«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ГАЗЕТТІ ДОС ҚЫЛҒАН ОҚЫРМАН

Талдысайлық Гүлмира Қалиеваны біздің газетті үзбей оқитын оқырман міндетті түрде таниды. Себебі өзі тұрақты әрі белсенді оқырман болуымен қатар, мақала да жариялап, газет тынысына үлес қосып жүрген жан. “Менің “Мұғалжар” газетімен тылсым байланысым бар тәрізді», — дейді ол өз сұхбатында. Себебі балалық шағы туралы естелігі де, өзі және отбасы туралы мақалалары мен түрлі тақырып бойынша ой-пікірлері газет беттеріне басылыпты. Онысын мақтаныш санайды өзі. Бүгінгі БАҚ өкілдерінің мерекесіне арналған газетімізде жарияланған тұрақты оқырмандар легін әрине, Гүлмира Мыңтұрғанқызынан бастадық.

“Мұғалжар” редакциясына үзбей хабарласып, газетте жарияланған әр байқау мен жобаға белсенді қатысып отыратын Гүлмира Мыңтұрғанқызының үлкенді де, кішіні де баурап алатын өзіне тән ерекше қасиеті бар. Содан болар, Гүлмира апай хабарласса, мәз боламыз. Өз арамызда «штаттан тыс тілшіміз» деп әзілдейтініміз де бар. Бұл оқырманымыздың біздің газетпен дос болғанына 30 жылдан асыпты.

Мен Әйтеке би өңірінен болғаннан кейін, балғын балалық шағым, сол шағын ауылда өтті. Кішкентай күнімнен кітап оқуға ерекше құмар болдым. Ауылдағы ескі кітапқа толған кітапхананың кітабын тауысып, көрші ауылға кітап үшін баратын едім. Әкем түн бата жарықтарды өшіріп, “ұйқыға жатыңдар” деп кетсе де, мен терезеден түскен жары қпен кітапты оқып, бітіретін едім, — дейді кітапқұмар Гүлмира апай. Осылайша түннің жарығымен кітапты телміре оқығаннан көзінің көру қабілеті де нашарлапты.

Бала күнімде поштаның машинасын сондай күтетін едім. Әкем де, анам да газет пен кітап оқудан алдарына жан салмайтын еді. Анам бала күтімімен үйде отырса да, сауатын арттырудан бір жалықпайтын. Ал әкем ауыл әкімі қызметінде бола жүріп, кітап-газет оқу-ға уақыт табатын. Әлі күнге дейін газеттің әр парағын байыппен саралап, “імм… дұрыс-дұрыс” деп басын изеп отыратын көрінісі көз алдымда. Жалпы, кі-тап бөлек әлем болса, газеттің әлемі тым басқа. Онда жаңалықтар, пайдалы кеңестер көп жазылады. Мен осы ауданға 1990 жылдары келін болып түстім. Сол уақыттан бастап “Мұғалжар” газеті менің досыма айналды. Бір саны келмей қалған кезі болған емес. Өзім жазылғаныммен қоймай, жолдасымды да қоса жаздыратынмын, — дейді біздің тұрақты оқырман. Сол кезден бастап жаңа түскен келін бұл жақтың тынысын газет арқылы бақылап отырады екен. Қазірдің өзінде білім саласы, денсаулық, облыстың жаңалықтары, саяси ахуал, жалпы соңғы деген жаңалықтың бәрін газеттен оқып, керек жерін түртіп алатынын айтты.

Бертін келе 2008 жылдары мәдениет үйінің қызметкері болып орналастым. Қызметте болғаннан кейін ол жерде болып жатқан жаңалықтар мен ақпараттарды жариялап отыратын болдым. Өзімнің шыққан ақпараттарым мен мақалаларымды қиып, сақтап қоятынмын. Олар менің қолымда әлі күнге дейін сақтаулы. Құдды бір жәдігерімдей көремін, — деген Гүлмира Мыңтұрғанқызы газетіміз жариялаған әр байқауды бақылап, қатысудың реті келсе, қатысып отыратынын да тілге тиек етті.

Әлі есімде, редакцияға арнайы келіп мақала тапсыратынмын. Ол кезде Ізгілік Тағанова, Нұргүл Қалиева тәрізді тілшілер болатын. Мақалам кейде жарияланып, кейде басылымға басылмай қалса, барып себебін сұрайтынмын, басқаша жазып, қайта беретінмін. Осылайша жергілікті БАҚ өкілдерімен тұрақты байланыс орнады. «Мұғалжар» газетінің әлеуметтік желідегі жұмысына да толық көңілім толып отырады. Алайда, желіден оқығаннан гөрі газет бетінен оқығанның жөні бөлек. Газеттен мақала оқылымды әрі түсінікті болып келеді. Өткен жылы болуы керек, “Қозы Көрпеш-Баян Сұлу” күніне орай мақала әзірлеп жатқанын хабардар етіп, бір тілші хабарласқан еді. Отау құрғанына 30 жыл болған отбасын іздеп жатыр екен. Сол уақытта біздің отағасымен отау құрғанымызға 30 жыл еді. Көпшілігі бізді нұсқаса керек, сонымен “махаббат дастанымызды” басылымға шығарды. Бір қызығы, тұла бойым тұңғышым да келініммен отасқанына 10 жыл толған еді. Оларға да хабарласыпты. Сөйтіп балам мен келінімнің 10 жылдығы мен біздің 30 жылдағымыз бір бетке шығыпты. Қатты қуанып, әдемі естелік деп сақтап қойдым, — осылайша әдемі естелігімен бөліскен бүгінгі біздің оқырман-кейіпкеріміз “бұл газет мен үшін де, ұрпағым үшін де үлкен тарих болмақ” деді. Өйткені әкесі туралы да газет бетінде керемет естелік қалдырғанын өзі үшін үлкен бақыт санайды. Өткен жылы “Балалық шақтан естелік” атты айдарымызға өз ауданына танымал Мыңтұрған атайдың есімін Мұғалжар ауданына да таныстырып, жүрген жолы мен жемісті қызметін жазған еді.

Газет пен оқырманның арасындағы байланыс осындайақ болса екен дейміз. Шыны керек, қазіргі уақытта газеттің бетін парақтап отыратын оқырманның қатары аз. Баспаға басылатын газетке емес, ұялы телефондағы қызыл-жасыл қызыққа құмар. Әйтсе де, Гүлмира Қалиевадай оқырмандар барда, біз де текке тер төгіп жүрмегенімізді білеміз…

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

АТА-АНАМНЫҢ ҚОЛДАУЫ ҚАНАТ БІТІРДІ

admin_mugalzhar

АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ТЕХНИКАЛАРЫ САТЫП АЛЫНДЫ

admin_mugalzhar

Елімізде Сот әкімшілігі пайда болады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.