ӘРБІР ЖУРНАЛИСТІҢ АҚПАРАТ АЛАТЫН «ӨЗ АДАМДАРЫ» БОЛАДЫ. ОЛ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕЛЕРГЕ ДЕ ҚАТЫСТЫ. СҰРАҒАН МӘЛІМЕТ ПЕН РЕСМИ АҚПАРАТТЫ ТЕЗ ӘРІ ТОЛЫҚҚАНДЫ БЕРЕТІН БІРҚАТАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АУДАНДЫҚ БАСЫЛЫМНЫҢ ТІЛШІЛЕРІМЕН ТЫҒЫЗ ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫСТА. ӘРИНЕ, СҰРАҒЫМЫЗҒА ЖАУАП БЕРМЕЙ, ТЕЛЕФОН СОҚСАҚ КӨТЕРМЕЙ, ІЗДЕП БАРСАҢ ҰСТАТПАЙ, ӘЛЕККЕ САЛАТЫНДАР ДА ЖОҚ ЕМЕС. СОЛ СЕБЕПТІ МЕРЕКЕЛЕРІ ҚАРСАҢЫНДА ГАЗЕТПЕН ТЫҒЫЗ ЖҰМЫСТЫҢ ТҮК ТЕ «ҚОРҚЫНЫШТЫ ЕМЕС» ЕКЕНІН, МӘЛІМЕТ БЕРУ ҮШІН УАҚЫТ СОЗУДЫ ҚАЖЕТ ДЕП ТАППАЙТЫН ӨЗ ІСІНІҢ МАМАНДАРЫН СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ…
Сағашилі ауылдық округі әкімдігінде қызмет ететін Күнсұлу Есенғожинаны көпшілік Айсұлу деп біледі. Оның өз жұмысына деген жауапкершілігі бәріміз үшін үлгі. Себебі округке қатысты ақпарат қажет болса, Айсұлу апайға хабарласып, кез келген сұрақтың жауабын дер кезінде аламыз. Мереке қарсаңында газетпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын Айсұлу Есенғожина туралы жазуды жөн көрдік.
Әңгіменің басында Айсұлу Есенғожинадан құжаттағы есімінің неге Күнсұлу екенін сұрадық. Ол жымиып, өзінің азан шақырып қойған атының Айсұлу екенін айтып, атының қалай өзгеріске ұшыраған естелігімен бөлісті.
Мен Басшилі ауылында дүниеге келіп, сол жерде туып-өстім. Атымды бас кезінде азан шақырып, «Айсұлу» деп қойған. Әкем құжат тапсыруға барғанда атымды ауызша АХАЖ қызметкерлеріне «Айсұлу» айтып кеткен екен. Олар куәлігімді толтыру кезінде атымды ұмытып, әйтеуір «сұлуы бар еді» деп, «Күнсұлу» етіп жазып жіберіпті. Ол заманның өзі де, адамдары да басқаша еді ғой. Тым қарапайым болатын. Хабарласып біле қоятын байланыс құра лы да жоқ. Солай құжатта «Күнсұлуға» айналдым. Бірақ мені ешкім ол атпен атамайды. Елдің бәрі Айсұлу деп таниды, — деп күлді.
Кейіпкеріміз Басшилі ауылындағы мектепті аяқтап, Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы университетке оқуға түседі. Ол жерде экономист мамандығын бойынша оқып, жоғары білім алып шыққан.
—Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет. Сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болу абзал екенін түсіндім. Елдің сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс екенін тереңірек сезінемін, — дейді Айсұлу Сүндетқызы.
Биыл мемлекеттік қызметте жүргеніне 22 жыл болған ол осы жылдар ішінде 9 әкіммен қызметтес болған. Ауылдың дамуымен, өркендеуінің әр сатысын көзімен көріп, басынан өткеріп келеді. Округте тұратын тұрғындардың да тұрмыс-тіршілігінен хабардар.
— Осы жерде қызмет атқара жүріп, 9 әкіммен жұмыс жасаппын. Әр адам әртүрлі. Бірақ барлығымен де етене жақын жұмыс жасап, тіл табыса білдім. Арамызда ешқандай түсінбеушілік болмапты. Оның себебі қызметімді жақсы көргендігімнен болар. Мемлекеттік қызметші – қоғам мен билік арасындағы дәнекер. Бұқарамен байланыс орнатып, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін мемлекеттік қызметкердің жұмысы жеңіл деп ойлайтындар көп. Бірақ қоғаммен тығыз байланысты жұмыс жасау оңай емес. Оны тек осы салада жүргендер ғана түсінеді, біледі, сезеді. Алайда «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз бар емес пе, бізде болмаса да, басқа өңірлерде біздің салаға сын келтіріп жатқандарды көріп, іштей қынжыласың. Осы салаға келіп, енді қызмет ете бастағандарға «сіз» деп сыпайылық білдіріп, жылы шырай таныту қажет екенін айтқым келеді. Күрмеуі күрделі істің мән-жайына әбден қанығып, кіре білсеңіз, шешімі табылары сөзсіз. Сондықтан сыпайылық сақтап, әдемі сөз сөйлеу мемлекеттік қызметшінің имиджін көтереді. Мемлекеттік қызметші өз этикасын үнемі көрсетіп жүруі қажет, — дейді ол.
Қазіргі таңда кейіпкеріміз өмірлік жолдасы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеген аяулы ата-ана. Балаларынан екі немере көріп, қызықтап отырған ардақты ата-әже.