Түлек-2023
Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің биылғы түлегі Санжар Хамитов АҚШ-тың Bowdoin университетінде оқуға шақырту алды. Енді ол мектеп бітірген соң Америкаға аттанып, сол жақта «Жер туралы ғылым» мамандығы бойынша білім алмақ.
Әдетте мұндай жоғары оқу орындарының шақыртуын алу үшін жоғары сынып оқушылары арнайы емтихандар тапсырады. Санжар да SAT Reasoning емтиханының қорытындысы бойынша — 1520 балл, ал IELTS бойынша 8,5 балл жинады. Оның географиядан халықаралық олимпиадалардағы жетістіктерін де атап өткен жөн. Былтыр географиядан өткен халықаралық олимпиадада (IgeO-2022) әлемнің 54 елінен келген 216 оқушының арасында топ жарып, абсолютті бірінші орынға ие болғаны оның оқуға түсуіне оң ықпал етті.
Үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбектің арқасында Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Санжар арманындағы университетте оқуға мүмкіндік алды. Аталған білім ордасы Америка Құрама Штаттарының солтүстік-шығысындағы Мэн штатында орналасқан, онда Санжар оқып қана қоймай, жартасты жағалауларымен, теңіз тарихымен және шыршалы, гранитті аралдарымен танымал аймақты зерттеуді жоспарлап отыр.
— Мен бұл университетке құжат тапсырған себебім, біріншіден, бұл университет — қоршаған ортаны қорғау саласы бойынша әлемдегі ең үздік оқу орындарының бір, яғни Жер туралы ғылым бағдарламаларының көпшілігі сонда. Екіншіден, студенттер Гренландия мен Исландияға курс ретінде тәжірибеге жіберіледі. Үшіншіден, Bowdoin талапкердің қаржылық жағдайына емес, тек біліміне қарайтын университеттердің қатарында. Әзірге мұнда біздің елден түскен жалғыз мен екенмін, —дейді Санжар Хамитов.
Сондай-ақ Bowdoin университеті Санжар Хамитовке жылына 80 000 АҚШ доллары көлемінде қаржыландыруды ұсынды. Бұл қаражат оның оқу ақысын, тұруын, тамақтануын және медициналық сақтандыруын қамтамасыз етеді.
Әйгерім АМАНҒОСОВА,
Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы.
Ақтөбе қаласы.