«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбе облыстық сотының жаңа төрағасы таныстырылды

Президент Жарлығымен Ақтөбе облыстық сотының жаңа төрағасы болып Айдар Смағұлов тағайындалды. Бұған дейін ол Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін атқарды.

Ақтөбе облыстық сотының жаңа төрағасын таныстыру рәсіміне Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, өңірдің судьялар корпусы, құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

💬 «Тұрақтылық пен қоғамдық келісім – Тәуелсіздіктің тұғыры. Қасым-Жомарт Тоқаевтың біздің, бүкіл құқыққорғау органдарының алдына қойып отырған негізгі тапсырмасы – осы, тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді нығайту. Бүгін Ақтөбе өңіріне Президент Жарлығымен жаңа сот төрағасы болып Айдар Әскербекұлы Смағұлов тағайындалды. Мемлекет басшысының сенімін ақтайтынына еш күмәнім жоқ. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді. Сондықтан қоғамдағы мәселелерді бірлесіп, шешім қабылдасақ, халық артқан сенім үдесінен шыға аламыз», – деп облыс әкімі жаңа сот төрағасына жаңа лауазымда сәттілік тілеп,  Ақтөбе облысы өңірлер арасында сот төрелігін жүзеге асыру бойынша атқарып жатқан жұмыстарын жоғары деңгейде жалғастыратынына сенім білдірді.

Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов өз сөзінде Айдар Смағұловтың көпжылдық судьялық тәжірибесін, оның жоғары кәсіби біліктілігін, мінсіз қызметі мен еңбекқорлығын атап өтті. Жаңа төраға жаңа лауазымда сот жүйесінің дамуына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

Жаңадан тағайындалған төраға мен өңір судьяларының алдына сот төрелігінің сапасын арттыру бойынша бірқатар міндеттер қойылды. «Судьялар корпусы азаматтардың сотқа деген сенімін және сот төрелігін жүзеге асыру сапасын арттыру бойынша Мемлекет басшысының алға қойған міндетін іске асыру үшін барлық күш – жігерін жұмсауға тиіс» – деп атап өтті Әбдірашид Жүкенов.

Айдар Смағұлов Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Благовещенка ауылында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Әр жылдары Солтүстік Қазақстан облысы Соттар әкімшісінің жетекші маманы, Петропавл қалалық сотының, Петропавл қаласы №2 сотының судьясы, Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев аудандық сотының төрағасы, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы, 2017 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін – Солтүстік Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметтерін атқарды.

Д.АЙДАР, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Тұрғындар кәріз жүйесіне неге қарсы?

admin_mugalzhar

Мир ожидает подорожание индийского чая

admin_mugalzhar

Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.