Ақтөбеде «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының ХІХ маусымының салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірдің жастар бірлестіктерінің, жастар ресурстық орталықтарының, жоғары оқу орындарының өкілдері, «Жасыл ел» еңбек жасағының жауынгерлері қатысты.
Ақтөбе облысы мәслихатының төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева облысының әкімі Ералы Тоғжановтың атынан құттықтау хатын жеткізді.
«Жасыл ел» еліміздің жастарының экологиялық дүниетанымын, мәдениетін, табиғат пен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыратын табысты қозғалысына айналды.
Біздің өңірімізде 18 жыл ішінде жоба аясында 60 мың бала қамтылды, олар 900 мың көшет отырғызып, 2520 гектар саябақтар, скверлер көгалдандырылды. Сонымен қатар жас жауынгерлеріміз нақты белгіленген жұмысымен қоса, кең ауқымды экологиялық акциялар мен сенбіліктерге, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысады. 2022 жылы облыстық штаб «Үздік республикалық штаб» атағын жеңіп алды. Үстіміздегі жылдың еңбек маусымында 2 мыңнан астам жас жұмысқа орналасады. Біз жастарды қолдау бағытында барлық жағдайды жасаймыз», – делінген өңір басшысының еңбек жасағының жауынгерлеріне жолдаған үндеуінде.
Тағы бір айта кететін жайт, ағымдағы жылы Е.Тоғжановтың тапсырмасы бойынша жауынгерлердің жалақысы ұлғайтылды. Биылдан бастап әр жауынгер айына 120 мың теңгеден астам жалақы алады, сондай-ақ олар тек жаз мезгілінде ғана емес, жыл соңына дейін де жұмыс істей алады. Оларды жұмыс орындарына дейін тасымалдау мәселесі шешілді: бұған дейін бұл мәселе облыс әкімімен кездесу барысында айтылған болатын. Ынталандыру мақсатында елордаға еңбек жасақтарының үздік деп танылған мүшелерінің үш күндік сапарына жолдамалар саны артты.
Іс-шара аясында жергілікті шығармашылық ұжымдардың қатысуымен эко-эстафета, флешмоб, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Д.АЙДАР.