«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СҮЙЕККЕ «ТІЛ БІТІРГЕН» АСАН ШЕБЕР

ТАРИХТАН ТАМЫР ТАРТАТЫН ТАҢБАЛАР, БАТЫРЛАР АСЫНАТЫН БЕС ҚАРУ, КИЕЛІ ҚҰС ҚАРЛЫҒАШ, АУЫЗДЫҚПЕН АЛЫСҚАН СӘЙГҮЛІК. БҰЛ БЕЙНЕЛЕР ҚОЙДЫҢ ЖАУЫРЫН ЖІЛІГІНЕ ОЙЫЛЫП ТҮСІРІЛГЕН. ЕМБІЛІК ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ АСАН ИСАТАЕВТЫҢ ҚОЛЫНАН ШЫҚҚАН ОСЫ ТУЫНДЫЛАР ЖАСАЛУ ШЕБЕРЛІГІМЕН ТӘНТІ ЕТЕДІ.

Бабадан қалған өнегелі өнерді жалғап жүрген Асанға шеберлік атасынан дарыпты. Содан болар бала күнінен өз бетінше түрлі бұйымдарды жасап, әдемі суреттерді қағаз бетіне түсіруге әуестігі өте жоғары болған.

Біздің отбасымызда атаанамды да, бауырларымды да қолөнерші деп айта алмаймын. Бірақ маған шеберлік үлкен атамнан келген секілді. Себебі, атамды білетіндер оның он саусағынан өнер тамаған шебер болғанын айтады. Мектепті бітірген соң бала күнгі арманды орындау үшін Ақтөбе қаласындағы Құдайберген Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің Сурет салу факультетіне «Бейнелеу және сызу» мамандығы бойынша оқуға түстім. Ол жерде ағаштан мүсін жасауды, түрлі бейнелер дайындауды толыққанды үйрендім, — дейді кейіпкеріміз.

Оның ағаштан жасаған құрамалы жылқысы, таутекесі, өзге де жан-жануарлар мен көбелек секілді жаратылысы әдемі жәндіктердің мүсіндері, оюмен көмкерілген үстел шамы, түрлі ыдыстары көрген адамның көзін тойдырады.

Ол дайындаған туындыларының ішінде сүйектен жасалған бұйымдары көп адам үшін таңсық дүние. Қойдың жауырын жілігінен жасалған тарихи, ұлттық және түрлі тақырыптағы композициялары ерекше. Сондай-ақ, малдың жамбас сүйегінен жасалған ұлттық аспап қобыздың мүсіні, кәріжіліктен жасалған естелік сыйлықтары көздің жауын алады. Кейіпкеріміз қазіргі уақытта киізден, ағаштан, теріден жасалатын ыдыстар мен бұйымдар, тұрмыстық заттар көп болғанымен, сүйектен дайындалатын дүниелер сиреп бара жатқанын алға тартты.

Сүйектен мүсін дайындау ерекше өнер түрі. Ол ептілікті, төзімділікті талап етеді. Бүгінде сүйектен түрлі мүсін дайындайтын шеберлер көп емес. Жалпы қолөнер шебері қандай істі қолға алмастан бұрын көп ізденуі керек. Тіпті кез келген істі бастар алдында алдымен ойланып, сол ойдың жүзеге асуы үшін шеберлік пен ептілікті қатар қосып, еңбектенуге тура келеді. Жұмысты бастар алдында, жасайтын бұйымыңның кішкентай бөлшегіне дейін ойластырып алған маңызды. Мысалы мен ағаштан немесе сүйектен жасалатын бұйымдарды жасар алдында оған түсетін ою-өрнектер мен суреттердің қай бөлікке түсетініне дейін жоспарлаймын. Оқушыларыма да қолға алған істерін тиянақты етіп жасауына қатаң талап қоямын, — деді Асан Исатаев.

Бүгінде Асан Ембі қаласындағы №2 аула клубында қолөнер үйірмесі мен Ембі қалалық №3 орта мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ беріп, оқушыларды қолөнерге баулып жүр. Өзінің білгені мен түйгенін, шеберлігі мен ісмерлігін шәкірттеріне үйретуде. Бүгінде оның оқушылары ұсақ малдың сүйектерінен түрлі кәдесыйлар дайындап, аудандық, облыстық көрмелерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Шебер жастардың қолөнерге деген қызығушылығы жоғары, аула клубындағы үйірмеге келетін оқушылардың да қатары көп екенін айтады. Дегенмен, ізденісті, шыдамдылықты, төзімділікті талап ететін бұл өнер уақыт өте келе шын шеберді өзі іріктеп алатын көрінеді.

Менің шеберханам заманауи технологиямен жабдықталмаған. Ағашты біркелкі етіп жонатын, бұйымның пішінін келтіретін құрылғылар жоқ. Оқушылар пышақ, кескіш, егеу секілді қол құралдарымен дайындайды. Алдағы уақытқа қойған жоспарым көп. Өз шеберханамды ашқым келеді. Бірақ оған қаржының аздығы қолбайлау болып отыр, — деді шебер.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Абай облысында ұлттық спорт түрлерінен 5-ші дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Республикалық турнир өтті

admin_mugalzhar

ДӘРІГЕРЛЕР АЛҒЫС АРҚАЛАДЫ

admin_mugalzhar

«ҚЫС-2024» КОМАНДАЛЫҚ-ШТАБТЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.