«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ДИПЛОММЕН АУЫЛҒА» — МАМАНДАРҒА МҮМКІНДІК

«Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылып келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болды. Аталған бағдарламаны жүйелі жүзеге асыру үшін мемлекет басшысы 2021-2023 жылдарға республикалық бюджеттен 20 миллиард теңге бөлуді тапсырған еді. Бүгінде аталған қаржы бөлінді. Енді ауылдық мектептерде педагог кадрлардың жетіспеушілігін жою мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

Аталған бағдарлама осы жылдар аралығында мемлекетке де, жас мамандарға да тиімді екенін дәлелдеп келеді. Тиімдісі сол, жоғары оқу орнын бітірген, қолында дипломы бар жас мамандар ауылға барып мемлекет есебінен біржолғы көтермеақы, содан соң аз пайызбен несие алып, сол қаржыға жергілікті жерден тұрғын үй сатып алады. Жағдайын жасаған жас маман өз саласы бойынша мамандығымен жұмысын ауылда жалғастыра береді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасымен денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері елді мекендерге барып, мамандығы бойынша жұмыс жасауларына мүмкіндік мол. Дегенмен, олардың бұрын берілген кредиттер бойынша өтелмеген мерзімі өткен берешегі жоқ болуы қажет. Айталық, 2 жыл ішінде 90 күнтізбелік күннен астам мерзімі өткен берешегі болмауы шарт, — деді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғайният Асқаров.

Бөлім басшысы тұрғын үй сатып алатын немесе салатын маман бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары жақын туыстарынан тұрғын үйжай сатып ала алмайтыны нақты көрсетілгенін айтады. Айталық, жұбайынан (зайыбынан), атасынан (әжесінен), ата-аналарынан (оның ішінде асырап алушылардан), балаларынан (оның ішінде асырап алынғандарынан), атаанасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апақарындастарынан тұрғын үй сатып ала алмайды екен. Сондай-ақ бағдарламамен ауылдық елді мекендерге баруға ниет білдірген жас мамандар көтерме жәрдемақы алу үшін 3 жыл мерзімге, тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік көмек бюджеттік несие 15 жыл мерзімге беріледі. Үй сатып алуға берілетін бюджеттік несиенің пайыздық өсімі 0,01 пайызды құрайды.

2020 жыл бойынша бюджеттік несиені 9 маман алды. Оның 6-ауы білім беру саласына, 1-еуі денсаулық сақтау саласына, 2- еуі ветеринария саласына жұмысқа орналасты. Ауылдық округтерге бөлінісін айтатын болсам, Ақкемер ауылдық округіне 5 маман, Еңбек ауылдық округіне 1 маман, Қайыңды ауылдық округіне 1 маман, Жұрын ауылдық округіне 1 маман, Талдысай ауылдық округіне 1 маман барды. Бұлардың барлығы дерлік бюджеттік несие алды. Ал көтерме жәрдемақы 20 жас маманға тиісті өтініш негізінде толығымен аударылды. Оның 17- сі білім беру, 1-еуі денсаулық сақтау, 2-еуі ветеринария саласы бойынша алды. Бағдарламаға қатысушы мамандар Ақкемер, Ащысай, Батпақкөл, Қайыңды, Жұрын, Талдысай, Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтеріне, Мұғалжар ауылына барып, қызмет жасауда, — деді Ғайният Сүлейменұлы.

Ал 2021 жылы 7 маман құжаттарын тапсырып, бюджеттік несиеге ие болған. Оның 6-ы ауыл мұғалім болса, 1-еуі ветеринар маманы. Бүгінде 4 маман Ақкемер, 1 маман Еңбек, 1 маман Қайыңды, 1 маман Жұрын ауылдық округтерінде қызметтерін атқарып жүр. Ғайният Сүлейменұлының сөзінше, 2021 жылы көтерме жәрдемақы алуға аудан бойынша 18 жас маман өтініш берген. Олардың барлығына дерлік тиісті қаражаттары аударылған екен. Сол жылы ауданның білім саласына мамандар көптеп келген. Айталық, 18 маманның 14- і мұғалімдік қызметке орналасқан. 2 маман ветеринария саласына, 1 маман денсаулық сақтау саласына, 1 маман мемлекеттік қызмет саласына жұмысқа тұрған.

2021 жылы жас мамандар Ақкемер, Ащысай, Қайыңды, Еңбек, Талдысай Батпақкөл, Жұрын, Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтерге барып, алғашқы еңбек жолдарын бастап, бағдарлама аясында мемлекеттен көтерме жәрдемақы алған.

Ал 2022 жыл бойынша 7 маман құжат тапсырып, 6 маман бюджеттік несие алды. Олар білім беру және ветеринария саласына қызметке тұрған. Бүгінде 5 мұғалім және 1 мал дәрігері Ақкемер, Жұрын, Қайыңды, Талдысай, Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округтерінің тұрғындарына қызмет көрсетуде, — деді ол.

2022 жылы жалпы саны 20 жас маманды ауылдық жерлерге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бүгінде олардың 8-і көтерме жәрдемақыларын алған. Ал қалғандары алдағы уақытта алуды жоспарлап отыр.

Көтерме жәрдемақының көлемі АЕК бойынша есептеледі және 100 АЕКтен аспауы қажет. Бүгінде көтерме жәрдемақы алған 2 маман Батпақкөл ауылдық округінде, 4 маман Ақкемер ауылдық округінде, 2 маман Қайыңды ауылдық округінде қызмет жасауда. Ал бюджеттік несие алуға 4 маман ниеттеніп отыр. Қазір олар құжаттарын тапсырып қойды. Мамандарға берілетін жеңілдетілген бюджеттік несиенің көлімі 1500 айлық есептік көрсеткіштен аспауы қажет. Тағы бір айта кететін жайт, осы уақытқа дейін аталған несие беруді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ жүргізген еді. Енді несиелендіру «Отбасы» банкіне ауысуына байланысты аталған банк арқылы жүргізіледі, — деді Ғайният Асқаров.

Жас мамандар не дейді?..

Ерхан ЕСЕЕВ, жас маман:

Биылғы оқу жылында Ақкемер ауылында орта мектепке «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастым. Бүгінде тарих пәнінен сабақ беріп жүрмін. Оқушылармен жұмыс жасаған маған қатты ұнайды. Бүгінгідей интернет дамыған заманда оқушыларды таң қалдыру оңай емес. Дегенмен, түрлі методиканы пайдалана отырып, жоғары оқу орнында алған білімімді қолданып, ізденіп, сабағымды қызықты етіп өткізуге тырысамын. Ұстаздық қызмет өзіме қатты ұнайды. Бүгінде мемлекет тарапынан педагог мәртебесін көтеруге бағытталған нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мұғалімдердің еңбекақысы да жақсы. Бағдарлама аясында біржолғы көтерме жәрдемақымды да алдым. Жұмысыма көңілім толады.

Шынар ЖАҚСЫЛЫҚ, жас маман:

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы жастарға таптырмайтын мүмкіндік. Менің де аталған бағдарлама аясында Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Саға ауылындағы «Мөлдір» бөбекжай бақшасында еңбек етіп жүргеніме 2 жылға жуық уақыт болды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін тәмамдадым. Алғашында тәрбиеші болып бастадым. Бүгінде әдіскер болып жасаймын. Балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Әр баланың тілін тауып, ауыл балаларын жан-жақты қылып тәрбиелеу — біздің алдымызға қойған үлкен мақсат. Жұмысыма аса жауапкершілікпен қараймын. Қандай жұмыс болмасын бәрінің өз қиындығы бар. Дегенмен жұмысым өзіме ұнайды.

Айдана БИМУРЗАЕВА, жас маман:

Бүгінде қолында дипломы бар жастардың жұмысқа тұруы өте қиын. Себебі көп жерде жұмыс беруші еңбек өтіліңді сұрайды. Осы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы біз секілді жас мамандардың еңбекке араласуына жағдай жасап отыр. Бірнеше жылдан бері аталған бағдарлама аясында ауылға қаншама жастар тартылып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосып келеді. Мен де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін тарих пәні бойынша білім алып, бакалавр және магистр дәрежесін алып, қазіргі таңда Қайыңды ауылындағы жалпы білім беретін орта мектепте тарих пәнінен сабақ беріп жүрмін. Осы айда ғана 345 000 теңге көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақыға ие болдым. Бұл мен үшін үлкен көмек болды. Сондай-ақ жұмысқа деген ынтамыздың артуына да өз септігін тигізеді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ЖАС СПОРТШЫМЕН КЕЗДЕСУ

admin_mugalzhar

АУҒАННЫҢ АСУЫНДА ОТ КЕШКЕНДЕРДІ ЕСКЕ АЛДЫ

admin_mugalzhar

АУЫР ЖҮК КӨЛІКТЕРІ ЖОЛДЫҢ ЖАУЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.