«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АТА ЖОЛЫН ЖАЛҒАП ЖҮР…

Теміржол десе, көз алдымызға бірден пойыз немесе вокзал келеді. Ал сол салада біз білмейтін қаншама жұмыс пен мамандық иелері жетерлік. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Қандыағаш қаласындағы теміржол саласы бойынша 17 мекеме жұмысшыларының тіршілігі темір жол саласымен біте қайнасқан. 6 тамыз — Теміржолшы күніне арналған газетіміздің айқара бетіне кейіпкер іздеп, теміржол бойына біз де бардық. Қандыағаш қаласындағы Локоматив пайдалану депосында нұсқаушы машинист болып жұмыс жасайтын Амангелді Жақсыбаев теміржолшылар әулетінен екен.

18 жыл еңбек өтілі бар Амангелді Атырауұлы Қандыағаш қаласының тұрғыны. Ол қазіргі таңда Локоматив пайдалану депосында нұсқаушы машинист болып еңбек етеді. Кейіпкеріміз бұл салаға ата мен әке жолын жалғастырып келіпті.

Атам Жангелді бұл саладағы жұмысын паровозда от жағушылықтан бастап, машинист көмекшісіне дейін көтерілген екен. Осы саладан зейнетке шығып, 1964 жылы 77 жасында өмірден озды. Әкемнің ағасы Тама паровоз машинисі бола жүріп, 1948 жылы «Шұбар-Сағыз» учаскесінде пойыз апаты болып, сол жерде өмірден өтті. Ал әкем Атырау Локомотив пайдалану депосында көмек-ші қызметінен машинист қызметіне дейін көтеріліп, осы саладан зейнетке шығып, 2005 жылы өмірден өтті, — деген Амангелді Жақсыбаев өзінің алты бауырының да әке жолын жалғап, теміржол бойында жұмыс жасайтынын жеткізді.

Қарындасым Алмагүл 16 жылдан бері жанармай қоймасында жанармай құю операторы, одан кейінгі інім Аманжол Қандыағаш вагон депосында вагон қараушы болса, тағы бір қарындасым Нұргүл Астана қаласындағы КТЖ департаментінде қызметте. Ең кіші қарындасым Айгерім Қандыағаш станциясында теміржол паркі бойынша кезекші болса, үйдің кенжесі Әбубәкір теміржол саласы бойынша жеке кәсіпкер.

Теміржолшылар арасындағы игі дәстүр Жақсыбаевтар отбасын да айналып өткен емес. Бүкіл ұрпақтың бір салада бір мамандық бойынша жұмыс істеуі дәстүрге айналғандай. Амангелді Атырауұлының жолдасы да осы салада. Келіншегі Айнұр Қандыағаш вокзалында диктор болып жасайды. Ал ұлы Ахмет теміржол колледжінде 3 курсты тәмамдап жатса, қызы Аруна 7-сынып оқушысы.

Теміржолда 18 жыл еңбек еткен Амангелді ағамыз осы мамандықтың жілігін шағып, майын ішкен десек те болады. 2005 жылға дейін әр түрлі салада өзін сынап, жеке шаруашылықта да еңбек еткенімен, барлығын тастап, өзі бітірген теміржол мамандығына бет бұрады. Сол жылдан бастап көмекші болып жұмысқа орналасады, 2007 жылы машинист қызметіне көтеріледі. 9 жыл машинист болып, 2016 жылы қазіргі қызметі, яғни нұсқаушы машинист қызметіне ауысқан.

Әкем бізді төзімділікке үйретті. Қазір қандай жетістікке жетіп жүрсек, соның жемісі . Осы депоға келіп, жұмысқа орналасқанда жас жігіт едім. Білуге , үйренуге бейім болдық . Тәжіри — белі аға буынның әңгімесін ұйып тыңдайтынбыз. Жұмыстың қыры мен сырына қанықтық, — дейді теміржолшы. Балалық шағы шойын жолдың бойында өткен кейіпкеріміздің құлағына тепловоздың дауысы, темір доңғалақтардың гүрсілі әбден сіңіп кеткен.

— Бала кезден осы маңайда ойнап жүріп өстік. Пойыздардың зулаған көрінісі мәңгілікке жатталып қалды. Тағдырымызды теміржолдан бөліп қарау мүмкін еместей көрінетін. Солай болып шықты да. Басқа салаларға бет бұрсам да, түбінде қайтадан осында оралдым. Тәжірибелі мамандардан оқып, тәлімтәрбие алдық. Бүгінде сол кісілерден білгенімді жастарға үйретіп, солардың маман ретінде өсіп-өнгеніне барынша атсалысудамын.

Сан мыңдаған адамдар мен тонналаған жүктердің діттеген жеріне аман-есен, басы бүтін жетуі осы саланың қызметкерлеріне тікелей байланысты. Күннің аптап ыстығында да, қыстың қытымыр аязында да бұл жандарды жұмыс орындарынан табуға болады.

Бұл мамандық иелеріне артылған сенім жоғары. Олар пойыз қозғалысы қауіпсіздігінің сақталуына бірден-бір жауапты тұлға. Яғни, қауіпсіздікті сақтау – басты міндет. Атқарылған жұмыстарды сағат сайын саралап, жіберілген кемшіліктердің қайталанбауы үшін сақтық шараларын ұдайы жүргізіп, машинистердің кәсіби шеберлігін көтеру бағытында түрлі шараларды ұйымдастырып отырады. Қыс, жаз айларында күрделі ауа райы жағдайында кездесіп қалатын қиын жағдайларға үнемі дайын болуды, сын сағатта дұрыс шешім қабылдай білу жолдарын айтып отырады.

Арнайы график арқылы жұмыс жасаймыз. Қарамағымда 25 машинист, 25 көмекшім бар. Қауіпсіздікті сақтау, қателіктер болдырмау үшін жұмыстанамыз. Қазір жаңа технология, соған сай жаңа тепловоздар бар. Соларды үнемі қарап, бақылап отырамыз. Жастарға үйретеміз, сабақ береміз. Жұмыстарына бірге шығып, жолсапарларына бірге барып-келіп, жол бойы білмегендерін үйретіп, түсіндіріп, бақылаймыз, — дейді ол. — Қазіргі жастар мықты, білімдері жоғары. Бірден айтқанды ұғып, түсінеді. Дегенмен бізге еріп жүре алмай, жұмыстың қиындығынан қорқатындар да бар, әрине. Бұл жұмыста тек мықтылары ғана қалады.

Апатты жағдайдың алдын алып, жауапты кезекші диспетчерлерге дереу хабар беретіндер де осы машинистер. Теміржолдағы жағдайдың кешегіден көш ілгері екенін айтқан Амангелді Жақсыбаев жұмыстың көптігінен де, қиындығынан да қашпайтынын жеткізді.

Қазір теміржолдың жағдайы әлдеқайда жақсы. Жалақымыз да еңбегімізге сай. Жүк тасымалы көп, 16 сағат демалып, жұмысқа қайта шығатын кездеріміз басым. Бұрынғыдай 3-4 күн демалу аз. Бізге де бұл жақсы. Жұмыс жүрсе, қуанамыз, — дейді Амангелді Атырауұлы.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

ҚАЗАҚСТАН АРМИЯСЫ ӘСКЕРИ КҮШІ ЖАҒЫНАН РЕЙТИНГТЕ ҚАЙ ОРЫНДА ТҰР?

admin_mugalzhar

ЖОСПАР: 281 500 ШӨП ШАБУ

admin_mugalzhar

МОБИЛДІ АУДАРЫМДАР ТУРАЛЫ ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.