КЕШЕ ОБЛЫС ТАРИХЫНДА ҚОЛ КҮРЕСІНЕН ҚЫЗДАР АРАСЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЧЕМПИОН АТАНҒАН АЯУЛЫММЕН ЖЕКЕ КЕЗДЕСІП, СҰХБАТТАСЫП, ЧЕМПИОНАТҚА ДАЙЫНДЫҒЫН КӨРІП ҚАЙТТЫҚ.

14 жастағы Аяулым Жұмабай бұған дейінгі қатысқан облыстық және республикалық чемпионаттардан да құр қайтқан емес. Ал Ташкентте қол күресінен өткен Азия чемпионатында өз салмағындағы 8 қарсыластан озық шығып, ақырғы сында жеңіске жетті. Осылайша, облыс тарихында қол күресінен қыздар арасындағы алғашқы чемпион атанды.

Жарыстың басында қобалжу болды, әрине. Шыны керек, кез келген спортшы жарыс алдында қобалжу сезімін бастан өткереді. Бұл қанша жарысқа қатысқаныңа да байланысты емес деп ойлаймын. Осы жарыста да әдеттегідей қасымнан табылған ағайымның е ңбегі мен сенімінің және атаанамның қолдауының арқасында осындай нәтиже көрсете білдім. Чемпионатта әр түрле елдерден 8 қарсыласым болды, олардың барлығы да өз елдеріндегі мықты спортшылар. Бұл сайысқа қатысу д а, жеңімпаз атану да оңай болмады, — дейді сол кездегі сезімімен бөліскен чемпион.

Қазіргі таңда Аяулым Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінің 7-сынып оқушысы. Бүгінге дейін спорт пен сабақты қатар алып жүрген оның ендігі мақсаты Әлем чемпионатында топ жару. Бүгінде дайындық қызу үстінде, себебі осы тамыз айында Молдованың астанасы Кишинёвке аттанады.

Спортпен 9-10 жасымнан бастап айналыса бастадым. Бірақ ол кезде гандболға қызығушылығым болып, 3 жылымды арнадым. Бірақ бір күні денсаулығыма байланысты ауруханаға түсіп, «спортпен шұғылдануға болмайды» деген анықтама алып шықтым. Бірақ бұл мен үшін үкім емес еді. Ештеңеге қарамай, ұзақ ем алып, толыққанды жазылғаннан кейін волейболға қатыса бастадым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ағайым осы қол күресіне тартты, — деді ол өткен шақты еске алып.

Чемпионның «ағайым» дегені өзінің қазіргі жаттықтырушысы Санат Самат. Ол Аяулымға спорт мектебінде жаттықтырушы болса, өзі білім алатын мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Шәкіртіне үнемі қолдау көрсетіп, мотивация беріп жүретін, қандай кезде д е қасынан табыла білетін ағайын да жаттығу барысында сөзге тартып, Аяулымды неге таңдағанын сұрадық.

Жалпы кез келген бала спортпен айналысамын деп келген кезде-ақ қандай спортқа жақын екені бірден көрініп тұрады. Аяулым өзі кішкентай бойлы болды және мектеп табалдырығында жүргендіктен сыныбындағы балаларды күш сынасқанда алып жығатынын д а е ститінмін. Бірде сабақта шақырып алып, қол күресінен сынап көрдім. Сол кезде басқа балаларға қарағанда мықтырақ екенін байқадым. Содан бері міне, осы дәрежеге жетіп отырмыз. Қазіргі таңда өзім Қандыағаш қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде қол күрестен аға жаттықтырушымын. Дәл қазір бар жұмысты жиып қойып, әлем чемпионатына дайындалып жатқан жайымыз бар. Дайындық жаман емес, бірақ уақыт жақындаған сайын уайым болады. Себебі бұл біздің алғашқы әлем чемпионатымыз. Ендігі мақсатымыз да, арманымыз да — жеңіс тұғырынан көріну. Осы үмітті үкілеп, жуырда, нақтысы осы айдың 14 күні Ақтауға жолға шығамыз, Ақтаудан Бакуге, Бакуден Кишинёвке ұшамыз, — дейді жаттықтырушы Санат Самат.

Ал Аяулымның өзінің айтуынша, ата-анасы қызын дәл осы спорт түрінен жетістікке жетеді деп ойламапты. Бірақ барлық ынта-жігерін салып жүрген соң бетінен қақпаған. Бүгінде Аяулымның жетістіктерін көріп, мақтан тұтады екен. Жас чемпион сұхбат барысында спорттың басқа түрлерін де қатар алып жүргісі келетінін де жасырмады.

Спорттың басқа да түрлеріне қызығушылығым бар, оның ішінде, жеңіл атлетика, волейбол, гандбол ойнаған ұнайды. Жалпы өз болашағымды спортсыз елестете алмаймын. Басқа мамандықты таңдауды ойлаған да емеспін, — дейді кейіпкеріміз.

Аяулым қазір жаттықтырушысы айтқандай, тоқтаусыз күніне екі мезгіл дайындық үстінде. Себебі спортта жеңіске тек маңдай тер мен еңбектің арқасында ғана қол жеткізуге болатынына сенімді.

Жеңіс пен жеңіліс жалпы көп жағдайда жаттығуға байланысты.Сол себепті мен жалпы жаттығудан мүлде қалмаймын. Таңғы жаттығу 9-да басталады. Таңертеңгілік тек жеңіл түрде өтсе, кешкі 5-те жаттығудың ауырына көшеміз, яғни ауыр келілерді көтеріп дайындалудамын. Осы сәтті пайдаланып, ағайыма алғысымды айтқым келеді. Себебі барлық уақытта да жанымнан табылып, қолдау көрсетеді. Жарыста да менен қатты уайымдап отыратынын білдірмесе де, сеземін. Бұйырса, үмітті ақтаймын деп ойлаймын, сол үшін де барымды саламын. Маған сеніп отырған адамдардың сеніміне селкеу түсірмеуге тырысамын. Еліміздің көк туын әлемнің әр түкпіріндегі байрақты бәсекелерде, үлкен додаларда көкке желбіретсем деген арманым бар, — дейді спортшы қыз.

АЯУЛЫМНЫҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ:

2022 жыл: Қазақстан Республикасының Чемпионаты — II орын  

2023 жыл: Ақтөбе облыстық чемпионаты — I орын;

2024 жыл: Спорт шеберіне кандидат;

2024 жыл: ҚР чемпионаты — II орын;

2024 жыл: Азия чемпионы

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

СИТУАЦИЯ С КОРОНАВИРУСОМ В ЦИФРАХ И ФАКТАХ

admin_mugalzhar

Ядролық отынды пайдалану тәуекелі

admin_mugalzhar

ЖОЛДА ҚАЛҒАН ЖОЛАУШЫЛАРҒА ЫСТЫҚ ТАМАҚ ТАРАТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.